Тектінің тұяғы еді топтан озған

Адам баласының өмірі өлшеулі десек те, жан-жағына жақсылық шуағын төгіп, қамқор қолын созып жүретін жандарды бақилық сапарға қимайтының да ақиқат. Мұндайда қолға қалам алу қиын болса да, елге өмірден озған сырбойылық азаматтың, қасиетті Ақмешіт топырағынан биікке самғаған сұңқардың кім екенін, ата-бабаларының кім болғанын жеткізу мақсаты бәрібір осы мақаланың өмірге келуіне себеп болды.

Иә, Сырдан шыққан бір жұлдыз ағып түсті, алайда ол өзге жандар өмірін сақтау үшін өз өмірін құрбан етті. Оған ел үшін ғұмыр кешу ата-баба қанымен, ана сүтімен бе­рілген болатын. Сұм ажал осы жылы 7 наурызда 59 жасқа тол­ғалы отырған сұңқар тектес тұлғаны өз құшағына алды. Мұратбаевтар әулеті орны толмас қазаға душар болды, Марат Ғаниұлы Мұратбаев бақилық сапарға аттанды.

Жыл аяқталуға тақаған сәт­те, 27 желтоқсанда апатқа ұшы­раған ұшақ туралы хабар елді есеңгіретіп тастады. Ұшақтағы 98 адамның 5-еуі экипаж мүшелері болса, жолаушылар арасында Украина, Қытай, Қырғызстан елдерінің азаматтар да бар болатын. Кейбірі аман қалып, 49 жолау­шы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түссе, 12 азамат бұл дүниемен қош айтысқан еді. Елде қаралы күн жарияланды, естіген жандардың қабырғасы қайыспағаны кемде-кем.

Алматыдан Нұр-Сұлтан қа­­ла­сына 27 желтоқсан күні таң­ғы сағат 07.05-те ұшып шық­қан «Bek Air» авиа­ком­паниясының «Fokker-100» жо­­лаушылар ұшағы (Z92100 рейс) апатқа ұшырады. Қазір апат себептерін арнайы комиссия тексеруде. Біз бұл күндері әлеуметтік желідегі барлық ма­териалдарды бақылап отыр­дық, онда түрлі жорамалдар ай­тылуда. Біреулер әуежай ма­ңына үй салғандарды айып­тауда. Егер олай ойлайтын болсақ, оларға рұқсат берген адамдар кімдер екен деген сауал туады көкейде. Біреулер ұшу алаңынан десе, біреулер ұшқыштардан болуы мүмкін, енді бірі техникалық ақау деп долбар жасауда. Не болса да комиссия дұрыс қорытынды шығарып, әділ бағасын бере­ді деген ойдамыз. Мұны айтып отырған себебіміз, Ресей журналистерінің сұхбаттарын­да кінәні өмірден озған адам­­ға аудара салу фактілері кез­­­десетіні айтылады. Алла он­да­йы­нан сақтасын, біз бұл оқи­ға­ның ақиқаты елге жетеді деп үміт­тенеміз.

Осы ұшақта болған Әсел Әбілдаева: «...Ұшу жолағымен жүріп барып, ұшақ көтеріле бастағандай болды, сол кезде жарық өшіп қалды. Түсінік­сіз селкіл басталды. Бұл турбу­лент­тілік емес, тіпті басқа нәр­се. Селкілден кейін біз оң жаққа қатты қисая бастадық, бірдеңе соққандай болды, бі­рақ, бәрі дұрыс екен, осылай ұшатын шығармыз деп ойладым. Бұдан соң ұшақ тағы да көтеріле бастады, бірақ та­ғы бірдеңеге соғылды, алға қа­рай ұшып кеттік» дейді. Оның берген сұхбатының осы­дан кейінгі бөлігін біз сол түп­нұс­қадағы қалпында, орыс тілінде бергенді мақұл көрдік: «Очень долго ждали. Минут 20 ехали спасатели. Много людей были живы, но потом скончались, ока­зывается, впоследствии. По­том минут через 40, уже ког­да посветлело, тогда «скорая» приехала. За это время несколько людей скончались. Мы боялись, что потеряем тех, кто ещё жив». Құтқарушылар 20 минуттан, ал жедел жәрдем 40 минуттан соң келген. «Bek Air» авиакомпаниясы ұшу қыз­метінің басшысы Эрик Са­паровтың ішкі тексеру қоры­тындысы бойынша айтқан пікі­рі апатқа одан 1 минут бұрын ұшқан «Airbus 321 Neo» ұшағы кінәлі сияқты.

