Аға басылым өкілдері аралдық оқырмандармен кездесті

Биыл аймақтың жылнамашысына айналған «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Аймақтың ақпарат айдынында құстың қос қанатындай болған бұл аға басылымдар Сыр өңірінің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, талай түлекті түлеткен киелі ұстахана екендігі мәлім.
Кеше аталған қос басылымның редакторлары мен тілшілері Арал ауданында болып, оқырмандармен кездесті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, жақсылық пен жаңалықтың жаршысы болған қос газетті мерейлі мерейтойымен құттықтады.
Жиын барысында «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің бас редакторы Қуат Шарабидинов пен Қазыбек Ботаев аталмыш газеттердің тоқсан жылдық тарихымен қатар, өткені мен бүгіні жөнінде ой өрбітті.
Киелі шаңырақта өз қолтаңбаларын қалдырып, талай жыл қалам тербеген журналистиканың абыз ақсақалына айналған Шәкірат Дәрмағамбетов, Жолдасбек Ақсақалов, Жұмабай Жақып, Жаңабай Кемал бастаған аға буын өкілдері қызмет еткен жылдарындағы қызығы мен қиындығы қатар өрбіген кезеңдері жайлы естеліктерін ортаға салды.
Сонымен қатар, жас буынға журналистік жол көрсетіп жүрген «Сыр бойы» газетінің жас тілшілері Ержан Қожас пен Айдана Жұмадинова және аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Абай Елеш сөз алып, газеттің бүгінгі тынысы мен ақпарат айдынының ауқымы жайын сөз етті.
Басқосуға жиналған қос басылымның тұрақты оқырмандары өз пікірлерімен бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2019 г. 548 0