ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

129

0

ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІЖақында Мемлекет басшысы «Қала басшысы қала қожайыны болуы керек, қаланы жақсы көруі керек. Жақсы әкім таңғы сағат 5-те тұрып, орынбасарларымен және аппаратпен бірге бүкіл қаланы аралап шығады” деген кеңес айтты. Мұны «Исекешев, саған айтам, басқа қала әкімдері де құлақтарыңа құйып алыңдар” деген сипатта жеткізді. Бұл облыс орталықтарын басқарып отырған қала әкімдеріне жол сілтеу, бағдар беру еді. Алайда, мемлекет басшысының бұл сөзін іліп әкетіп, нәтиже шығарғандар өте сирек болды.
Бұл жолы қала әкімдерінің рейтингі тек сәуір айында атқарған жұмыстарымен ғана өлшенбейді. Сәуір айына тоқтала отырып, жыл басынан бері атқарған жұмыстарын есепке алып I тоқсанды қорытындылаймыз. Сондай-ақ, жоғарыда келтірген Елбасы сөзіне байланысты тақырыбымызды «Қаласын жақсы көретін әкімдер кімдер?» деп алдық.
Сәуір айында бірнеше облыста су тасқыны болды. Тіпті, тілсіз жау даланы ғана емес, кейбір қалаларды да баса жаздады. Ең бірінші адам қауіпсіздігі, тұтас қала қауіпсіздігі бірінші орында тұруы қажет екенін ескерсек, қала әкімдеріне артылатын жүктің салмағы ауыр.
Бірден айта кетейік, SAIGEZ.KZ сарапшылары қалалардың емес, қала әкімдерінің рейтингін жасайды. Кім қаншалықты жұмыс атқарды? Нәтижесі қандай? Атқару бар да, көрсете білу бар. Қаладағы тазалық, инфрақұрылым, бақылау, қылмыс деңгейі, туристерге ұсынатын қызметі мен орындар, халықпен байланыс орнату….. «Белсенділік қала әкімдеріне не үшін керек?» дейтіндер табылады. Оған соңғы жылдары Елбасының кадрды сырттан емес, іштен таңдап, облыс орталығын басқарып отырған білікті басшыларды облыс әкімі етіп қойғанын алға тартуымызға болады. Сондықтан, бүгінгі қала әкімдері үшін тек жұмыс істеу аздық етеді.
Бұл рейтингте Алматы мен Астана секілді мегаполистердің (облыспен теңестірілетін қалалар) басшылары есепке алынбайды. Негізінен барлық облыс орталықтарының әкімдері мен Семей секілді алып қаланың басшысын негізге алдық. Қала әкімдерінің жүйелі жұмыстары, ақпараттық белсенділігі, перспективасы және олардың жұмысы туралы негативтер мен оң бағыттағы мақалалар бағалаудың негізгі критериі ретінде қаралды. Осылайша «үздік бестік», «орта бестік» және «аутсайдер бестік» деген бағалаумен 15 қала әкімінің СӘУІР айындағы көрсеткіштеріне тоқталайық.