Ұшу жолағына ұшақтың құйрық бөлігі екі рет тиіп, оңға қисайғаны туралы сонда болған Аслан Назаралиевтің журналистерге берген сұхбатында да, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдің хабарламасында да көрсетілді.

Осы апатқа ұшыраған ұшақ­тың командирі, жерлесіміз Марат Ғаниұлы Мұратбаев болатын. Артында аңырап жары, анасы, екі баласы қалды. Енді жерлесіміз туралы тарата айтар болсақ, Мұратбаевтар әуле­тінің ата қонысы – Қызылорда облысы Сырдария ауданы А.Тоқмағанбетов ауылы. Осы тұста сөз желісін өткен ға­сырдан тартамыз.

1904 жылы Перовск уезі Қа­раөзек болысы 17-ауылын­да кедей шаруа Божбанов Мұрат­байдың отбасында өмірге келген Нұрмағанбет бала күнінен еңбекпен есейеді. Қазан төң­ке­рісі болған кезде 13-тегі жас­өспірім өзгерістерді қуана қарсы алып, өз ауылында жастар ұйымын құрады. Бұған Асқар Тоқмағанбетовтің естеліктері толық дәлел болады. Ал, дәл осы кезде он бес жастағы Ға­ни Мұратбаев Қазалыдағы төң­керістің бел ортасында жүр еді, тағдыр мұраттас екі жас­ты кездестірді, дос етті. Ғани мен Нұрмағанбеттің достығы кейінгіге үлгі, өнеге қылар­лық­тай-ақ. Ташкентте басталып, Мәскеуде жалғасқан достық екі сырбойылық азаматтың балаларына ат қоюына ұласты: Ғани баласына Нұрмағанбет деп ат қойса, Нұрмағанбет екін­­ші ұлын Ғани деп атаған бола­тын. Мұратбаевтардың дос­тығын ажал соққысы үзді, Шы­ғыс жас­тарының жетекшісі, қа­зақтың аяулы перзенті Ғани өмірден озды, оның ұлы Нұр­мағанбет те бақилық болды. Міне, Ғани Мәскеуде ауырып жатқан тұста қасында болған, аяулы азаматты жер қойнына тапсырып, қабір басында аза жырын оқыған да Нұрмағанбет Мұратбаев болатын.

Мәскеудегі КУТВ-ны біті­ріп келген соң көптеген лауазымды қызметтер атқарған, сол тұстағы республикаға белгілі лекторлардың бірі, жорналшы Н.Мұратбаевтың 1938 жылы Қызылорда облысы өз алдына отау тіккенде облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі бо­ла жүріп, облыстық екі басылым қазіргі «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» га­зет­теріне алты ай редактор ретінде қол қойғанына да тарих куә. Міне, ел аза тұтып отырған сырбойылық ұшқыш Марат Ғаниұлы осы Нұрмағанбет Мұ­ратбаевтың немересі еді. Оның әкесі Ғани Мұратбаев 1957 жылы ішкі істер органдарына қызметке кіріп, мемлекеттік ав­­тоинспекцияның паспор­тисі, жол күзеті инспекторы қыз­­меттерін атқарып, 1961-1971 жылдары Жаңақор­ған, Қа­залы, Сырдария ауданда­рын­­да мемлекеттік автоинс­пек­­цияның аға инспекторы, ал 1971-1986 жылдары автоинс­пекция басқармасында түрлі бас­шы қызметтерде болды. Міне, марқұм Маратты біреу­лер­дің тереңөзектік, біреу­лер­дің қа­за­лылық деп жатқаны осыған байланысты еді.

