Тіл үйретуде артықшылық бар

Соңғы жылдары жекеменшік мектепті құп көретін ата-ана қатары артқан. Айтуларынша, мұнда да мұғалім кәдімгі стандартқа сай оқу бағдарламасымен сабақ өтеді. Білімді тек теория жүзінде ғана емес, тәжірибемен ұштас­тыруға көбірек мән беріледі. Бастысы – тіл үйрену мәселесінде артықшылық бар. Бұған біз де көз жеткіздік. Қалай дерсіз? Қарапайым мысал ретінде жаңадан ашылған «Арай» бастауыш мектебін алдық.

Байқағанымыздай, жаңа мектеп жаңа оқу жылына ерекше дайындалған. Мұнда алаңсыз білім алуға қажеттінің барлығы бар. Сыныптар интерактивті тақтамен жабдықталған. Информатика кабинеті қарастырылған. Мектеп меңгерушісі, кәсіпкер Аманкүл Үмбетовамен тілдескенімізде, білім ошағы 150 балаға шақталғанын, бұған мектепалды даярлық сыныптары да кіретінін айтты.

– Басты ерекшелік, түске дейін оқу мемлекеттік мектептердегідей жаңартылған бағдарламамен жүреді, түстен кейін қосымша жетілдіру үшін ағылшын, орыс тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады. Күн сайын үй тапсырмасын оқушы мектепте орындайды. Хореография, домбыра, шахмат үйірмелері де жұмыс жүргізеді. Оқушы үш мезгіл тамақтанады. Барлығына  қолайлы график жасалған. Әр сыныпта оқушы саны он сегізден аспайды. Себебі, көп бала болған жерде оқытушының айтқанын бірі түсініп, бірі түсінбеуі мүмкін. Бұл – бала игілігі үшін. Ата-­аналар да осыны ескеріп, бізге балаларын әкеліп тапсыруда. Әзірге 70 бала бар. Айына бір оқушыға 30-35 мың шамасында төленеді, – деді Аманкүл Әбішқызы.

Әңгіме барысында кәсіпкердің білім саласында 35 жылға жуық тәжірибесі барын білдік. Бұған дейін ол қаладағы бірқатар мектептерде, Макаренко атындағы балалар үйінде бастауыш сынып мұғалімі қыз­метін атқарған. Кейін кәсіпкерлікке бет бұрған. Аманкүл Үмбетова жеке ісін де осы білім саласымен байланыстырды. Мемлекеттен еш көмек алмай, қаладағы жеке мектеп санын тағы біреуге арттырды. Ол бәсекелестік ортаны қалыптас­тырып, білім берудің мазмұнын байытады деген сенімде.

Иә, расында қазір қалада бірнеше ақылы мектеп бар. Бұл жекеменшік балабақша ашып, тәжірибе жинаған сырбойы­лықтардың  жекеменшік мектеп құруда да белсенді екендігін көрсетеді.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қыркүйек 2019 г. 146 0