Кәсіпкерлер құқығы ерекше қолдауға ие

Қызылордадағы «Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосовтың төрағалығымен бақылау-қадағалау органдарының бизнес қауымдастығы алдында есеп беру жиыны өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биылдан бастап 30 қыркүйек – республика көлемінде Бірыңғай есеп беру күні болып белгіленді. Мақсат – бақылау-қадағалау қызметін реформалауды жүзеге асыру аясында тиісті заңнама талаптарын бұзудың алдын алу, кәсіпкерлер мен ұйымдардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Жиында қадағалаушы органдардың өкілдері жыл басынан бері атқарылған жұмыс және өзекті мәселелер жөнінде баяндады. 1 қыркүйектегі мәліметке сүйенсек, өңірде 753 мыңнан астам салық төлеуші бар. Кірістер органдарында мемлекеттік қызметтің 45 түрі көрсетіледі.

– Қызметкерлердің салық төлеушілермен тікелей байланысын азайту, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында электронды түрде мемлекеттік қызмет көрсету үлесі жыл сайын артып келеді. Биыл 8 айда 47 мыңға жуық қызмет ұсынылса, оның 97,5 проценті электронды жүйеде болды, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов.

Экономиканың қарқынды дамуы, қоғам талабының өзгеруіне байланысты өткен жылы жаңа Салық кодексі қабылданды. Ол адал салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Жыл басынан бергі салықтық тексерулер кезінде касса чегін бермеу, тіркелусіз кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру жағдайлары көптеп тіркелген.

Жиында облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғалия Бәйменова, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Руслан Қайрақбаев өз салалары бойынша атқарылған жұмыстың есебін берді.

– Биыл 9 айда 393 өрт оқиғасы тіркелсе, оның 22-сі кәсіпкерлік объектілеріне қатысты. Нәтижесінде 3 адам жапа шегіп, 15 млн теңге шамасында материалдық шығын келді. Дүниежүзілік метерология ұйымының есебінше, төтенше жағдайдың алдын алуға жұмсалған 1 доллар өрт салдарынан жоғалуы мүмкін 7 долларды сақтап қалады. Профилактикалық шаралар кәсіпкерлікті дамытуда аса маңызды, – деді Р.Қайрақбаев.

Есеп беру күні аясында жиынға қатысушылар қадағалаушы органдардың өкілдерінен өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар бойынша несие, мемлекеттік грант алу жолдарын білді.

Назерке САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қыркүйек 2019 г. 315 0