«САЯХАТТА» ОЙЫН-САУЫҚ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

«САЯХАТТА» ОЙЫН-САУЫҚ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысы өтті.

Жиынды ашқан облыс әкімі күн тәртібінде 4 мәселе қаралатынын жеткізді. Мұнан соң облыс аумағында салынатын құрылыс нысандарының жобалары назарға  ұсынылды. Алдымен Жалағаш және Сырдария аудандарының базалық деңгейдегі мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйелерін құру жобасы туралы «Геоинфо» ЖШС директоры Владимир Цымбал баяндап берді. Айта кетейік, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйе­сі – елді мекендердің бекітілген бас жоспарының жұмыс жасауын және аумақты дамытуда мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ететін жүйе. Сондай-ақ ол аумақты игеруге байланысты мәселелерді шешуге қатысты тактикалық және стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған.
Ал, «Саяхат» шағын ауданынан ірге көтеретін сауда-ойын сауық кешенінің эскиздік жобасы туралы «Құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС құрылтайшысы Ислам Қозыбақов айтып берді. Сұлтан Бейбарыс көшесінен бой түзейтін нысанның жалпы құны 3 млрд теңгені құрайды, қаржы кәсіпкердің өзінен. Кешен құрылысы 18 ай ішінде бітеді. Бұл аралықта 300 адам, ал қолданысқа берілгенде 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Облыс әкімі қала басшысына кешенге қатысты тиісті құжаттарды дайындауда қолдау білдіруді тапсырды. Бұдан кейін «Арай»  шағын ауданында салынатын тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы жайлы «Жету» ЖК директоры Әлайдар Сыздықов айтып берді. Бұл жоба өткен айдағы отырыс­та талқыланып, кеңес мүшелері тарапынан тиісті ұсыныстар берілген еді. Сын ескеріліп, тұрғын үй кешенінің бас жоспары мен перспективалық көрінісі талапқа сай әзірленіпті.
Сондай-ақ, кеңесте күре жолдың бойында бой көтеретін тағы бір кәсіпкерлік нысанның жобасы талқыланды. Айта кетейік, алдағы 2 жыл ішінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойынан бірнеше санаттағы 33 сервистік қызмет көрсету кешені салынатын болады. Солардың бірі  – «В» санаты бойынша Төретам кенті тұсынан салынатын кешен. Кәсіпкер Амангелді Мұсаев құрылысты 2 жылда аяқтауға уәде етті. Кешен іске қосылғанда кент тұрғындарынан 20 адам жұмыспен қамтылып, өңірде туризмнің дамуына септігін тигізеді деп күтілуде.   
Жалпы, кеңес отырысына ұсынылған барлық жобалар қолдау тапты. Аймақ басшысы автобанның өн бойынан салынатын кешендер жобасы халықаралық талаптарға толық жауап бергенде ғана қолдауға ие болатынын және мерзімінде қолданысқа берілмесе жер телімі кері қайтарылатынын ескертті. Сонымен бірге құрылыстық жобаларда ұлттық сәулет өнері мен нақышының молынан қамтылуын және оның шығыстың классикалық үрдісімен үйлесім табуын басты назарда ұстауды тапсырды.  
 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 сәуір 2015 г. 959 0