Ақпараттық кеңістіктегі газеттің орны

Қазір дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік медианың арасында бәсекелестік жүріп жатқаны рас. Өйткені әлеуметтік медиа жаңалықтар таратуда дәстүрлі БАҚ-тардан озып бара жатқанын мойындауға тиіспіз, яғни технологиялық төңкеріс заманында газеттермен салыстырғанда цифрлы медианың күшейетіні анық. Осы мәселелер мерекелік шараның жалғасы ретінде ұйымдастырылған басқосуда кеңінен талқыға түсті. 

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында Қа­зақстан Журналистер ода­ғы­­ның төрағасы Сейітқазы Матаев, ҚР Президенті баспа­сөз қызметінің сектор меңге­рушісі Ержан Бай­тілес, сондай-ақ еліміздегі әріп­тес-ба­сы­лым­дардың, қанаттас келе жатқан медиа құры­лым­дардың бас­шылары  «Ақ­төбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, «Ақтөбе» газе­тінің бас редакторы Бауыржан Баба­жанұлы, «Түркістан медиа холдинг» ЖШС бас директоры Бауыржан Бердімұратов, Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан және «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістандағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай Сыр өңі­рінің журналистерімен кездесу өткізді.

Онда жаңа және дәстүрлі ме­дианың өзекті мәселелері сараланды.  Кездесуді «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев жүргізді.  Осы салада өзінің қолтаңбасын қалдырған аға журналистер қазіргі БАҚ-тың жай-күйі туралы, оны дамытудың алғы шарттары жайлы кеңінен пікірталасты.

Бүгінгі басқосуда олар «Қа­зіргі журналистика әлемінде қандай жаңалықтар бар?», «Бү­гінгі БАҚ қандай деңгейде?» деген сұрақтарға жауап іздеді.  

 – Бүгінгі күні кез келген га­зеттің интернет нұсқасы бар. Десе де, қазіргі уақытта оқыр­ман сайттарда емес, әлеу­мет­тік желіде көп отырады. Соны пайдаланған  блогерлер кең көлемде посттар жазып, оқырманның қызу талқысына салады. Қазір  аудитория әлеу­меттік желіде. Оған қоса, әлеу­меттік желіде жазылған дү­ние­лерді көп сайттар, тіпті га­­зеттер көшіріп басып жатады.  Мысалы, белгілі бір сайт бір журналистің «Facebook»-тегі жазған жазбасын  көшіріп басса, ол жылдам таралып, сан пікірлер туғызады.   Бүгінгі таңда газеттер мен сайттардың бәсекелестігі осында жатыр. Алайда, бұл екі ақ­парат көзі бір-бірінің орнын баса алмайды, тек бәсекелестік орта туғызып, қатар өмір кеше береді, – дейді Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Десе де, газет ақпаратының интернет ақпараттарынан айыр­машылығы жоғары. Бұл жө­нінде ҚР Президенті баспасөз қыз­метінің сектор меңгерушісі Ержан Байтілес өз пікірін білдірді.

 – Қазіргі қазақ баспасөзіндегі жағдай жалаң деп айтуға болмайды. Газеттің жөні бөлек. Ол тасқа жазылғанмен бірдей. Газет оқырман қолында болуы, оны оқу, ол үшін кәсіби деңгейде журналистиканы меңгеру керек. Осы саланың жас мамандары сауатты, жауапкершілікті болуы қажет. Қазіргі уақытта жалаң сенсацияға көп орын беріледі.  Бүгінде оқырман көзқарасының өзгеріп бара жатқаны сондық­тан. Өз қадірімізді өзіміз қа­шырып жүрміз. Оқырманға ақыл айтудың қажеті жоқ. Осы тұрғыда кәсіби деңгейде да­мудың жолын қарастырып, дәс­түрлі журналистиканы өлтіріп алмау – біздің міндетіміз. Оны кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек, – деді ол.

«Сыр бойы» және «Кызыл­ординские вести» газеттерінің 90 жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылған бүгінгі бас­қосуда құнды пікірлер айтылды. Осы орайда, жас журналистер өз ойларымен бөлісіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қараша 2019 г. 155 0