Әрбір жобаның өміршеңдігі маңызды

Жалағаштағы қызыл мия зауыты қашан жанданады? Мұнайға қарағанда екі есе пайдалы өсімдік тамырының өндірісі неге тоқтап тұр? Индустрияландыру картасының бірінші және екінші бесжылдығының еншісіндегі осы сияқты жобалар мен оларды жүзеге асыру мәселелері облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Қуанышбек Ысқақов қатысқан партиялық тыңдауда сөз болды.
Озық технологиямен жаб­дық­талған қазақ-қытай бір­лескен кәсіпорны 2014 жыл­дың желтоқсанында іске қо­сылды. Жалағаш ауда­нының әкімі Қайратбек Сәрсен­­баевтың айтуынша, «Бис Групп» компаниясының 1,8 млрд теңгелік жобасы 2013 жылы өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілді. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 8,75 гектар жер телімі берілді. 2017 жылы зауытқа құны 115 мың доллар тұратын қондырғылар орнатылды. Сол жылы – 20, былтыр 13,6 тонна өнім Қытайға жөнелтілді.
– Әлемдік нарықта өнім құнының төмендеп кетуіне байланысты кәсіпорын ба­ғытын өзгертті. Сөйтіп, сусындар мен тамаққа қосатын тәтті ұнтақ шығаруды қолға ал­ды. Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысынан ши­­кізат қорын жинақтау шара­лары жүргізілуде. Ал зауыт­­тың негізгі жұмысы уақыт­­ша тоқтап тұр, – деді Қ.Сәрсенбаев.
Талай ауруға ем, малға азық өсімдік тамырының өндірісіне қолдау болғанымен, құлшыныс байқалмайды. Аймақ басшысы осы орайда теңдессіз жобаның аяқсыз қалуын қатаң сынға алды.
– Зауыт іске қосылғалы бері дұрыс жұмыс істеген жоқ. Жоспарланған 156 адам­ның 6-ы ғана еңбекпен қам­тылды. Жылына бір-екі ай өнім шығарып, қалған уа­қыт­та бос тұрды. Егістік үшін бөлінген 6 мың гектар жер телімі пайдаланылмаған соң мемлекет меншігіне кері қай­тарылды, – деді облыс әкімі.
«Бис Групп» ЖШС өкілі Оңғарбек Мұстафаев та кәсіп­орын жұмысындағы іркі­лістің себебін шикізат бағасының құлдырап кеткенімен түсін­дірді. Әйтсе де, аймақ басшысы жалағаштықтар үшін үлкен жұмыс көзі саналатын зауыт жұмысын жандандырудың жан-жақты мүмкіндігін қарас­тыру қажеттігін атап өтті.
Соңғы екі жылда ауданда өңдеу өнеркәсібі саласы бо­йынша құны 1 млрд 106 млн теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 72 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың қатары жыл соңына дейін тағы ауқымды 2 жобамен толықпақ.
Мәжілісте облыстық кәсіп­керлік және туризм, ауыл шаруашылығы басқар­ма­лары­ның басшылары, Жалағаш және Сырдария аудандарының әкімдері Индустрияландыру картасы аясында атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді.
Индустриялық-инно­вация­лық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында Сыр­дария ауданында құны 41 млрд 520 млн теңге тұратын 4 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 206 адам жұ­мыс­пен қамтылды. Биыл кәсіп­керлер 2 жобаны жүзеге асыруға ниетті.
Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің сөзіне сүйенсек, «Шаған» шаруа қожалығы күріш ақтау зауытын іске қосқан жағдайда 25 адамға жұмыс табылады. Зауыт күніне 60 тонна күріш ақтай алады. «Ақжарма-2» шаруа қожалығы да осындай зауыт пен шағын пастерленген сүт цехы, жылыжай және бау-бақша өніміне арналған қойма салуға ынта білдіріп отыр. Құны 200 млн теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылса, 33 адам еңбекпен қамтылмақ.
– Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша негізгі капиталға 43 млрд 866 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 2 есе көп, – деді Р.Рүстемов.
Облыс әкімі сала басшылары мен аудан әкімдеріне жүзеге асырылуы тиіс жобалардың аяқ­сыз қалмауын қатаң тапсырды.
– Мәжіліске екінші дең­гей­лі банк өкілдері қатысып отыр. Сіздерді де бағдарламаларға бөлінген қаражатты игеруде белсенділік танытып, бірге жұмыс істеуге шақырамын. Алдағы партиялық тындауларда банктердің өңір экономикасына қосқан үлесін таразылаймыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты қатаң бақылауға алу қажет, – деді аймақ басшысы.

Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2019 г. 95 0