Тілеуі бірдің туы биік

Қызылордадағы “Достық үйінде” Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Жасампаз 25 жыл» атты салтанатты шара болды. Сыр жұртшылығын айтулы мерекемен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады.
Ел тіршілігінің бейбіт, ты­ны­­сының еркін болуында Елбасы бастамасымен құрыл­ған қоғамдық келісім мен этно­саралық татулықты қам­та­масыз етуші бірегей инс­титут – Қазақстан халқы Ассам­блеясының маңызы ерекше. Тәуелсіздіктің 25 жылында ол барша саяси күшпен, бүкіл аймақ­пен байланыс орната білді. Ізгі қадамдардың бел ортасында жүрген іргелі ұйым елмен бірге өсіп, кемелденіп, конституциялық органға, ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айналды.
– Ассамблея тарихы – соңғы жиырма бес жылдағы тәуелсіз Қазақстанның тарихы. Қазақстан халқы Ассамблеясының дербес институт ретіндегі жолы, жетістіктері мен шыққан биігі еліміздің даму даңғылындағы айтулы оқиғалармен тығыз астасып жатыр. Ең бастысы, біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге, келісім мен бейбітшілікке негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді уақыттың өзі дәлелдеп берді, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі күні облыста отыздан астам этнос өкілдері берекелі тір­шілік кешуде. 2015 жылы ашыл­ған Достық үйі қоғамдық ке­лісім мен татулықтың темір­қа­зы­ғына айналды. Онда әр­түрлі этнос өкілдерінің тілін, мә­де­ниеті мен салт-дәстүрлерін дамы­­туға барлық жағдай жасалған. 
– Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің мызғымас бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген мәңгілік сүйіспеншілігін одан әрі ұлықтай түсуіміз қажет. Өйткені тату елде ғана тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады, – деді облыс әкімі.
Жиынға Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулдығының өкілі Ольга Мощеева құрметті қонақ ретінде қатысты. К.Бусыгин жұлдызды қалашық тұрғындарының атынан Сыр жұртшылығына кең құшағы мен дархан пейілі үшін алғыс білдірді. Жиналған көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған жерлесіміз, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаеваның, облыс­­тық Қазақстан халқы Ассам­блеясы мен Ресей, Өзбек­стан, Шешенстан, Оңтүстік Корея мемлекеттері өкілдерінің ыстық ықыласқа толы бей­не­құттықтауларын қабыл алды.
Бірегей экспонаттар, этнос­тардың ұлттық киімдері мен тұр­мыстық заттары қойылған көрме, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихынан сыр шертетін фотогалерея мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті. Қонақтар ұлттық аспаптар оркестрі мен этномәдени бір­лестік өкілдерінің өнеріне риза болды.
Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 ақпан 2020 г. 547 0