Қала әкімдерінің рейтингі

161

0

Қала әкімдерінің рейтингіҚала әкімдері үшін ақпан айы есеп беру айы болды. Өткен жылдың жетістіктері мен кем-кетіктеріне тоқталып, 2017 жылдағы жоспарларымен бөлісті. Халықтың арыз-шағымына құлақ асып, облыс орталықтарындағы нақты мәселелерге тоқталды. Әрбір әкімнің өз алдына жоспары бар. Жоспар – нақты қаланы дамытуға, қаланы қауіпсіз етуге, инфрақұрылымды күшейтуге, жол сапасына бағытталған.
SAIGEZ.KZ сайты әдеттегідей қала әкімдерінің рейтингін жүргізуді жалғастырады. Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды. Осылайша «үздік бестік», «орта бестік» және «аутсайдер бестік» деген бағалаумен 15 қала әкімінің ақпан айындағы көрсеткіштеріне тоқталайық. Қала әкімдерінің рейтингі
Негізгі басымдық қала әкімдерінің есебінің мазмұнына, салмағына беріледі. Наурыз айының басында Тараз қаласының әкімі ауысты. Облыс орталығының жаңа әкімі болып Рүстем Дәулет тағайындалды. Біз жаңа әкімді рейтингте наурыз айының қорытындысы бойынша қарастыратын боламыз. Ал, ақпан айын аяқтап, Тараз қаласына үлкен еңбек сіңірген, 3 жылдан артық шаһарды басқарған бұрынғы әкім Нұржан Календаров ақпан айының рейтингісіне қатысады.
Үздік үштік

Қала әкімдерінің рейтингі1. Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, ШЫМКЕНТ қаласы

Шымкент қаласының әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңес мәжілісінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Есепте көрсетілгендей, «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 64 көпқабатты тұрғынүй салынған (3777 пәтер). Одан бөлек, 32 тұрғынүй кешені (996 пәтер) «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек development» АҚ қолдауымен пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1302 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 35 отбасы жатақханаға орналастырылды. 52 жобаның іске асуы үшін 20 миллиард теңге бөлініп, оның 27-сі пайдалануға берілді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 13 миллиард теңге игерілді, 2015 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 6,7 миллиард теңгеге көбейген. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 327 миллиард теңгені құрап, 4%-ға өскен.
Ақпан айының басында OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде ең үздік көрсеткішке 43,3 балл жинаған Шымкент қаласы ие болды. Ел аумағындағы ірі 20 қаланың ішінде тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасады. Дауыс беруге қатысушылар Шымкентті «Жылы қала», «Жайсаң жандар мекені» ретінде үздік деп бағалаған.
Биыл Шымкентте көпқабатты үйлердің қасбеті жаңарады, 140 көпқабатты тұрғын үй сейсмозерттеуді қажет етеді және келесі екі жылда 90 үйге сейсмонығайту жұмыстарын өткізу жоспарланған.
Шымкент қаласының Бас жоспарына сəйкес, «Ескі қалашық» аумағын абаттандыру және қайта қалпына келтіру жұмыстары басталуда. Бұл туралы қала əкімі «Ескі қалашық» аумағында орналасқан кəсіп иелерімен кездесу барысында айтты. Жөндеуден өткен жолдардың сапа деңгейін Шымкент қаласының әкімі өзінің жеке қадағалауына алатынын айтты. Қалада жолаушы тасылмалдайтын автобустарды жаңартуды тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың ақпараттық белсенділігі басқа әкімдермен салыстырғанда оқ бойы озық тұр. Рейтингте тағы көш бастауына осы факторлар себеп болды.

Қала әкімдерінің рейтингі2. Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев, ҚЫЗЫЛОРДА қаласы

Қызылорда қаласы бүгінде жаңарып, жасарып келе жатқан республикамыздағы санаулы қалалардың бірі. Қала халқы санында өсім бар, қалада қауіпсіздік күшейіп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өткен жылы Қызылордада 4 мың отбасы баспаналы болған. Облыстағы құрылыстың 80 пайызы Қызылорда қаласына тиесілі екен. Демек, қала әкіміне жүктелетін міндет жоғары. Қалған облыстардан дәл мұндай көрсеткішті кездестіру қиын.
13 ақпан күні Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың халық алдындағы дәстүрлі есепті кездесуі өтті. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қала әкімдігінің атқарған жұмыстарына оң баға беріп, болашақта тұрақты және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін көп жұмыстар атқарылуы тиіс екендігін атап өтті.
Облыс басшысының алдындағы есебіне дейін қаланың 12 жерінде кездесу өткізіп, халықтың мұң-мұқтажына, сұраныстарына құлақ асты.
Өткен айдың рейтингін жасағанда сарапшылар Нұрлыбек Нәлібаевтың атқарып жатқан жұмыстары көп болғанмен, ақпараттық белсенділігі төмен деп айтқан болатын. Ақпан айындағы көрсеткіш бойынша Нұрлыбек Мәшбекұлының БАҚ беттерінде жиі көрініп, белсенді бола бастағанын аңғарылады. Оның үстіне, ақпан айында қала әкімінің орынбасары ретінде жас әрі жаңашыл маман Шахмардан Баймановқа қызмет берді. «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы болған Шахмардан Асқарұлы тәжірибесіне сүйеніп, қаладағы жастар мәселесін жандандырып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қаладағы идеологиялық жұмыстар бойынша ілкімді істер жасайды деп сенеміз. Нұрлыбек Мәшбекұлы бұл жолы рейтингте осы аталған критерийлер  бойынша екінші орынға көтерілді.

Қала әкімдерінің рейтингі3. Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев, Талдықорған қаласы

Қазір нағыз жастардың қаласына айналған бір қала болса – ол Талдықорған. Елімізде жоспарсыз жүріп жатқан урбанизация бар. Ал, Талдықорған қаласында өңірлерден қалаға көшкен тұрғындарды жылы қабылдап, барынша мүмкіндік жасап отыр. Бағдат Қарасаевтың берген есебі бойынша, қалаға өзге өңірлерден қоныс аударып келіп жатқандар көп. Олардың барлығын балабақшамен, мектеппен, емханамен, баспанамен қамтуы керек. Міне осы бағытта биыл 1200 орындық 2 жаңа мектеп салынады. 300 орындық музыка мектебі, емхана, балабақшалар салуды жоспарлап отыр. Бүгінде қала халқының саны 167 мыңнан асады. Жылына қала аумағында 2800-3100 аралығында нәресте дүниеге келіп жатыр.
Ақпан айының басында OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде ең үздік көрсеткішке ие болған екі қаланың бірі – осы Талдықорған болатын. Тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасап, Талдықорғанды Шымкенттен кейінгі үздік екінші қала деп тапты.
Қала басшысының есебіне қатысқан облыс басшысы Талдықорғанда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтып, қала әкіміне жеке кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды, өндіріс орындарын аралап, бақылау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Мектеп, балабақша құрылысын да назардан тыс қалдырмауды айтты. Демек, бұл қаладағы даму ұмтылысы тоқтамайды. Қала әкімінің рейтингте үшінші орынға жайғасуына осылар себеп болды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз