АГРОӨНЕРКӘСІПТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

49

0

АГРОӨНЕРКӘСІПТІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫАптаның бейсенбісінде
облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен агроөнер­кәсіп кешенін дамытуға
қатысты мәжіліс болып өтті. Мәжілісте «Агробизнес-2020» бағдар­ламасының іске
асуы, қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы
фитосанитариялық іс-шаралар жайы талқыға салынды. Агроөнеркәсіп кешені
субъектілерін қаржыландыру барысы мен облыстағы эпизоотиялық ахуал жайы
тыңдалды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы Б.Жақанов, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешені мемлекеттік инспекциясы
комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін
атқарушы Ж.Дүзелбаева, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов,
«Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ
облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы А.Абдуллаевтар баяндама жасады.

 

Аймақ басшысы мәжілісте облыс халқының тең жарымынан астамы
ауылдық жерде тұратынын, олардың әл-ауқаты осы саланы дамуына сабақтас екенін
атап көрсетті. Сондай-ақ, ол аграрлық сектордың дамуы Сыр өңірі үшін маңызды
болып қала беретініне тоқталып, бірқатар деректерді жария етті.

– Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында 11,4 млрд теңгенің
өнімі өнідіріліп, өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда өсім 3,4%
құрады. Ал тамақ өнімдерін өндіру өнеркәсібі бойынша (сусындарды қосқанда) 12,5
млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 6,6% құрап отыр. Облыс бойынша өткен жылмен
салыстырғанда төрт түлік мал басының саны көбейіп, ет өндіру 4,7 пайызға, сүт
өндіру 1,2 пайызға, жұмыртқа 0,4 пайызға
өсім қамтамасыз етілді. Егін шаруашылығы бойынша біз биыл күріштің көлемін
азайтып, орнына әртараптандыру арқылы майлы және бақша дақылдарын көбейту
жөнінде шешім қабылдап, ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру сызбасын
бекіттік. Қазір негізгі дақылдарды егу жұмыстары аяқталды. Бүгінгі күнге
барлығы 168,2 мың гектарға ауылшаруашылық дақылдары егілді. Егілген егіс көлемі
өткен жылмен (2015 жылы 167,3 мың га) салыстырғанда 884 гектарға артық. Атап
өту қажет, күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,4 мың гектарға
азайғанымен, басқа дақылдар көлемі артып отыр. Жалпы айтқанда, әртараптандыру
бойынша жұмыстарды барлық аудандар орындап шықты, – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге, Қ.Көшербаев өңірде агроөндірістің қарқынды
дамуына қарамастан, жағдайдың барлық аудандарда бірдей еместігін назарға салды.
Мысалы, үстіміздегі жылы негізгі капиталға инвестиция тарту төмендеуде,
инвестициялық жобаларды іске асыруда белсенділік байқалмайды. «Сыбаға», «Алтын
асық», «Құлан» бағдарламаларының көрсеткішері орындалмай, шаруашылықтар тұқым
түрлендіру жұмыстарын өз деңгейінде атқармауда.

Сыр өңірі үшін қазіргі таңда буферлі аймақтан шығу маңызды
мәселе болып отыр. Егер біз ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік туғыза алсақ,
агроөндірістің әлеуетін бұрынғыдан да едәуір арттырған болар едік. Мысалы, осы
бағытта облыста екі ірі мал бордақылау алаңдары іске қосылды, алдағы уақытта ет
комбинатын салу міндеті тұр.

– Өткен жылдан бастап облыста Қазалы және Сырдария
аудандарында екі ірі мал бордақылау алаңдары салынып, облыс орталығында 5 мың
тонна ет комбинатын салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа Сырдария ауданында қозы
етін экспорттауға бағытталған 10 мың бас қой бордақылау кешені, Жаңақорған
ауданында 50 мың басқа арналған қой бордақылау алаңы мен 7 мың тонна ет өндіру
комбинатын салу жобаларын іске асыру жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Биылғы жоспар бойынша біз 600 тонна етті экспортқа жіберуіміз қажет. Бұған,
жоғарыда атап өткенімдей, облысымызда барлық мүмкіндіктер жасалған. Алайда,
облыстың аусыл аурына қатысты шектеулі (буферный) аймаққа кіруіне байланысты
берілген жоспарды орындау мүмкін болмай отыр, – деген облыс әкімі эпизоотиялық
ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жыл аяғына дейін буферлік аймақтан
шығуды ұйымдастыруды сала басшыларына тапсырды.

Аймақта мал шаруашылығының дамуында алға ілгерілеу бар.
Мәжілісте төрт түлікті асылдандыру, шаруа қожалықтарына берілетін несиелер жайы
сөз болды, кездесетін кедергілер айтылды. «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ облыстық филиалы
директорының міндетін атқарушы А.Абдуллаевтың хабарлауынша, облыста ірі қара
малына салынатын сырға жетіспейді. Сондай-ақ, жылқы малын таңбалау өз жүйесін
таппай отырса, мал өсіргісі келетіндер жайылымдық жерге зәру.

Қазіргі таңда диқан қауымын қауын шыбыны алаңдатып отыр.
Еткен еңбек зая кетпес үшін тиісті жұмыстар атқаруға қаржы керек. Аймақ басшысы
бұл бағытта диқандарға қажетті көмек жасалатынын жеткізді.

Мәжіліс соңында аймақ басшысы барлық мәсе­лелер бойынша
нәтижелі жұмыс жасалу керектігін, тапсырмалардың алдағы уақытта қатаң бақылауда
болатынын айтты.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз