«Шіркейлі» көпірі бітуге таяу

«Шіркейлі» каналына салынып жатқан көпір құрылысы бітуге таяу. Осы маңызды нысан арқылы сол жағалаудан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне тікелей шығуға болады.

Жалпы сметалық құны 840 миллион теңгеге жуық көпір құрылысын «Сервис НС» ЖШС жүргізуде. Республикалық және облыстық бюджеттен қар­жыландырылған нысан жел­тоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Облыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жол­дары басқармасының мәлі­ме­тінше, көпірдің құры­лыс-монтаж жұмыстары бо­йынша арнайы тіреулер мен бетон қадалар бұрғыланып, ар­матуралық қаңқалары то­қылып, бетондалған. Бүгінде 45 дана арқалық орнатылып, құрылыстың негізгі конструкциясына қосымша арматуралық тоқу мен бетондау жұмыстары жүргізілуде.

Ұзындығы 100 метрден асатын көпірдің жанынан жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Төрт жолақты көпір пайдалануға берілген жағдайда Шіркейлі, Н.Ілиясов, Шаған сияқты күре жол бойындағы ауылдарға барып-келу бірнеше шақырымға қысқарады. Көлігі барлар үлкен жолдан қаланың жаңа және ескі шағын аудандарына тіке осы көпір арқылы қатынай алады.

Айта кетсек, бүгінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойында 146 көпір мен 599 су өткелі орналасқан. Сырдария өзенінде 7 қалқымалы көпір болса, 2 паром өткелі қосымша жұмыс істеп тұр.

Ержан ҚОЖАСОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қараша 2019 г. 196 0