Бір реттік акция: Жеңілдік кімге тиесілі?

Қыркүйек айы басталғалы еліміздің екінші деңгейлі банктері мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының алды ығы-жығы адамға толы.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 маусымдағы Жарлығы өз күшіне енген сәттен бірқатар қазақстандықтардың несиесі мемлекет тарапынан өтелуде. Бұл процесс дәл қазір қызу жүріп жатыр. Көпшіліктің көкейінде «кімдердің несиесі толығымен төленеді» деген сауал тұрғаны мәлім.

Бұл ретте әлі де халық арасында алыпқашпа әңгіме мен түсінбестік туғызатын мәселелер бар. Айталық, егер сіз белгіленген 5 санатқа кіретін болсаңыз, алайда, несиені биылғы жылдың 1 маусымынан кейін рәсімдесеңіз, онда акцияға ешқандай үміт арта алмайсыз. Жұртшылықтың банк  немесе тиісті мекемелердің есігін жағалауының тағы бір себебі – өз мәртебесін анықтай алмауында. Сондай-ақ, «егер осы мекемелерге келіп өтініш жазса, ол адамның несиесі кешіріледі» деген қате түсінік те жоқ емес. Міне, осындай білместік пен қисынсыз әңгіме халық арасында әртүрлі пікірдің туындауына себеп болуда. Сондықтан сала мамандары БАҚ өкілдеріне арнап, арнайы брифинг ұйымдастырды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстағы департамент басшысы Төреахмет Жолымбетов Президент Жарлығына сәйкес несиелерді өтеудің реттілігін түсіндіріп өтті.

– 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен оған есептелетін сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспауы тиіс. Көпбалалы отбасылар, асырау­шысынан айырылғандар, 18 жастан асқан туабітті мүгедек баласы барлар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қарыздары өтеледі. Көрсетілген санаттағы азаматтардың тізімі 2 289 038 адамды құрады. Осы ретте жүк­темесінің азаюына үміт­тенген қазақстандықтар өз­де­рінің мәр­тебесін egov.kz элек­трон­дық үкімет порталынан, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігінің enbek.gov.kz  сай­ты­нан, халыққа қызмет көр­сету орталықтарынан тексеруге болады. Егер көрсетілген санаттарға жатсаңыз, бірақ жалпы тізімде болмасаңыз, 111 бірыңғай нөміріне қоңырау шалуға болады. Мемлекет тарапынан ұйымдастырылған бұл акция бір реттік сипатқа ие. Борыш жүктемесін өтеу олардың несиелік тарихына кері әсерін тигізбейді, яғни, несиесі өтелген азаматтар қаржы ұйымдарының «қара тізіміне» енбейді, – деді департамент басшысы.

«Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы» КЕ АҚ облыстағы филиалының директоры Айдын Қайруллаевтың айтуынша, айтылған 5 санатқа мәртебеңіз сәйкес келмесе, онда табан тоздырып жүгірудің қажеті жоқ. Себебі, барлық іс-әрекет Жарлықта көрсетілген шеңберде ғана жүзеге асырылады. Көпбалалы аналардың ішінде баласының үлкені кәмелет жасқа толып кетсе, бұл жеңілдік оларға тиесілі емес. Алайда, олардың 18 жас­тан асқан баласы жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын болса, онда сол жерден анықтама әкеліп, базаға енгізу керек.

– Бізге келушілердің ара­сында мәселенің мәнісін түсін­бей жүргендер көп. Мысалы, мүгедек бала асырап отырғандардың ішінде кәмелет жасынан асып кеткендер болса, онда несие өтелмейді. Тек туа бітті мүгедектер акцияға іліге алады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар ішінде де жасы 29-ға дейінгі және ол бала 16 жасқа толғанға дейін ата-анасы өмірден өткен жағдайда беріледі. Бұл азаматтар өздерін тізімнен көре алмаса, ҚР Білім және ғылым министрлігіне арызын жазып, ата-анасының қайтыс болғандығын және өзінің туу туралы куәлігінің көшірмесін жолдап, тізімге қосу туралы өтінішін қалдыру керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, асыраушысынан айы­рыл­ған­дардың баласының үл­кені кәмелет жасына толмауы қажет, – деп түсіндірді.

Жалпы, елімізде екін­ші деңгейлі банктерге борыш­керлердің 52 процентінің қарызы толығымен өтелген. Облыстағы 56 600 адамның өсімпұлы мен айыппұлы ешқандай санатқа қарамай кешірілді. Банктерге берешек адамдардың өсімпұлы мен айыппұлы шілденің 30-на дейінгі есеп бойынша 33 млрд теңгені құрады. Ал Қазақстан бойынша 1,2 млн адамды қамтып, оның 70 проценті банк­тер мен микроұйымдардың өз қаржысының есебінен, қалған 30 проценті Ұлттық банктің қаражаты есебінен төленді. Осындай жақсы жаңалықтармен ҚР Ұлттық банкі Қызылорда филиалының директоы Әсет Мұстафин хабардар етті.

– Қазіргі кезде бір адам­ның мойында 3-4 несиеден бар. Ол азаматтардың берешектері 1 маусымға дейін рәсімделсе, жалпы қарыз сомасы 3 миллионнан аспайтын кепілсіз несие болса, онда қай банктен бірінші рәсімдеді, міне, соның 300 мың теңгесі толығымен төленеді. Ал борышкер Жарлық шыққаннан кейін кес­те бойынша өзінің несиесін төлеп қойған жағдайда банк оның ақшасын қайтарып беруде. Жұртшылық арасындағы «банк­тер 300 мыңнан ақша беріп жатыр екен» деген қисынсыз әңгіменің бір ұштығы осыдан шықса керек. Тағы бір ескеретін жағдай, тек екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық банкке тіркеліп, ай сайын өз есебін беріп отырған қаржы ұйымдарынан алынған несиелер өтеледі. Ал «Жылдам несие», «Айлыққа дейін» деген сияқты микроұйымдардағы қарыз есепке кірмейді,– деді.

 Халық қуана қарсы алған бұл бір реттік акцияның көп отбасыға шапағаты тиюде. Қыркүйек айының 18-не дейін жалғасатын шара әлі біраз борышкердің банк алдындағы берешегін өтеуге ықпал ететін болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қыркүйек 2019 г. 50 0