Ашықтық айқын, жариялылық шынайы болғаны абзал

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов өңірдегі әлеуметтік желі белсенділерімен кездесті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында өткен еркін форматтағы жиында көптеген мәселе әңгіме арқауына айналды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәріне ортақ міндет екенін атап көрсеткен болатын. Осы мақсатта облыс­тық партия филиалы азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және түрлі әлеуметтік топтағы өкіл­дермен байланысты жаңа деңгейге көтерді.
Аймақ басшысы желі белсен­ділерімен кездесуінде әлеуметтік мәсе­лелер қозғалып, сұрақтар қойылып, кейбір ұсыныс-пікірлер тиісті орган тарапына ұсынылды. Мысалы, жастар мәселесі, қа­ланы көркейту мен оның тазалығы жайлы қо­ғам белсендісі Болат Нұрқожаев, газдандыру мен шағын көшелердегі жол және тротуар мәсе­лесіне қатысты Ерлан Мұсаев пікір білдірді. Сонымен қатар, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов руханият жайында ойын жеткізсе, Мая Жомарт және Раушан Базарбай мүмкіндігі шектеулі жандар мен қазіргі қоғамдағы  масылдыққа қатысты өз көзқарастарын айтты.
– Бізде бірлесе қи­мыл­дау аз. Мәселе бар ма, ашықтықта болған жөн. Халық пен басқарушы орган арасындағы дәне­кер­лікті басты назарға алып, жұмыс жасауымыз керек. Тұрғындардың ұсы­­ныс-пікірін өз парақ­ша­ларыңызда айтыңыздар, өйткені, олар айтқан сын біз үшін өте маңыз­ды. Өздеріңіз білесіздер, ат­қа­рылған жұмысты бағалайтын халық. Біздің тараптан кеткен қателік болса, онда осындай кездесулерде жиі қозғап тұрыңыздар. Сонымен бірге, сіздерге де жасалып жатқан жұ­мыс­тарды елге көрсетсе деген ұсыныс бар. Осылай тізе қосып, қи­мыл­­дауымыз керек, – деді облыс әкімі.
Кездесуде бірқатар желі қолда­ну­шылары тарапынан «Қайсар» фут­бол клубының бүгінгі ахуалы, қала ішіне аяқ су тарту, кәсіпкерлікті қолдау, сонымен бірге, кейбір басқармаларда әлі де әлеуметтік желіде ашықтық пен жариялылық жетіспейтіні сөз болды. Ал екінші жағынан ақпараттың шынайылығына мән бермей, әлсіздік танытатын топтардың бары да ашып айтылды.
– Қоғамда болып жатқан кейбір жағдайлардың рас-өті­рігіне көз жеткізбей, әлеуметтік желі арқылы қоздатып әкетуге дайын тұратындар да бар. Істелген жұмысты жоққа шығаратындар да кездеседі. Мұның салдарынан жағымсыз пікір жазылатынын білесіздер. Осының барлығы халық арасында түсінбеушілікке алып келеді. Әуелі, кез келген істің байыбына, егжей-тегжейіне бару керек шығар. Расы керек, жақсы істен гөрі жаман жағын көруге көп бейімделіп кеткенбіз. Бүгінгі жиында өзіме көп мағлұмат алдым. Жиналыстарда сіздер айтқан мәселелер қаралатын болады. Біздің мақсат та осы. Халықпен сіздер арқылы жиі байланыс жасау біздің нәтижеге жетуімізге көп көмегін тигізеді, – деді аймақ басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі ашық диалогта болған желі белсен­ді­леріне ризалық білдіріп, осындай кез­десулердің өтіп тұруына мүмкіндік жасалатынын жеткізді.
 
Ержан ҚОЖАС.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қыркүйек 2019 г. 426 0