Марат Ғаниұлы Мұратбаев 1961 жылы 7 наурызда Жаңа­қорғанда дүниеге келген. Әке­сінің қызметіне байланысты 1-2 сыныпты Қазалыда, 3-сыныптан бастап Қызылордадағы №4 мектепте оқыған. Орта мек­тепті Тасбөгеттегі №176 мектептен тәмамдаған. 1978-1982 жылдары Ақтөбедегі Аза­маттық авиация жоғары ұшқыштар учи­лищесінде оқып, жоғары білім алған ол 1982-1990 жылдары Қызылорда авиа­отрядында «ЯК-40» ұша­ғында екінші пилот болды. 1990 жылы «ЯК-40» ұшағының ко­­мандирі болған ол 1992 жылы «ЯК-40» ұшағы авиаэскадрилиясы командирінің орынбасары қызметін ат­қар­ды. 1984-1989 жылдары еңбек­ші­лер депутаттары Қызылорда қа­лалық Кеңесінің ХІХ және ХХ шақырылымдарына депутат бо­лып сайланып, соңғысында ко­миссияға төрағалық етті. 1995 жылы Алматы қаласында «ТУ-154» ұшағында екінші пилот болған ол «Air Қазақстан» компаниясында қызмет атқарып, 2000 жылы «А-310» ұшағында екінші пилот болды. 2004 жылы «Air Astana» авиакомпаниясында «Боинг-757» ұшағының екінші пилоты, 2011 жылдан осы әуе кемесінің командирі болып қызмет етті де, кейін «Fokker-100» ұшағына командир болып ауысқан еді. Жалпы ұшу уақыты 20141 сағатты құ­райтын аса тәжірибелі ұш­қыш туралы әріптесі Рысбай Шәріпов: «Мол тәжірибесі ар­қа­сында ұшақ апатында қан­шама адамның өмірін сақтап қалды. Ол қас-қағым сәтте жыл­дам шешім қабылдай білді. Ұшақтың мұндай жағдайда өртеніп кетуі де мүмкін еді. Өз өмірін қиғанына қарамастан Марат оған жол берген жоқ. Ол ақкөңіл, жарқын жүзді жігіт еді» дейді. Ал қазақ қыз­дарынан шыққан алғашқы жо­ғары білімді маман-ұшқыш, алып әуе кемелерінің коман­дирі болған Тоты Әмірова: «Ол өз ісінің шебері және жақсы адам. Егер ұшақ көтеріле алмаса – бұл ұшу проблемасы емес, мұзданудан немесе қоз­ғалтқыштан болуы мүмкін немесе мүлде басқа нәрсе болып шығуы ықтимал» деп жазды.

Марқұм әнші Батырхан Шө­кеновтің бауыры Бауыржан Шө­кенов Марат Мұратбаевпен бірге қалай ұшқанын есіне алып: «Мен бай тәжірибесі бар ұшқыш, біздің қызылордалық Марат Мұратбаевтың әуе ке­месінің командирі болғанын ес­тідім. Көптеген жыл бұрын Қызылордадан Алматыға «ЯК-40» ұшағымен ұшқанымыз әлі есімде. Командир Марат бол­ды. Әуеге көтерілген кезде ұшақ кенеттен дірілдей бас­тады, бұрылып, Қызылорда әуе­жайына қонуға тура келді. Ешқандай дүрбелең болмады. Шықсам, Марат борттың жанында күлімсіреп тұр екен. «Не болды, Мәке?» деп сұрадым. «Қандай да бір оқыс діріл пайда болды. Тәуекел етпеуге бел будым» деп жауап берді» – деп жазды.

Теледидардан берілген «60 минут» бағдарламасында оқиға орнынан апат туралы мә­лім­деген журналист Денис Кри­вошеев «егер экипаж коман­дирінің тәжірибесі, шеберлігі болмағанда, құрбандар бұдан да көп болар еді» дегені де жерлесіміздің ел үшін құр­бан болғанын аңғартады. Біз пікірімізге дәйек ретінде алған­дықтан оның сөзінен үзіндіні түпнұсқадағы қалпында, орыс тілінде бермекпіз. «...Я хочу отдать должное пилоту. Если бы он заходил на землю с креном, то зацепился бы крылом и его начало бы вертеть. Тогда бы взорвались баки с горючим, а они были полными». Міне, Сыр сұңқары туралы, марқұм Марат Мұратбаев жайлы осылай дейді халық.

Тексеру де бітер, күндер де өтер, бірақ жерлес ұшқыштың сол сын сәтіндегі шешімі талай өмірді үзіліп кетуден сақ­тап қалғаны ақиқат. Топтан озған тектінің тұяғы басқаша әрекет ете алмас еді, өйткені ол асылдың сынығы болатын.

Алдажар ӘБІЛОВ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қаңтар 2020 г. 1 082 0