Өңір жылу беру маусымына әзір

Әзірге күн райы қарасып-ақ тұр. Алайда табиғаттың мінезі әп-сәтте өзгеріп шығуы мүмкін. Сондықтан өңірлердің жылу беру маусымына дайындығын пысықтау мақсатында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен селекторлық отырыс өтті. Онда  Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өңірлердің жылу маусымына дайындығы туралы баяндады.
– Жергілікті атқарушы органдар 10623 дербес қазандықты жөндеуді жоспарлаған болатын, қазір оның 10606-сы немесе 99,8%-і дайындалды. Жөндеу жұмыстары әзірге Маңғыстау­да – 94,2%, Қызыл­ордада – 99,2%, Шымкент қаласында 99,3% орындалды. Қалған өңірлерде дербес қазандықтардың толық дайындығы қамтамасыз етілген. Жоспарланған 4990 шақырымның  4943 шақырымы немесе 99,1%-і жөнделді, – деді министр.
Селекторлық отырыста Асқар Мамин жылу маусымына дайындық жұмысын күшейтіп, оны сапалы аяқтау қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар, кестеден қалып қою, коммуналдық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін отын дайындау деңгейінің төмен болуы сияқты фактілерге тоқталды. Осыған байланысты әкімдерге жоспарланған жөндеу жұмыстарын тиісті мерзімде аяқтауды қамтамасыз етіп, қажетті көлемдегі отынды алдын ала жеткізуді тапсырды.
Біз осы ретте «Қызылордажылу­электрорталығы» МКК-ның директоры Руслан Нұрмағанбетовпен хабарласып, аймақтың жауапты маусымға әзірлігі жайында білдік. Директордың айтуынша, жылу беру маусымына дайындық бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.  Станция бойынша, техникалық сумен қамтамасыз ететін 1200 мм диаметрлі құбырдың 100 метрі, №6 бу қазандығының қабырғаларындағы сырғымалы құбырлары, жоғарғы қысымдағы импульсті сақтандырғыш және бекіту клапандарына, бақылау, өлшеу құрылғылары, когераторлық жылу электр орталығындағы қондырғылардың автоматикалық басқару жүйесінің бөлшектері ауыстырылған.  
Негізгі және қосалқы қондырғылар: №6, 9 бу қазандығына, №3, 6 турбиналық машиналарына, №1,3,4,5,6 күштік трансформаторларына, ОРУ-35 кВ 1 және 2 секцияларына, ОРУ-220 кВ №1 және 2 шина жүйесіне және Л-201, Л-250 электр жүйелеріне, оңтүстіктегі жеті бу қазандығына, он алты автономды модульдік блокты қазандық пен Белкөл қыстағындағы қазандықтарға толықтай ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жоспарланған жөндеу жұмыстары 100 процентке орындалды, – деді Руслан Аймырзаұлы.
Бұл жұмыстарға қоса, 8,5 шақырым жылу желілері және 180 ысырма ағымдағы жөндеуден өткен. Қазіргі таңда жылу құбырларына су толтырылып, қысым арқылы сынақ жүргізілуде.
Қала бойынша барлығы  1434 жылу энергиясын тұтынушы нысан бар. Оның 696-сы көпқабатты тұрғын үй, 344-і жеке тұрғын үй, 42-сі мектеп, 20-сы балабақша, 12-сі жоғары және орта оқу орны, 23-і денсау­лық сақтау нысаны, 19-ы мәдениет және спорт мекемесі, 63-і басқа да бюджеттік  және 215-і кәсіпкерлік нысан.
Әйтеке би кентіндегі «ҚазалыТеміржолЖылу» филиалы бойынша төрт қазандыққа, 0,2 шақырым жылу желілеріне ағымдағы жөндеу толығымен аяқталды. Аталған филиалдың жылу жүйесіне 360 мекеме қосылған.
Директордың мәліметінше, авария­лық жағдайлар орын алса 10 күнге жеткілікті мазут қоры бар. Жылу энергиясының тарифі 1 Гкалға – 4870,35 теңге бекітілген. Өңірімізге жылу беру әдеттегідей, қазан айының 15-де басталады. Ал  берешектердің нақты ақпараты әзірге болмай тұр.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қыркүйек 2019 г. 248 0