ҮЗДІК БЕСТІК

ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ1.Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы, ШЫМКЕНТ қаласы
Тамыз айында Ғ. Әбдірахымовтың Шымкент қаласын басқарып отырғанына 2 жыл толады. Шымкентті ресми түрде облыс орталығы деп танығанмен, оны Алматы, Астана секілді мегополистермен салыстыра қарайтындар аз емес. Оның үстіне, шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы қызметіне кіріскен күннен бастап қаладағы мәдениетті жандандыруға, қаланың артықшылықтарын барынша пайдаланып, кемшіліктерін жетілдіруге көшті. Жақында ОҚО-ға, нақтырақ Шымкент қаласына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапармен барды.  Қаладағы біраз орындарды аралап шықты. Алайда, байқампаз Президент бұл жұмыс сапарында қалаға қатысты ешбір арыз-шағым айтпай, облыс деңгейіндегі атқарылатын мәселелерді ғана сөз етіп қайтты. Бұл біріншіден, қала басшысына берілген баға.
26 сәуірде еліміздегі ең басты жаңалық тарататын сайттардың бірі tengrinews.kz сайтында «Шымкент сытый. Репортаж из южного мегаполиса Казахстана» деген тақырыппен арнайы фоторепортаж жарық көрді. Мұнда қала өмірі, қала халқының мінезі, қала жұртының пікірі оқырманға рет-ретімен беріліп, оқыған жанды қалаға сүйрейтіндей Шымкент қаласының ең озық тұстары көрсетілген. Әзірге облыс орталықтарының арасында қаланы дәл осылай жарнамалау, қалаға туристер тарту үшін осындай сәтті қадамдарға бару басқалардың қолынан келетін емес. Қазір Шымкентті туризм орталығына айналдыру жоспарланып, облыс әкімдігімен арнайы жоспар құрып отыр.
Қала әкімі Шымкентте жастар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында жасөспірімдер спорт лигасы құрылатынын айтты. Расымен, Шымкент қаласында қылмыс көбейіп кетті. Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында облыс прокуроры Ибраһим Иманов Шымкент қалалық Жергілікті полиция қызметінің жұмысын қатты сынға алды. Облыс бойынша қылмыстың басым көпшілігі Шымкент қаласында тіркелетінін, жергілікті полиция қызметкерлері көзбояушылық жасап жүргенін айтты.
Шымкент қаласының өзінде 30 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ғабидолла Әбдірахымов тұрғын үй салуға «Оңтүстік ӘКК» арқылы инвесторлар  тарту керектігін алға тартты. «Бос пайдаланбай жатқан жерлер көп. Жер иелері көпқабатты тұрғын үй салуы керек, шамасы жетпесе жерді мемлекетке қайтаруы тиіс», – деді қала басшысы.
ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ2. Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев, ҚЫЗЫЛОРДА қаласы
Қызылорда қаласының әкімі қалада салынып жатқан нысандарды, мәселелі аймақтарды үнемі аралап, қадағалауды әдетке айналдырған басшылардың бірі. Қаласын жақсы көретін, қаланы бес саусағындай білетін әкімдерді бірі Нұрлыбек Мәшбекұлы. Жақында Нұрлыбек Мәшбекұлы Арай тұрғын ауданында орналасқан қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштіӊ қайта жаӊғырту жұмыстарымен танысты. Бұл жұмысқа бюджеттен 142 млн.470 мыӊ теӊге қаралған. Бұрынғы келбетін сақтай отырып ескерткіш толық мрамор жабындысымен қапталуда және шағын аллея мен арнайы тағзым ету орындары қарастырылған бұл аумақта жарық шамдар, орындықтар орнатылып, кеспе тастар төселеді.
– Бұл жұмыстармен қатар, Жібек жолы даӊғылынан бастап ескерткішке дейінгі аралықтағы Әбдіреев көшесін толық қайта жаӊғыртудан өткіземіз. Екі бетіне жаяу жүргіншілер жолы және жарық бағаналары орнатылады. «Өткенге салауат, келешекке аманат” – демекші, осы күнді аӊсап кеткен Алаш қайраткерлеріне құрмет қай заманда болсын ұмытылмауы тиіс. 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне дейін қайта жаӊғырту жұмыстарын толық аяқтап, биылғы «Алаш” қозғалысыныӊ 100 жылдығына орай осы жерде үлкен шара ұйымдастырамыз, – деді қала әкімі Н.Нәлібаев.
