«Мені өледі деген сөздер ертегі»

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қазақтың талантты да тағдырлы ақыны Әділ Ботпановтың 50 жылдығына орай және ақын шығармашылығын насихаттауға арналған «Мені өледі деген сөздер ертегі...» атты поэтикалық жыр мерекесі болып өтті.

Жыр кеші ледэкраннан көр­сетілген ақынның өмірінен сыр шерткен естелік бейнебаянмен басталды. Қызылорда жас­тар театры артистерінің ақын өлеңдерін оқи отырып жасаған сахналық көрінісі тамшаланды.

Ершат Қайырханның орын­дауындағы Ә.Ботпановтың сө­зіне жазылған Қ.Құрман­әлі­нің «Сәлеметсіз бе?» әні­не түсірілген бейнеклип кө­рер­менді ерекше сезімге бөледі.

«Таңда гүлдеп, шамда үзілген» таланттар қазақ өне­рінде жүздеп саналады. Алпысыншы  жылдардан бері та­рамдасақ: Төлеген  Айбер­генов, Марат Отаралиев, Жұ­матай Жақыпбаев, Кеңшілік Мыр­забеков, Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов оралады еске...

Біздің айтпақ сөзіміз сәл өзгешелеу. Өнердің дүбірлі додасына дүлдүл арғымақтай арындай қосылып, ізім-қайым жоғалғандар  қаншама? Оларды лап етіп жанып, күлге айналды деуге ауыз бара қоймас. Алайда, саф таланттың кейде өз отына өзі өртеніп кететіні бар.

Бұл – табиғи қуаттың тасқыны. Солардың бірі де бі­регейі, Сырда туған  талантты ақын Әділ Ботпанов болатын. Жиырма жеті жасында ғайыпқа айналып сала берді... Бәлкім, періште  жүрегі пенделік  ғұмырға сыймады ма? 

Сен ренжіме,

мәңгі өлеңнің өрнегі,

Буырқанған алапат

күш мендегі.

Тегі бөлек Тәңірекең

болмаса,

Менсінбейді пендені, –

деген тәкаппар ақын санасына сағыныш ұялатқан, жапырақ жауған бір күзде өзгеше сап-сары бір ғаламды іздеп кетті ме екен?

Бүгін осындай қиял қи­сы­нымен жүрген Әділ жырла­рының оқырманы дарынды ақынның әлі арамызда жүрге­ніне жүрек көзін жеткізді.

Мынау өлең –

Бұйырып Хақ жазаға,

Қойыны толып азаға,

Шәһит болған  шаһарларға

– жаназа.

Мынау өлең –

Болмай сол тұс тоқтауы,

Жалмап кеткен от-жауы,

Мешіттердің,

Мешіттердің жоқтауы, – осындай өлеңдерді оқушы кезін­де-ақ жазып, үлкен ақын­дарды еріксіз мақұлдатқан Әділ ақын С.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік универ­си­тетіне оқуға түскен болатын. Бірақ ол оқуды аяқтамастан арамыздан алыстап сала берді. Оны бүгін жұрт өз өлеңдерінен тапты. Ол бүгін оқырманымен жүздесті.

Ақтөбеден арнайы келген кеш қонағы қазақтың көр­некті ақыны, Әділдің албырт шақтағы досы Бауыр­жан Бабажанұлы осы мазмұнда тебірене сөз сөй­леді. Әділдің ешкімге ұқса­майтын ер мінезділігін, ерекше білімділігін жыр қылып айтты.

Мұнан соң «Әділдің жыр әлемі – жүрегімде» деп атал­ған республикалық жыр мү­шәйрасына қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мүшәйрада рухты өлеңдер оқылды. Жас ақындар тыңнан сөз тауып, тереңнен ой қаузай білетінін, әсерлі, Әділше жазуға бейімділігін байқатты.

Жыр бәйгесі Бауыржан Бабажанұлы, Оңталап Нұр­махан, Мұхтар Ниязов секілді елге белгілі өнер майтал­ман­дарының қазылық етуімен қорытыланды.

Бірінші орынның жүлдесіне қазір Нұр-Сұлтанда тұратын жерлесіміз Биболат Сәтжан ие болды. Екінші орынды пав­­лодарлық ақын Алтынбек Елемесұлы алды. Үшінші орынға түркістандық Тілеубек Ба­тысұлы мен Қазалы ауданынан келген №90 орта мектептің оқушысы Әлихан Махашев лайық деп танылды.

Орын алмаса да, қатысқан­дардың бәрі ақшалай сыйлық алды.

Мүшәйраның жүлделерін қазылар алқасымен бірге бел­гілі журналист, филология ғы­лымдарының кандидаты, ақынның досы Аманжол Сақыпұлы тапсырды. Сондай-ақ, ол мүшәйра жеңімпазы Биболат Сәтжанның алғашқы жыр жинағын өз қаражаты есебінен шығарып беретінін айтты.

Сонымен бірге ақынның туған ағасы Данабек Әнуар­бекұлы және ақынның отбасы – жары Гүлсім, ұлы Ақназар, қызы Меруерт сахнаға шы­ғып, көпшілікке, кештің ұйым­дастырушыларына алғыс біл­­дірді. Мүшәйра қатысу­шы­ла­­рының бәріне Әділ ақынның «Дом­быра-жүрек» аталатын өле­ңінің бір жолы жазылған домбыра сыйлады.

2012 жылы «Қазығұрт» бас­пасының директоры Темірғали Көпбаев Ә.Ботпановтың «Өмір­зая» атты тұңғыш жи­на­ғын 1000 данамен тегін шы­ға­рып берген еді. Мұнан соң қы­зылор­далық белгілі кә­сіпкер Нұрмұрат Ерманов  өз қаржысына осы кітаптың тағы бір 1000 данасын шығарған болатын.

Алматыдан келген ақынның досы, белгілі театр және кино актеры Әділжан Шомбалов Ә.Ботпановтың «Өмірзаясын» жаңадан тағы 500 дана шы­ғарып әкеліп, оқырманға тарту етті.

Жыр мерекесін «Қызылорда қаламгерлер қауымдастығы» қо­ғамдық бірлестігі мен қа­лалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды және демеушілік жасады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2019 г. 399 0