Бірлескен істе береке бар

Қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Сондықтан да еріктілер қозғалысын дамыту мәселесі назардан түскен емес. Ал, биылғы жылдың еріктілер еншісіне берілуі ауқымды істерге серпін берді. Бұған Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылуы дәлел.

«ЭКСПО» көрмесінің «ArtHub» павильонында орналасқан фронт-кеңсенің ашылуына еліміздің түкпір-түкпірінен еңбексүйгіш те озық ойлы, жалынды 700 жас жиналды. Салтанатты шарада Президент мұндай орталықтардың барлық өңірде ашылатынын мәлімдеп, қатысушылардың қуанышын тағы бір еселеді.

– Ел тарихында мұндай шара бұрын болған жоқ. Биыл «Волонтерлар жылында» көптеген жоба қолға алынады. Олардың барлығы осы кеңседе жүзеге асырылады. Мұндай орталықты еліміздің барлық өңірінде ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Фронт-кеңсе волонтерлар үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жүргізіп, бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады. Бұл жұмыстардың барлығы еліміздегі волонтерлер санын арттыруға бағытталып отыр.

Дүниежүзінде волонтерлік қызметтің ауқымы өсіп, әлемдік қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық волонтер бар. Бізде 16 мың. Ол мүлде аз. Әлемнің жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызы – волонтерлар еңбегінің нәтижесі. Көптеген елде ерікті болу – қалыпты жағдай, үлкен құрмет. Мәселен, Францияда, Германия мен Жапонияда да еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді. Бізге де осы деңгейге жету керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, жиында волонтерлік қызметтің заңнамалық базасы нығайтылатыны хабарланды. Тарқатып айтар болсақ, волонтерлер нормативті-заңнамалық негіздемеге ие болды. Маңызды міндеттердің бірі – волонтерлерді дайындау үшін тренингтік бағдарламаларды әзірлеу болатын. Енді ол үшін тұрақты түрде оқыту семинарлары  ұйымдастырылады. Биыл дәстүрлі «Зерен» жастар лагері арнайы осы тақырыпты қамтымақ. Шарада «Волонтер жылы» шараларын жүзеге асыруда кәсіпкерлердің қалыс қалмауы айтылды. Соның ішінде корпоративтік волонтерлік дамыту мәселесі күн тәртібінде.

– Волонтерлік бастамалардың ілгерілеуіне екпін беріп, белсенділер үшін барлық жағдай жасайтын жергілікті атқарушы органдар маңызды рөлге ие болуы тиіс. Мен барлық атқарушы органдардың басшыларына тапсырма берді деп санаңыздар. Бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компаниялардың, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері жұмыс аптасының бірнеше сағатын осы бағытқа бөліп, үлгі-өнеге көрсетуі тиіс, – деді Президент.

 «Жаңа бастама» деп аталатын жоба да жастарға серпіліс сыйламақ. Мемлекет оған 170 млн теңге шамасында қаржы бөледі. Ал, бұл дегеніміз – 170 әлеуметтік жоба. 170 волонтерлік ұйым 1 млн теңгеден ала алады. Олар бұл ақшаны жалақы ретінде алмайды. Қаражат волонтерлер үшін ыстық тамақ ұйымдастыруға, құрал-сайман сатып алуға және жол шығынын өтеуге жұмсалады.

Жастарды қанаттандырған тек бұл емес. Мемлекет басшысының енді волонтерлік жұмыстың еңбек өтілі болып есептелетінін айтқанда таңданысын жасыра алмағандар көп болды. Сондай-ақ, волонтер студенттерге қосымша стипендия немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек қарастырылды. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлу жүктелді. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға да ұсынылады.

Осылайша, басқосу баянды бастамаларға толы болды. Шарада «QQAZVOLUNTEER.KZ» онлайн платформасының қызметі және волонтерліктің 7 салалық бағыты тарқатып айтылды. Соның ішінде Мемлекет басшысы жерлесіміз, қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Сабыржан Кеңшіліктің «Жеңіс» республикалық қайырымдылық жобасы мен өңірімізде осы бағытта қолға алынған жұмыстарымен танысты. Сыр волонтерлары да тікелей байланысқа шығып, жылдың «Волонтерлар жылы» ретінде  жариялануы ерікті қоғам мүшелерінің жұмысына одан әрі серпін беріп, жауапкершілікті арттырғанын алға тартты. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр жастарының жұмысына оң баға берді. Жалпы, «Еріктілік – халқымыздың шынайы болмысы, салт-дәстүрі. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет» деген пікірімен  бөлісті.

Бұл кездесу  республика жастарының басын қосып, бағытын бір арнаға бұрды. Ең бастысы, волонтерлардың жұмыс істеуіне қажетті мүмкіндіктер қарастырылды. Олардың ендігі міндеті – білек сыбана іске кірісіп, ел игілігі жолындағы еңбекті жалғастыру.


 




Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ, 

Қызылорда Астана– Қызылорда.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2020 г. 206 0