АБЫРОЙЫ АСҚАН АЗАМАТ

357

0

АБЫРОЙЫ АСҚАН АЗАМАТТабиғатынан елгезек, кішіпейіл де ағеден мінездің иесі болып жаратылған жандар бар. Әрі ондай адамдар биікті бағындырып, алқалы топтан дара шықса да, сол қарапайым дағдысынан жаңылмайды. Керісінше, танымалдығы артқан сайын бойын жасыра түседі. Осындайда «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, осалдар мықтымын деп айғайлайды» деген халық даналығына еріксіз мойын ұсынасың. Егер сіз облыстық мәслихат депутаты, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев жайлы осылай ой түйсеңіз шындықтан жырақ кетпейсіз.
Мен Мәкеңді көп жылдан бері танимын. Кезінде біршама уақыт бірге қызмет те атқардық. Нақтысы, Өтеев – басшым, мен оған  бағынышты болдым. Сол тұста есімі жалпақ жұртқа танымал Шынтас Жалғасбаев ағамыз басқаратын кеңшардың күллі есеп-қисабының тізгінін ұстаған қазіргі кейіпкерім бойынан жігер-күші алаулаған аса сауатты жігіт болатын. Турасына көшсек, ел ішінде «Қазалының  Бауыржан Момышұлы» атанып кеткен Шәкең сынды темір тәртіпті ұнататын директордың сенімінен табылу екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Ал  Өтеев сондай сенімге қол жеткізді. Оны айтасыз анау-мынау адам бетіне тіке қарауға жасқанатын ағамыз Мнажадиннің орынды ұсынысын қолдап та жүрді. Көңілде күмән қалмауы үшін нақты дерекке жүгінсек. Мыңғырған малы, қыруар техникасы бар шаруашылықтың жұмысы таусылған ба? Бірін аяқтасаң, екіншісі кезегін күтіп тұратыны белгілі. Құрылыс материалдарына да сұраныс өте жоғары. Кеңшарда басы артық қаражат тағы жоқ. Не істеу керек? Директор осы түйткілді ортаға салғанда М.Өтеев көршілес облыстан баргерлік тәсіл арқылы қажетті құрылыс заттарын алуға ой қосты. Ұсыныс қабылданды. Арнайы жасақталған топты басқарып барып, мәселені реттеуді Шәкең кеңшардың бас есепшісі Мнажадинге тапсырды. Тапсырма орындалуымен құнды. М.Өтеевтің жетекшілігімен Түркістанға аттанған ауыл адамдары киелі шаһардан мол олжамен оралды. Сондай-ақ, Мнажадиннің ұсынысымен Сібір өлкесінен құрылыс материалдарын алуға келісім жасау үшін өкіл жіберу жайы да нәтижесін берді.
Кеңшардан соң аудандағы салық инспекциясының бөлім бастығы, ҚР Ұлттық Банкінің Ленинск бөлімшесінің бас есепшісі болып қызмет атқарған Мнажадин Сражадинұлы кейін кәсіпкерлік бағытқа дендеп бет бұрды. Еңбегі текке кеткен жоқ. Мнажадин қолымен құрып, өзі басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС нарық ағымы, замана көшіне құр ілесіп ғана қоймай өзгелерге үлгі бола білді. Азғана уақыттың ішінде шаруашылықтың бұғанасы бекіп, тынысы кеңейді. Өзгелер мойындап қана қоймай, қызыға әрі сүйсіне қарайтын іргелі ұжымға айналды. Өйтпегенде ше? Қалыптасу жолына ең алдымен Тәңірі қолдап талабы жүруі себепкер болды. Ал талапты ерге нұр жауатыны тағы мәлім. Сонан кейін ұзақ жылдар бойы іргелі шаруашылықтарда еңбек етіп мол тәжірибе жинақтауы септігін тигізді. Бұл күндері бақилық болған Шынтас Жалғасбаев, Ұзақ Оралбаев тәрізді ел басқарған нар тұлғалы ағаларының бойындағы асыл қасиеттерді санасына сіңіруі де үлесін қосты. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген қанатты қағиданы естуіңіз бар шығар. Бейнелері көпшілік жадында сақтаулы сол азаматтардың үлгі-өне¬гесі М.Өтеевтің бойынан табылса несіне таңда¬намыз. Мнажадин Сражадинұлының Қазалы аудан¬дық мәслихатының қатарынан ІІІ, ІV,V шақырылымдарының депутаты болып сайлануы, облыстық мәслихат депутаты атанып, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын иеленуі, «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы  бойдағы тектілігі қалаберді қара ормандай халқының сенімін ақтай білгені деп ұққан абзал. «Халық – Құдайдың бір аты» екені тағы даусыз.
