Ризашылық ризықты арттырады

Әу баста мереке  Құдайға жеткілікті ырыздық бергені үшін, отбасы мен достарына ізгі қарым-қатынасы үшін ризашылық білдіруден бас­талған. Диқандар күзде мол өнім жинағаны үшін таби­ғатқа, Жаратушыға алғыс айту үшін жиналған. Кейін АҚШ пен Канадада бұл мереке діни негізін жоғалтып,  жалпыхалықтық сипат алды.

Америка жағалауларына 1620 жылы алғаш табан тіреген ағылшындар асау мұхиттың толқындарымен арпалысып, қарашаның аязды күні қазіргі Массачусетс штатына әзер жетіпті. Келгендердің жар­тысынан көбі қатал қысқа шы­дамай, аштық пен ау­рудан қырылып қалды. Тірі қалғандары жергілікті үндіс­термен бірігіп колония құ­рып, солардың көмегімен жер игеруді бастайды. Отар­лаушы елдің Америкаға келген алғашқы губернаторы У.Брэдфорд 1621 жылы 90 үндіс пен тайпалардың көсемін жинап, оларға рахметін айтты.

Кейін АҚШ-тың тұңғыш президенті Дж.Вашингтон 26 қарашаны  Ризашылық күні, ұлттық мереке деп бекітті. Қазір бұл елдегі осы күннің қалыптасқан дәстүрлері бар. Бір отбасының мүшелері үлкен үйге жиналып, мерекелік дастархан жасалады. Дәмді етіп пісірілген түйетауықты, мүкжидек тұнбасын, асқабақ бәлішін  дастарханға қойып, бір-біріне құрметін білдіреді.

Канадада тойланатын Риза­шылық күнінің амери­кандық мерекемен түбі бір болғанымен, кейбір өзгешеліктері бар. Ал­ғаш 1578 жылы ағылшын теңіз саяхатшысы М.Фробишер өз сапарластарына мұзды жаға­лау­дан аман-есен өткені үшін алғыс айтқан. ХІХ ға­сырда бұл күн ұлттық мереке ретінде жарияланды. Канада парламенті 1957 жылы мере­кені қазанның екінші дүйсен­бісіне ауыстырды. Бұл кез егін жинайтын уақытпен сәйкес келеді. Ризашылық күнінде кана­далықтар да түйеқұс пісі­ріп, картоп езбесін, жүгері қойып дастархан басына жиналады. Халық шерулетіп, жаппай қыдырады. 

Немістер де бұл мерекені күзде, қазанның алғашқы жек­сенбісінде атап өтеді. Мол өнім мен несібе бергені үшін ту­ған жердің жомарттығына алғыс білдіруді фестивальға айнал­дырған. Бұл күні шіркеулер мен қалаларда, әсіресе ауылдарда салтанатты шаралар өтеді.  Оған қатысушылар қолдарына жеміс-жидек, дәнді дақылдар, гүлдер ұстап шығады. Дастарханға құс еті қойылады.

Еңбекқор жапон халқы бұл күнді еңбекке ризашылық күні деп белгілеген. О баста жұмысшылардың құқын қорғау үшін атап өтілген болса, қазір саяси сипаттан ада, ұлттық мерекеге айналды.   1948 жылы екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қалжыраған жапон билігі бүкіл бақ та, жақсылық пен дәулет те, тек еңбек арқылы келетінін халыққа осылай ұғындырған. Сөйтіп, күріш жиналған қара күздің 23 қарашасын «Еңбек күні» немесе Алғыс айту мерекесі деп жариялаған. Содан бері осы күні Күншығыс елінің тұрғындары еңбектің құдіреттілігі туралы айтып, бір-біріне алғыс сезімін білдіреді.

Қытайлықтар Ризашылық күні жиын-терім маусымының аяқталғанына қуанып,  астықты жинап алғаны үшін Айдаһарға алғыс айтудан бастайды. Қыр­күйек айының соңы мен қазанның ортасындағы мере­кені «күз ортасындағы фес­тиваль» деп те атайды. Әдемі киініп, шеруге шыға­ды. Кеш­кілік айға қарап,  жақ­сы­лық, молшылық болуын тілейді.

Ризашылық мерекесі Кариб аралдарына қарасты Гре­­надада демократиялық би­­лікті қалпына келтіруге кө­мек­тескен американдық солдат­тарға құрмет ретінде, Батыс Африкадағы Либерияда молшылық сұрау үшін, Гол­ландиядағы Лейден қаласы тұр­ғындары АҚШ-қа алғаш барған ата-бабаларын ұлықтау үшін тойланады.

Біздің еліміздегі бұл күннің тарихы 2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, Жарлыққа қол қойғаннан басталады.

Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сес­сиясында сөйлеген сөзінде: «Сталиндік режим кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ ха­лықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлеріне орналастырды. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады. Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір- біріне деген достығы мен ма­хаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деді. Содан бері көктемнің алғашқы күні – Алғыс айту күні болып, еліміздегі түрлі этностарды бұрынғыдан да біріктірген мерекеге айналды.

Дөңгеленген дүниенің әр қиырындағы елдердің салт-дәстүрімен түрленген бұл мереке тағылымға бай. Әсілі «еңбекке, туған жер­ге, адам­дардың бір-біріне риза­шылығы ризықты арттырады» деген се­нім­нің астарында шындық бар.

«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 ақпан 2020 г. 133 0