"Қоңыр дауысты қаламгер"

Бүгін  Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми кітапханасында аймақтың БАҚ саласына елеулі еңбегі сіңген, қарымды журналист, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, марқұм Бақтыбай Бердібаев туралы "Қоңыр дауысты қаламгер" атты естелік туындының тұсауы кесілді. Мазмұнды шараға өңірдің белгілі ақын-жазушылары, облыстық "Сыр бойы" газетінің журналистері, ардагерлері, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің оқытушылары, белгілі ғалымдар Шанжархан Бекмағанбетов, Алдажар Әбілов бастаған зиялы қауым, БАҚ өкілдері, ЖОО студенттері қатысты.

Шараның тізгінін ұстаған Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Алдажар Әбілов қарымды журналист Бақтыбай Смайылұлының өмір жолынан өнегелі естеліктер айтып, адал қызметі мен азаматтық болмысын биік бағалады. Әсіресе, ҚазМУ-дің қабырғасында жүрген студеттік  шақтың ерекше естеліктерін тартымды әңгімелеп берді. Бұдан әрі Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің доценті филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағанбетов, "Сыр бойы" газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, ардагер журналистер Жұматәлі Әбдіраман,  Бейбітбек Бүркітбайұлы, ұзақ жыл бірге қызметтес болған  Ыдырыс Тәжіұлы ағамыз, Б.Бердібаевтың туыстары, сыныптастары естеліктер айтып, "Сыр толқыны" радиохабары арқылы қоңыр дауысымен халыққа танылған  талантты диктор, қарымды қаламгердің мәнді де мағыналы өмір сүріп, кейінгі ұрпаққа мұра болар рухани азық қалдырғанын айтты. Белгілі жырау, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов жиылған көпті жырмен сусындатты. Осылайша, Ертай Айғалиұлы ағамыз айтқандай, "Сыр елінің Байжанбаевы" Бақтыбай Бердібаевтың өмірі мен шығармашылығы қамтылған  "Қоңыр дауысты қаламгер" атты жаңа кітап оқырманға жол тартты.

                                                                                                             "СБ" ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қыркүйек 2019 г. 765 0