Су тапшылығы – әлемдік мәселе

Кеше облыс әкімдігі мен Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің ұйымдастыруымен облыс орталығында «Өмір көзі – суды тұрақты пайдалану» тақырыбында конференция өтті.
Шетелдік сарапшылар, үкі­меттік емес ұйым өкілдері, университет профессорлары, су мамандары қатысқан бұл шарада жалпы су ресурсын сақтау, Арал теңізінің эко­логиялық жағдайын қалпына келтіру жайы талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Б.Намаев шетелдіктерге Сыр елінің тыныс-тіршілігі жайынан ақпарат беріп, конференцияда көтерілген мәселе тек теңіз жағасындағы елді ғана емес, әлем назарын аударған ауқымды тақырып екенін атап айтты.
– Бүгінгі шараның тақы­рыбы ауқымды әрі әлемдік мәселені көтеріп отыр. Конференцияда  Арал теңізінің экологиялық жағдайын шешуге бірлесе шешім қабылдауға және экология мәселесін «жасыл экономиканы» дамыту арқылы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде нақты ұсы­ныстар мен нәтиже болады деген үміттемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетелік, Конрад Аденауэр атындағы қор елімізде он нақты бағыт бойынша қызмет атқарады. Соның бірі – су ресурсы мәселесі.
– Су ресурсы әлемдік маңызға ие. Су тапшылығы, эко­логиялық мәселелер, Қа­зақ­станның Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау мақ­са­тында қабылдаған шешімі мен атқарылып жатқан жұ­мыс­тар, баламалы энергия көз­дерін дамыту бүгінгі талқылау жұмысына арқау болуда. Шетелдік сарапшылар өз пікірлерін ортаға салды, – деді қордың еліміздегі өкілі Томас Хельм.
Конференцияда Германия мем­лекетінің Айхштетт-Ингольштадт университетінің ғы­лыми қызметкері Магдалена Лауерман, Гонконгтегі «China Water Risk» қорының су мәселелері бойынша кеңес­шісі Фенг Ху өз пікір­лері­мен бөлісті. Сондай-ақ Арал теңізінің бүгінгі жайы, атқарылып жатқан жұмыстар барысы бойынша облыстық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу бас­қармасы басшысының орынбасары Б.Шәменов хабарлама жасады.
Шараның екінші күні Арал теңізінің жағасында жалғасын таппақ.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қыркүйек 2019 г. 310 0