Басылымның құрдастары

 Мерейтой қарсаңында басылымның төл құрдастарына да сәлем бере бардық. Тар жол тайғақ кешулер мен қазақ басындағы нәубетті жылдарды елмен бірге бастан өткерген жандар осынау тоқсан жылдың торабында ата басылыммен бірге болды. Көзілдірігін киіп, газет бетіне шұқшиған көнекөздермен қатар, немересіне дауыстап оқытып қойып, өзі тыңдайтындарды да сан мәрте көзіміз шалды. Әсте, бүгінгі мерейтой – оқырманның тойы. Ендеше, ата газеттің құрдастары да қуансын.




Сөзі – құймақ, ісі – ширақ


Қармақшылық Фазила Махамбетова – ардагер ұстаз. Қашаннан қалыптасқан сабырлылығы талайға үлгі. Басы ауырып, балтыры сыздап, дәрігерге барған емес. Үй шаруасына да мығым.

Фазила Әбішқызы Алматы қаласындағы ЖенПИ-дің алғашқы түлектерінің бірі. Аудандағы алғаш географ. Өнерден құралақан емес. Бірнеше жыл «Әжелер» ансамблінің құрамында ән шырқап, көрермен көзайымына айналды. №26 орта мектепте қызмет жолын бастаған ол «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталған. Тағдыр табыстырған жары Абдулхамит Асқаров екеуінің қызметі ұстаздық жолынан басталса, үлкен қызы Сара Асқарова мен ұлы Бақытбек Асқаров ата-ана жолын қуып, 30 жылдан аса білім саласында қызмет етіп келеді. Өмірге әкелген алты баладан немере-шөбере сүйіп отыр.




  Еңбекпен есейді   


Сырдариялық Упуза Сүлейменованы жұртшылық жақсы таниды. Ел басына күн туғанда ерлермен иық тірестіріп жұмыс істеген қария егін   шаруашылығына етене араласты. Бұл күнде ардақты ана Қоғалыкөл ауылында тұрады. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп өсірген ол немере-шөбереге ертегі айтатын ақ жаулықты әже.

Қармақшы ауданына қарасты Ақжар совхозында дүние есігін ашқан Упуза әжей бар-жоғы 4 кластық білім алды. Әкесі сұм соғысқа аттанып, содан оралмады. Анасы 1937 жылы дүние салды. Жетімдіктің зардабын тартқан ол қазақ басындағы нәубетті жылдардың барлығын бастан өткерді. 25 жасында Октябрь колхозына тұрмысқа шықты.

– Ашаршылық, кәмпеске дегеннің бәрін бастан өткердік, айналайын. Етегім жасқа толды. Отағасыма еріп, күріш те, бидай да ектім. Тұрмыс құрғаннан кейін көзім ашылды. Зейнетке шыққаннан соң да талай еңбек еттік. Арық, канал қаздық. Осының бәрі басымыздан өтті. Бүгінгі ұрпақ, біздің көрген бейнетімізді көрмеңдер, – деді басылымның төл құрдасы.

  Немере-шөберенің ортасында басынан жаулығын тастамайтын ақ әже осылайша бізге батасын берді. Әңгіме арасында жазарларың көбейсін деп, маңдайдан да сүюді ұмытпады.



Елмен бірге еңсе тіктеді


Шіркейлі ауылының ақсақалы Зейнулла Нақыпұлы еңбекке ерте араласты. Алты жасынан жұмысқа жегілген ақсақал ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама дәуреніндегі қиындықты көріп өсті. Бүгінде ата басылыммен бірге тоқсанның төріне шығып отыр.

– Бала күннен жоқшылықтың зардабын көрдік. Ата-анам жұмысқа жарамай қалған соң механизаторлар мектебінен тракторшы мамандығын алып, колхозда жұмыс істедім. Үйлендім. Әскерге барып келдім. Содан зейнетке шыққанша трактор айдадым, – дейді қария.

Бұл күнде Зейнулла Нақыпұлынан өрбіген 9 баладан Құдайдың берген 24 немере, 62 шөбере, 3 шөпшек ұлағатты ұяның ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді.

 

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қараша 2019 г. 105 0