Енді облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев жетекшілік жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС-ның тыныс-тіршілігін оқырмандар назарына ұсынсақ. 
Халық батыры Ақтан Ақайұлының есімін иеленген іргелі ауылда ашылған аталған серіктестік халықаралық сапа менеджементі жүйесімен жұмыс істейді. Шаруашылық негізінен күріштің «Ақмаржан», «Новатор», «Янтарь» және тағы басқа түрлерін өсірумен айналысады. Алғаш қадамын бастаған жылы 350 гектар жерге күріш егіліп, небәрі 35 жұмысшы-қызметкер жұмыс жасады. Сонан бергі уақытта «Сыр маржаны» өзінің қабілет-қарымын соны серпінге көтерді. Нақты кезеңде ұжымда 144 адам жұмыс жасайды. Егін науқандары кезінде бұл көрсеткіш ұлғая түседі. Техникалардың түгелге жуығы жаңаланған. Солардың арасындағы  компьютермен басқарылатын «Класс Тукано-440» комбайны еңбек өнімділігі тұрғысындағы өзінің ерекшелігімен көпшіліктің аузына ілікті. Өткен жылғы күріш егу, жинау маусымдарын ұйымшылдықпен жүргізген «Сыр маржаны» серіктестігі  2100 гектар жерге егілген күріштің  әр гектарынан 54,8 центнер өнім алды. Мұндағы «Новатор», «Янтарь» деп аталатын өте сапалы күріш түрлері Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресейге экспортталуда. 
Күрішті Оңтүстік Корея технологиясы бойынша өңдейді. Зауытта дәнді дақыл қабылданып, өңделіп, крахмал мен басқа да пайдалы заттарды бойында сақтай отырып, ақтаудың барлық кезеңінен өткізіледі. Серіктестік  тұқым шаруашылығы статусын иеленді. Бұл дайын тұқымды облыс көлемінде  сатуға мүмкіндігі бар дегенді пайымдатады. Сондай-ақ, серіктестік мал шаруашылығымен де шұғылданады. Әдепкіде 500 басқа арналған  мал бордақылау алаңының қуаты енді 3000 басқа  жеткізілді. Мұнда ірі қара малы үш ай семіртіліп, бордақыланады. Алдағы уақытта консервідегі бұқтырылған ет, шұжық, сүбе шығару комбинатын іске қосу ел қамын жеген азаматтың жоспарында жүр. «Сыр маржаны»  Астана қаласында өткен «Алтын сапа» сыйлығы және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсына қатысып, топ жарды. Облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Сражадинұлы жыл сайын халықтың әлеуметтік әлсіз тобына қаржы бөліп, ардагерлер мен балалардың лагерьлерде демалуына демеушілік жасаудан тартынған емес. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген осы. 
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді халық даналығы. Өтеевтер әулеті бұрыннан көпшілікке жақсы танымал, өсіп-өнген жандар.  Балиұлы Өте ақсақал туралы айтылар әңгіме аз емес. Атамыз заманында ауыл-аймаққа аса сыйлы адам болған. Ал, әкесі Сражадин ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен айналысқан ұстаз, анасы Нәзира – нағыз қазақ әйеліне тән дархан пейілді адам болатын. Сәкең мен Нәзира апай 6 перзентті өмірге әкелді. Баршасы жоғары білімді, түрлі салады еңбек жасайды.
Бүгінде Мнажадин мен Айгүл жеңгеміз 8 немеренің бал қызығына кенеліп отырған бақытты ата-әже. Ұлы Жамаладин – ҚР Бас Прокуратура басқармасының аға прокуроры. Қалған екі ұлы – студент, қыздары бір-бір шаңырақтың отанасы. 
Міне, көктем күні жарқырап маңайға нұрын шашып тұр. Осынау сәтте Өтеевтер  үлкен тойға қызу дайындықты пысықтап та үлгерді. Береке қонған әулет Мнажадиннің  60 жасқа толған кемел тойын кең көлемде атап өтпекші. Той тойға ұлассын, еліңіздің мейіріне бөленіп, алшаң басып жеткен асқаралы асуыңыз ұзағынан сүйіндірсін, абзал азамат!

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ. 
 Қазалы ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз