Көшеттің көптігі емес, көктегені керек

Біздің аймақта жылына 200 мың көшет егіледі-мыс. Бірақ, осы қағаз жүзінде ғана жайқалған дүние секілді емес пе?! Сандық көрсеткішке сенімсіздік бар. Бәлкім, егілген де болар, бірақ сол көшеттер шықса, талай төңірек көрке­йер еді ғой. Көшеттің көктемеуіне не себеп?!
Ташкентте туған Бектай ақсақалды білмейтін қызылордалықтар кемде-кем шығар. Әсіресе, көктем салым осы шынашақтай шалды іздеушілер көбейіп кетеді. Айтпақшы, ол Ташкентте туғанымен бала күнінде бір түн ішінде белгісіз себеппен 80 шақты үй Шардараға қоныс аударған еді. Одан бергі бағбан Бектайдың оқу бітіріп, мамандықпен жұмыс жасап, тұрақтанған жері Сыр бойы екенін өзінен естіп білдік.
– Алматы ауылшаруа­шы­лық институтының орман шаруашылығы бөлімін бітірген соң, жолдамамен Тереңөзекке келіп, Жаңадария орман шаруашылығы мекемесінде жұмысты бастадық қой. Содан бері тал егу, көшет отырғызу мәселесімен айналысып келемін, – дейді ол.
Өз саласында бірнеше ғылыми мақала жазған ақсақал көшеттің түр-түрімен зейнетке шыққан соң шындап айналысса керек. Белгілі ғалым, профессор Петр Бесчетновқа жас күнінен шәкірт болған бағбан калифорния­лық теректің (америкалық терек пен Қазақстан жеріндегі теректі алғаш будандас­тырған) алғаш Сыр бойына әкелінуіне көп еңбек сіңірген. Сексеуілді тұқыммен егуді ұйымдастырып, орман шар­уашылығы тақырыбында көптеген мақалалары шет ел басылымдарында шығыпты.
– 90-жылдардан бері «Бағбан» шаруа қожалығын ашып, көшет өсіру, жеміс-жидек талын отырғызу жағынан питомникті қолға алдық. Ағаш тұқымдарын қалай өсіру керектігі, жеміс талдарындағы зиянкестерді улау, күтіп-баптау сияқты жасымнан үйренген тәжірибемді пайдалана бастадым. Мені таң қалдыратыны, неге екені белгісіз, Қызылорда жеріне әбден үйренген қара ағаштан қашамыз біз. Ол – жоқ дегенде, отыз жылдан әрі өмір сүретін тал. Әрі үлкен, сая­лы. Ақ терек, көк терекке үйірміз. Ол біздің жергілікте жерге тиімсіз, үш-төрт жылға жетпей басынан қурап өле бастайды. Әсіресе, ақ терек сондай. Ол Өзбекстан, мына Шымкентте жақсы өседі, – дейді Бектай ақсақал.
Тұрғындардың көбісі Бектай ата өсіретін калифорния­лық теректі алады. Суыққа төзімді талды 3-4 жылда бес метрге дейін ұзартуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ жеміс көшеттері де қолдан-қолға тимейді. Неге? Өйткені, ақсақал базардағыдай көшетті жай бере салмай, оның егу технологиясын түсіндіріп әлек.
– Тұқымнан да өсіремін, қаламша дейміз, талдың бұтағынан да көшет дайындап жүрмін. Қара күзде жыл бойы жинаған алма, өріктің тұқымын дайындалған жерге сеуіп тастайсың. Одан жы­пыр­лап, мыңдаған дана көшет шығады. Оны арнайылап жеке-жеке өсіресің. Сол дайындаған көшетің 3 жылда қайта жеміс беруге жарайды, – дейді бағбан қария.
Ақсақал жеміс ағаштарының көшетін 500 теңгеден, ал тал көшеттерін 80-150 теңге аралығында сатып отыр. Бір жылда 3-4 мың жеміс, теректен 15 мың көшет дайындап, қара ағаштан қанша көшет керек болса да тауып береді. Біз қара базардағы көшет жайын сұрағанбыз.
