Өтпелі кезең өзгерістері

Қазақстанның 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай режиміне көшуі халықтың өмір сүру тәртібін өзгертті.
Той-томалақ толастап, адам аяғы көп орындарда кісі қарасы азайды. Әсіресе, карантин жарияланған қос мегаполисте бұрынғыдай ерсілі-қарсылы жүріс жоқ. Жұрт үйден шықпауға да үйренгендей. Аурудан қор­ғанудың қарапайым амалы – жеке бастың та­залығын балаға дейін қа­таң сақтау. Ең бастысы, өтпелі кезеңнің қиындығын жұдырықтай жұмыла көтере білетін бірлігіміз сол күйі екеніне көзіміз жетті. Тұңғыш Президент – Елбасы Үндеуінің төңірегіне топтасқан отандық бизнес өкілдері жақсылық жасауда аянып қалып жатқан жоқ. 23 наурыз күнгі мәлімет бойынша «Birgemiz» қоғам­дық қорына олардың қол­дауымен 41 миллион доллар­дан астам қаржы жиналды.
Әлемді әбігерге салған індет ел экономикасына да әсер етпей қоймады. Шағын және орта бизнестің шаруасы қиындап, біршама адам жұмыстан шығып қалды. Кейбір ата-аналар бала­мен үйде отыруға мәжбүр. Мекемелер мен кәсіп­орындардың көбі, мек­тептер, колледждер мен жоғары оқу орындары жап­­пай қашықтан жұмыс істеуге, онлайн оқуға көшті. Дегенмен, Үкімет уақытша қаржылай қиындыққа тап бол­ғандарды қолдауға дайын. «Біз экономикалық жағ­дайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орын­дайды», – деді Прези­дент телевизиялық Үн­деуінде.
Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтен­ше жағдай уақытында та­бы­сы­нан айырылған аза­мат­тарға әлеу­меттік төлем тағайындаудың жаңа тәр­тібін әзірледі. Бір жұмыс­шыға мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлем мөлшері бір минималды айлық жалақыға немесе 42,5 мың теңгеге тең. Оған қол жеткізу үшін жұмысшының төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айдың кем дегенде 3 айында қорда ау­дарымы болуы керек. Әлеу­меттік төлем орта, шағын және микробизнес жұ­мыс­шыларына ғана ар­налған.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктер тұтынушыларға кеші­ріммен қарап отыр. Төтенше жағдай салдарынан несиесі бойынша міндетін өтемегендер жауапқа тар­тылмайды. Төлем мерзімі өткен жағдайда айыппұл мен өсімпұл есептемейді. Қаржы ұйымдары барлық іс-әрекетті автоматты түрде орындайды. Сондықтан ол үшін әдейілеп банкке барудың қажеті жоқ. Бірақ әр банктің төлем бойынша ұсынып отырған мерзімі әртүрлі. Мәселен, бірі қарызды өтеу уақытын тек 15 сәуірге дейін созса, енді бірі клиенттеріне 90 күнге дейін рақымшылық жасады.
Мұндай қолдау жеке кәсіпкерлер үшін де көр­сетіліп, несие берешегін өтеу мерзімі 3 айға дейін ше­герілді. Президент тап­сыр­масына сәйкес заңды тұл­ғалар мен кәсіпкерлер бір жылға мүлік салығынан босатылды. Ұлттық банк қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірле­сіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңіл­дікпен кредиттеу бағ­дар­­ла­ма­сын әзірледі. Бағ­дар­лама аясында төтенше жағ­дайдың енгізілуіне бай­ла­­­нысты зардап шек­кен ша­ғын және орта кәсіп­керлік субъектілеріне, жеке кә­сіпкерлерге екінші дең­гейлі банктер 12 айға дейінгі мер­зімге жылына 8 про­центтен аспайтын көрсет­кішпен несие ұсынады. Бұл айналым қаражатын толық­тыруға мүмкіндік береді. Қар­жыны игеру мерзімі – 3 ай.
Оқушылар көктемгі кани­кулға шыққан 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында мектеп мұғалімдері қашықтан жұ­мыс істеп жатыр. Оларға ең­бекақы толық төленуде. Ал 6 сәуірден бастап балалар «Балапан», «Ел арна» теле­арналары арқылы білім алмақ. Білім және ғылым ми­нистрлігі хабарлағандай, сабақты Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің, рес­­­­пуб­­­ли­­калық, халық­ара­­лық, же­ке­меншік оқу орын­­­­дарының үздік мұға­лім­дері өткізеді. Ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курс­тар, вебинарлар әзір­ленді. «Бұл формат біздің оқушылар мен ұстаздар үшін үйреншікті емес. Сондықтан педагогтардың жұмысына түсіністікпен және құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Олар оқушыларын сағынды және мектепке келер сәтін асыға күтуде», – деді министр Асхат Аймағамбетов ата-ана­ларға жазған хатында.
Төтенше жағдай кезе­ңінде қошеметке лайық, еңбегі ерен өзге де мамандық иелері бар. Оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасы ар­қылы алғыс білдірді. «Халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге, поли­ция қыз­мет­керлері мен әскери қыз­мет­шілерге ризашы­лығымды біл­діремін», – делінген жазбада.
Президент қазақ­стан­дық­­­тарды сарыуайымға са­лын­­бай, карантин ереже­лерін қатаң сақтауға және сабыр­лыққа шақырды. «Көңіліміз көтеріңкі болып, жарқын болашаққа сенуіміз керек. Басты тойларымыз әлі алда. Коронавирусқа шалдыққандарға қажетті ем жа­салады. Азаматтарға, бизнеске материалдық қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2020 г. 116 0