Үйден басталып, үлкен іске ұласты

Соңғы жылдары елімізде кәсіпкерліктің көзін тапқандар қатары артып келеді. Әркім қолынан келген тірлігін істеп бағуда. Бұл тұрғыда  мемлекет те ісімді өрбітемін дегендерге көмек беруде аянып жатқан жоқ. Бар болғаны ашатын кәсібіңнің нобайын сызып, жобасын әзірле, кейде оны да арнайы кәсіпкерлік орталықтар дайындауға бағыт-бағдар береді. Тек сіздің тараптан еңбектенуге талпыныс пен ниет болса жетіп жатыр.

 Жалағашта талапты жандарға арнайы «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағы құрылған. Кенттің батыс бөлігінен 22 гектар жер телімі кәсіпкерлерлік нысандар үшін бөлінген. Аймақ инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылып отыр. Су, жарық, газ, жол түгелдей жүргізілген. Бүгінде жер телімінің 12,7 гектары кәсіпкерлерге табысталыпты. Биыл мұнда 17 жобаны іске асыру жоспарланса, оның 7-уі іске қосылған. Соның бірі – «Аладдин» атты кілем жуатын цех. Осындай аймақтан жер алып, тіршілігін түлеткен Еркебұлан Көптілеуов осы цехтың иесі. Ол әуелде ауласында кілем жуумен айналысады. Келе-келе бұл кәсібінің аясын кеңейту мақсатында өткен жылы «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы несие алады.

–  Біз секілді шағын және орта бизнес­ке бет бұрғандарға бұлай қолдау көрсету шын мәнінде үлкен көмек. 4 млн теңге қаржы алып, цехқа қажетті түрік құрылғыларын сатып алдым. Бұрын кілемді қолмен ысқылап жуатын болсақ, қазір арнайы құрылғымен тазалап, кептіріп беру мүмкіндігіне иеміз. Осы кәсіппен айналысқаныма үш жыл болды. Халықтың сұранысы жоғары, – дейді жас кәсіпкер.

Расымен, біз барғанның өзінде бірнеше адамнан қоңырау түсіп, тапсырыс қабылданып жатты.  Цехтың алдында жайылып тұрған түрлі кілемнен көз сүрінеді. Осыдан-ақ, бұл жерде сапалы қызметтің көрсетілетіндігін аңғару қиын емес. Күніне 15-20 кілем жуылатын көрінеді. Бағасы да қолжетімді, қалта көтеретіндей. Шаршы метрі 200 теңгеден. Жас кәсіпкер осы кәсібі арқылы 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сөзіміздің басында кәсіпкерлер қатарының көбейіп жатқандығын айтқан болатынбыз. “Серпін” аймағынан жер алып, кәсіп бастағандардың енді бірі – Мейірбек Әміров. Ол – темірден түйін түйген азамат. Қолынан келмейтіні жоқ. 2008 жылдан бастап темір бұйымдарын қайта жөндеумен айналысады. Алғашқы жұмыстарын үй жағдайында жасаған. Мемлекеттік бағдарламаларды естіген соң, алға қойған мақсатын іске асыруға кіріседі.

Осылайша, кәсіпкер «СержанГазСтрой» ЖШС-н құрып, металл өндейтін цех жұмысын бастайды. Онда кәсіпкер жекеленген токарьлық және фрезерлік жұмыстар – гофрлеу, жону, тегістеу, бұрау ісін атқарады. Темір бұйымдары және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехын іске қосу үшін өткен жылы «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы арқылы 10 миллион теңге көлемінде шағын несие алса, кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1,5 миллион теңге грант ұтып алады.

– Мемлекеттің қолдауы үлкен мүмкіндіктерге жол ашуда. Осы кәсіпті қолға алғаныма он жылдан асты. Тапсырыс енді-енді түсіп жатыр. Қарамағымда 3 адам жұмыс жасайды. Әлде де кәсіби білікті мамандар қажет, – деді кәсіпкер М.Әміров.

Әңгіме барысында мамандар жетіспеу­шілігін айтқан кәсіпкерге жастарды оқыту жағы қалай деп сұрастырдық. 

– Оқытуға болады, алайда, үйреніп алған соң көбі кетіп қалады. Еңбегің зая кетеді. Әзірге қабілетті, темір бұйымдарын жасаудан хабары бар мамандар болса, – дейді ол.

Темірден түйін түйген Мейірбек алдағы уақытта темір бұйымдарын өңдеуде түрлі жұмыс жасап, халықтың қажеттілігін өтемек.

Жалпы қос бірдей азаматтың үйден бастаған кәсіптері дөңгеленіп, берекелі іске ұласуда.


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қыркүйек 2019 г. 184 0