– Базар деймісің? Онда­ғы баға да осымен шамалас. Олар көшетті Сарыағаш, Шым­кент, ар жағы Ташкенттен алдырып отыр. Саудаға олар да бала-шағасын асырауға барады. Енді қараңыз. Сырттан келген көшеттердің бізге келем дегенше бойындағы су тартатын өте нәзік, жіңішке тамырлары бар, солар кеуіп кетеді, жолда бүлінеді. Екінші жағынан бұлар жылыжайда өскен. Ал енді анығын айту керек, жылыжайда өскен көшеттердің ғұмыры тым қысқа, – деп бір түйді
Бүгінде көшет дайындауды Бектай ақсақал бизнеске айналдырса, жеке бау етіп, қызығушылықпен өсіретіндер де жетерлік. Біздің келесі ке­йіпкеріміз өз жан қалауымен шыбық шаншуға көптен құмар. Қала тұрғыны Ержан Батыршаев көбіне-көп интернет ақтарып, көшет өсірудің қыр-сырына қанығып жүргенін айтады.
– 2016 жылдан бастап тәжірибелер жасап келемін. Құлпынай, қызанақ, қияр, хош иісті гүлдердің кейбір түрлерін егіп көрдім. Тұ­қым­дарын интернет арқылы алдырамын. Басында ештеңе шықпай, көңілім қалды. Ғаламтордың көмегіне жүгінуге тура келді, ютубтағы роликтерге сүйендім. Көргенімді бұлжытпай жасап, соның арқасында оң нәтиже шыға бастады. Жалпы көшет өсіруде тұқымның сапасы, жері, суы, температурасы өте маңыз­ды. Бүгінде жүзім өсі­руге бет бұрып келемін. Біздің климатқа қолайлы жеміс. Мақсатым – жаңа сорттарын егу, оны өңдеу, – дейді Ержан.
Мақала арасында базарды айтып қалдық қой. Мұндағы ең қымбат шырша көшеттерін 600 теңгеден ала аласыз. Жүзім 400, ал биыл теректің бір данасы 300 теңгеге бағаланыпты. Бағасы 500 теңгеден жоғары болатын жеміс көшеттері де  түрлі сорт­тарымен толып тұр. Бұның барлығы облысқа сырттан тасымалданады. Анығы, көрші Түркістаннан келеді. Біз келген көшеттің барлығын жарамсызға балап, сапасын сараптаудан аулақпыз, сонда да сын көзбен қараушылар жетерлік. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Байкенже Ахмедов мұның сырын түсіндірді.
– Көшет отырғызудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Біз базардың көшетін пайдаланамыз. Шықпай қалса, тағы  ренжиміз. Оның себебін көзбен көріп барып айту керек. Базарға келген көшеттің неше күнде келгенін білмейміз ғой. Қандай күтіммен сақталғанын, қалай, қайда өсіргенін, жолда үсік шалды ма, ол жағы да беймәлім. Сондай-ақ, жас көшетке тыңайтқыш ретінде өлмеген, жас қиды пайдаланамыз. Өлгені деп отырғанымыз, әбден шіріген, 4-5 жылдық қи. Біз жас қиды көшет түбіне саламыз, ол жаз ортасы шілдеде қызады. Қызған қи өсіп тұрған көшеттің тамырын қияды. Көгеріп тұрған талың әп-сәтте қылжиғанын сол кезде бірақ көресің. Сосын қиды бетіне салу қажет. Сонда оның сөлі сумен бірге топыраққа шөгіп, тамырға барады. Ал біз керісінше қиды астына тастап, бетін топырақпен жаба саламыз, – дейді сала маманы.
Байкенже Ахмедовтың айтуынша, көктемде талдарды әктеу деген түсінік қате. Ғылымда оған тыйым салынған. Ол тірі организмге у жағумен тең. Жас талды әктеп қою – оны улау деген сөз.
Сонымен көктем кіре қала мен аудан төңірегінде ашық сенбіліктер ұйымдастыры­лып, көшет отырғызу нау­қаны басталады.  Екі күрек топырақты арши салып, жас шыбықты қақитып қоюды кім-кімде біледі емес пе?! Мақала басында айтылғандай, бүгінде осы күнге дейін пәлен мың «шыбық шаншығандардың» еңбегі біз айтпай-ақ еш кеткені анық көзге бадырайып тұр. Бізге керегі, көшеттің көптеп отырғызылуы емес, көптеп көктеуі ғана. Әйтпесе, арық жағалай отырғызған ақ терегің де, қара талың да күтімі болмаса, көгермесі хақ. Мұндайда тал егіп терлегендердің тәжірибесіне сүйеніп, жер бабын таба білгендердің ақылына сүйенген де артықтық етпейді. Сападан гөрі санды айқайлап айтқаннан ұтқанымыз шамалы. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғибратты сөз өміршеңдігімен қалу керек шығар.

Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы».
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 наурыз 2020 г. 569 0