Қ.Ысқақов: Халық саулығы басты назарда

Бүгін Мемлекет басшысы жариялаған үндеуге орай төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен жиында профилактика шараларына баса мән берілді.

Отырыста аймақ басшысы қала және аудан әкімдіктері, облыстық кәсіпкерлік және туризм, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары, облыстық полиция департаменті және өңірдегі «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасымен бірлескен түрде көпшілік шараларға тыйым салып, адамдар көп шоғырланатын объектілерде санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтау қажеттігін тапсырды.

– Ірі сауда объектілерінің жұмысы санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейтумен сағат 10:00 мен 18:00 аралығында, ал, тауарлар базарларының жұмысы санитарлық қауіпсіздікті күшейтумен және залалсыздандырумен сағат 11:00 мен 17:00 аралығында шектелсін. Сондай-ақ, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынып, санитариялық-дезинфекциялық режим күшейтілсін. Бізге ең бірінші халықтың тыныштығы маңызды. Мемлекет басшысы, Үкімет тарапынан тиісті тапсырмалар келіп отыр. Енді біз осы берілген тапсырманы өз дәрежесінде орындауымыз қажет. Сенбі күні қаланың үлкен және әлеуметтік дүкендерін аралап көрдім, азық-түлік қоры жеткілікті. Тұрғындар тұтынатын 19-дан аса өнімнің барлық түрі қамтылған, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусаметов облыстағы ахуалға тоқталып, қауіпсіздікке қатысты тыйымдарға бейжай қарамауға шақырды. 

– Медицина қызметкерлерімен жедел әрекет ету қағидалары, профилактика, дезинфекциялау режимін сақтау, жеке қорғаныш құралдарын қолдану шаралары бойынша оқу жаттығу, семинар сабақтары өткізілді. Жаттығудан кейін медицина қызметкерлері анықтаған кемшіліктер талқыланып, коронавирус туралы мәліметтер қайтадан пысықталды. Аурудың алдын алу барысында емдеу-сауықтыру мекемелеріндегі қажетті қорғаныш құралдарының, дезинфекциялау заттарының, дәрілік препараттардың қоры туралы мәлімет жинақталып, мониторинг жүргізілуде. Жалпы, инфекцияны емдеуге байланысты аймақта дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, – деді Ж.Әбдусаметов.

Отырыста облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова аймақта алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданып, шұғыл жағдайлардағы алгоритм бекітілгенін мәлімдеді.

– Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекциясының алдын алу шараларын одан әрі күшейту туралы Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 4 наурыздағы №12-ПГВр қаулысына сәйкес, COVID-19 жағдайлары тіркелген елдер үш санатқа бөлінеді. Жүктемеге байланысты осы елдерден ҚР-на, соның ішінде облысқа келген адамдарға қатысты эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. 24 ақпаннан бастап аталған санаттар бойынша облысымызға келген 55 азамат 14 күнге оқшалаумен карантинге орналастырылды. Бүгінгі күні 41 азамат оқшалау карантинінен шығарылды, қалған 15 азаматқа бақылау жалғасуда, – деді Ә.Әбдіқайымова.

Жиыннан түйгеніміздей, төтенше жағдайға байланысты үйлестіру жұмыстары жоғары дәрежеде жүргізілуде. Коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша сақтық шаралары әлі де жалғасады. Ең бастысы –  тұрғындардың COVID-19 инфекциясымен күрес шараларына салғырт қарамай, енгізілген шектеуге жауапкершілікпен қарағаны.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

Суретті түсірген: Б.ЕСЖАНОВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 наурыз 2020 г. 413 0