Педагогтар үшін жаңа заң енгізілді

«Педагог мәртебесі туралы» Заң 21 баптан тұрады және ұстаздардың құқықтарын кеңейту, өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту, қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, материалдық қамтамасыз етуді көздейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова мәлімдеді.
«Жалақыны екі есеге өсіру, магистрлер үшін қосымша ақы, артық жұмысқа тартқандарға айыппұл салу, еңбек демалысын ұзарту – осының бәрі жаңа заң жобасында қарастырылған.Сондай-ақ, білім беру ұйымына алғаш рет келген жас мұғалімге бір оқу жылына білім беру ұйымында тәлімгер бекітіледі. Тәлімгерлік үшін - 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 697 теңгені құрайды. Мұнан өзге, педагогтер сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады. Педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30-50 пайыз аралығында жаңа қосымша ақы енгізіледі. Ол үшін ұлттық біліктілік тестін тапсырып, кәсіби дәрежені дәлелдеу керек»,-деді Майра Тұрғанбайқызы.
Сонымен қатар, жаңа заңда ұстаздар үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік марапатын бекіту көзделген. Бұған қоса, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауыл мұғалімдерінің еңбекақысын арттыру, "Үздік педагог" марапаты және әлеуметтік кепілдіктер де заңда сақталған.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қаңтар 2020 г. 253 0