Қызылордалық аспаз жігіт ұлттық асхана ашқысы келеді

Психолог-мамандар жанға жайлылық сыйлайтын әуестік күйзеліс пен көңілсіздіктен арылуға көмектесетінін дәлелдеген. Қазір оны тиімді кәсіп көзіне айналдыруға мүмкіндік бар. Кезекті кейіпкеріміз осы сөздің дәлелі.

Қызылордалық Нұрсұлтан Ахметовтың негізгі мамандығы – сәулетші. Алайда, ол бала кезінен сүйікті ісімен айналысуды, яғни аспаз болуды қалаған. Арман алға жетелеген болар. Уақыт өте облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мамандарының қолдауымен кулинарлық шеберлік сыныбында шыңдалып, көптеген тәжірибелі шеф-аспаздармен бірге классикалық тағамдарды, экзотикалық асты дайындап үйренуді бастаған. Соның нәтижесінде қазір қаладағы ең креативті саналатын «Кимчи» мейрамханасында аспаз қызметін атқарады.

– Асхана – мені ерекше көңіл-күйге бөлейтін орын. Бұрындары ғаламтор желісіндегі рецепттермен танысып, көрген-білгенімді жүзеге асыруға талпынатынмын. Бірер жыл бұрын осы хоббиді табыс көзіне айналдырдым. Бұл керемет әдіс. Тек түгесілмейтін қиял, таусылмайтын шабыт керек. Қазір корей тағамдарын дайындап жүрмін. Бұл елдің ұлттық асханасы әртектілігімен ерекше. Ең бастысы, әрбір келуші бізде ауқаттанып, керемет көңіл-күйде тарқасады. Мейрамхананың аурасы жағымды. Үйдегі жайлылық, барлығы егжей-тегжейлі ойластырылған, – дейді ол.

Әңгіме барысында талапшыл жас алдағы уақытта қала орталығынан ұлттық асхана ашқысы келетін де айтты.

– Қазір кулинарияға қатысты дүниелерді, француздың классикалық кулинариясының негізін салушы аспаз Огюст Эскофьенің кітаптарымен танысып жүрмін. Онда бұл мамандықтың асқан дәлдікті талап ететіні, ерекше рецепт ойлап табу, тағамды әсемдеу үшін де шығармашылық қабілет керектігі жазылған. Әлем елдерінің асханасы әлдеқашан бірізге түскен. Ал, бізде бұл тұрғыда кемшілік аз емес. Мәселен, қазір тұрғындар өзбек палауына, ұйғыр лағманына, итальяндардың пиццасы мен корейдің ащы тағамдарына, түрік дөнеріне құмар. Қазақтың дастарқаны бұдан да бай деп есептеймін. Ерекшелігі көп, денсаулыққа тигізер пайдасы да мол. Сондықтан болашақта ұлттық сусынымыз бен тағамымызды паш ететін мейрамхана ашу жоспарымда бар, – дейді Нұрсұлтан. 

Кейіпкеріміз жарқын болашаққа деген ұмтылыс алға жетелейтініне сенімді. Осы кезге дейін баспаналы болсам деп күндіз-түні армандаған болатын. Қалағаны орындалды. Жуырда ол балалар үйінің түлегі ретінде сол жағалаудағы жаңа пәтерге қоныстанды. Қуанышында шек жоқ. Осыған қарап, біз «Арман адастырмайды, ұмтылыс жасаған сайыс жақындай түседі» деген ой түйдік.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қараша 2019 г. 194 0