Қыс қыр астында ал біз қаншалықты дайынбыз?

Сейсенбіде басталған «Қыс–2019» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу өз мәресіне жетті. Облыс аумағындағы азаматтық қорғаныс күштері мен басқа да мекемелердің қаһарлы маусымға дайындығы пысықталды.
Алғашқы күнгі жаттығу «Қызылорда – Әуежай»  жолы бойындағы автобазар ау­ма­ғында басталды. Мұнда қыс кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға қатыстырылатын ава­риялық құтқару құрамалары қаз-қатар тізілген. Алпыс бес автокөлік сапта тұрды. Оның ішінде жол патрульдік полициясы, өрт сөндіру көлігі, жүк көліктері, көтергіш крандарға дейін бар. Ұлттық ұланнан бас­тап су жүйесінің мамандарына дейін атсалысқан шараға 219 адам қатысты.
Оқу-жаттығу кезінде «Қаз­ТрансГаз Аймақ» АҚ фи­лиа­лының диспетчерінен Қы­зыл­орда қаласы Хон Бен До көшесінде орналасқан №6С газ таратқыш бекетіне КамАЗ автокөлігі соғып, жоғары қысымды газ жүйесі зақымдалғаны жөнінде хабар келіп түсті. Оқиға салдарынан ауаға газ тарап, өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында мамандар 2332 абонент пен 1 өндірістік кәсіпорынды уақытша «көгілдір отыннан» ажыратты. Төтенше жағ­дай аумағын тәртіп сақ­шылары қоршауға алып, автокөлік қозғалысын да ретке келтірді. Өрт сөндірушілер өз міндеттерін мүлтіксіз орындады. Секунд саналар шақта зардап шеккен жүргізуші де дереу медицина орталығына жеткізілген.  Барлығы қалпына келтіріліп, тұрғындар уақытылы «көгілдір отынға» қосылды. Айта кетейік, осы күні 8 құрылым, 19 техника, 96 адам оқу-жаттығу барысында авариялық-құтқару жұмысын жүргізді.
Шараның келесі күнінде «Қызылорда су жүйесі» меке­месінің су алу ғимаратында хи­миялық қоспа (хлор) төгіл­гені жөнінде төтенше жағ­дайлар департаментінің ке­зек­­шісіне жедел хабарлама түс­ті. Оқиға орнына жеткен құт­қарушылар ғимараттағы бар­лық қызметкерлерді қауіпсіз жерге көшірсе, радиациялық және химиялық қорғау қызметі төтенше жағдайдың шекарасын және қауіптің деңгейін анықтады.
Оқиға аумағы Ұлттық ұлан­ның жеке құрамының көме­гімен қоршауға алынды. Сондай-ақ халықты құлақтандыру жұмыстары жүргізіліп, зардап шеккен 2 қызметкерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Өрт сөндіру қызметінің күштері зақымдалған аймаққа ша­шыраңқы су төксе, инженерлік қызмет күштері зақымдалған жерді алып, қала сыртына көму жұмыстарын жүргізді. Бұл күні шараға 16 құрылым, 32 техника, 108 адам жұмылдырылды.
Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Сондықтан азаматтық қорғаныстың жүгі жеңіл емес. Төтеннен келген тосын жайтқа сақадай сай болуы тиіс. Оқу-жаттығуда сайыпқырандар өз­дерінің дайындығын көрсетті.

Дәулет ҚЫРДАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қараша 2019 г. 594 0