ИНВЕСТИЦИЯ: меже – 481 млрд теңге

Биыл Сыр өңіріне 481 млрд теңге инвестиция тартылады. Негізгі капиталға инвестициялардың нысаналы индикаторын бекіту туралы меморандумға сәйкес осындай меже қойылып отыр. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен инвестор тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысында меморандум талаптарының орындалу барысы талқыланды.

Бұл – кеңес мүшелерінің биылдыққа бірінші рет жиналуы. Өткен жылы 4 рет бас қосып, 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселелерін пысықтап, инвес­тиция тарту, инвесторларды сүйемелдеуге жауапты ұйымды анықтаған болатын.

– 2019 жылдың қорытындысымен негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 400 млрд теңгені құрады. Яғни 2018 жылмен салыстырғанда 17,4 процентке артық. Нәтижесінде республика бойынша біздің облыс алғашқы төрттікке енді. Биыл да осы қарқынды төмендетпеуіміз керек, – деді аймақ басшысы.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев осы бағытта атқарылған жұмыс пен жоспар туралы айтып берді. Былтыр игерілген қаржының 22,1 проценті республикалық бюджетке тиесілі. «Ақсуат», «Сексеуіл» газ компрессорлық станция­лары, «Сарыарқа» газ құбыры секілді бірреттік жобаларға ел тайқазанынан қаражат бөлінді. Инвестицияның қалғаны өңір үлесінде.

– Соңғы 3 жылдағы талдау нәтижесіне сәйкес негізгі капиталға тартылған қаржы­ның басым бөлігі өнеркәсіп саласына, оның ішінде өңдеу, тау-кен өнеркәсіптеріне бағытталды. Құрылыс жобаларына 15 проценті, электр, газ және жылумен жабдықтау салаларына 52,9 млрд теңге қарастырылды, – деді басқарма басшысы.

Денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар секілді салаларға инвесторлар тарту әлеуеті де, маңызы да зор. Мысалы, онкология орталығын салу, Қызылорда қалалық №1 емхананың ескірген ғимаратын жаңалау, мектеп жетіспеушілігі мәселелерін шешуде мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік тетіктерін пайдаланған тиімді. Жаңақорғандағы тұралап тұрған томат пас­тасы зауытын іске қосатын уақыт жетті.

Кеңес отырысында қала және аудан әкімдері меморандум аясында бекітілген жобалардың орындалу жайын тілге тиек етті.

– Елбасы жалпы ішкі өнімдегі инвестиция үлесін 2024 жылдың соңына қарай 30 процентке дейін арттыруды тапсырды. Рес­публика бойынша инвестиция көрсеткіші жоғары межемен бекітілді. Биыл да жоспар аясында нақты шаралар атқарылуы тиіс, – деді облыс әкімі.


Назерке Саниязова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 наурыз 2020 г. 384 0