Қаланың тазалығы өз алдына, бүгінде шаһар тұрғындарын таситын қаладағы автобустар толықтай жаңаруға жақын. Ескі көліктердің орнына су жаңа автобустар қатынап жатыр. Бұл тек қала тұрғындары үшін ғана емес, қала қонақтарына, яғни туристер үшін де жасалып жатқан қадам. Ендігі ретте Қызылорда қаласында жалпы аумағы 5 гектар жерге, сыйымдылығы 200 қоғамдық көлікке лайықталған жаңа үлгідегі автобус паркі салынып жатыр. Қала басшысы автобус тұрағының жақында пайдалануға берілетінін айтты. Бұл автопарктің ерекшелігі, қала көлемінде қызмет көрсететін үлкен сыйымдылықтағы автобустарға арналған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңы және автобустардың үздіксіз жұмыс жасауына жағдай жасайтын түрлі мүмкіндіктер қарастырылатын болады.
Автобус паркінің құрылысы толық аяқталып, іске қосылған жағдайда 250 – 300 тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қызметін сапалы ұйымдастыру мақсатында Қорқыт ата көшесі, Темір жол вокзалы мен Саламатов көшесі бойында 3 диспетчерлік пункттердің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен.
3. Бағдат Әбілмәжінұлы Қарасаев, Талдықорған қаласыҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Бағдат Қарасаев жұмысын көрсете білетін қала әкімдерінің бірі. Қарасаев туралы интернеттен іздесеңіз, өте сапалы фотоларымен бірге қалада атқарылып жатқан жұмыстары туралы жүйелі ақпаратты таба аласыз. Бұл тек қала әкіміне ғана емес, қала әкімдігінің баспасөз қызметіне берілген оң баға.
Сәуір айы Талдықорған жұрты үшін үлкен сүйінші хабармен есте қалды. Жақында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Жетісу өңіріне жұмыс сапарымен барғанда «Талдықорған» автоматтандырылған газ бөлу стансасына барып, Талдықорған қаласына тұңғыш рет табиғи газ барғанын хабарлады. Көп ұзамай 264 шақырымдық «Алматы – Талдықорған» магистралды газ құбыры іске қосылып, қала жұрты көптен күткен арманына қол жеткізді.
Қала онсызда жасыл, ағашқа бай болса да 4000 көшет отырғызылды. Көз тартар әсем қала биік ғимараттарымен емес, жасыл желек, биік ағаштарымен әрін бұзбай, қалпын сақтап қалуға тырысады.
ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ4. Испанов Ілияс Сапарбекұлы, Ақтөбе қаласы
Сәуір айы ақтөбеліктер үшін оңай болған жоқ. Қаланың бір бөлігін су басты. Жапа шеккендер көп болды. Ақтөбе қаласында 283 саяжай аумағында салынған үйді су басты. Оның бесеуі — қираған. 734 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жол жабылды, кебір аумақтардың қаламен байланысы үзілді. Қала әкімі осы оқиғаның басы-қасында жүрді. Үйін су басқан тұрғындардың әрқайсымен сөйлесіп, көмек беретінін айтты. Судың астында қалған тұрғындар қала басшысының жұбату сөзінен кейін үлкен үмітпен бұл қиындықтан шығатынына сеніп отыр.
Алайда, кейбір сәтте ашу-ызаға булыққан халықтың сөзіне ашумен жауап беріп сынға ұшыраған кездері де болды. Бірақ, халықты қауіпсіз жерге орналастыру үшін мектеп базаларында 12 пункт ұйымдастырылды.
— Қазіргі күні 150-ге тарта арнайы техника жұмылдырылуда. Сонымен қатар 20-ға тарта экскаватор, тиегіш, 100-ге тарта су сору техникалары іске кірісті. Сондай-ақ, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 10 автобусты резервке қойдық. Су басқан аймақтарда тұратын адамдарды қауіпсіз жерге көшіретін орталықтар арнайы ұйымдастырылды. Үш тәуліктен бері орталық нақты көмекті қажет ететін адамдарды қабылдап жатыр. Орталықта адамдарға жатын орын мен ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бүгінгі күні, орталық әлі де 300 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар, — деді І.Испанов.
Ақтөбе қаласы Шымкентпен бірге ең үлкен облыс орталықтарының бірі. Сол себепті, Ілияс Сапарбекұлының жұмысын тек су басқан жағдаймен қлшеуге болмайды. Әйтсе де, тілсіз жауға дайын болмаған қала әкімі бұл жолы рейтингте көш бастайтын мүмкіндігін жіберіп алды.
5. Төреғалиев Нариман Төреғалиұлы, ОРАЛ қаласыҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ
Орал қаласының әкімі бәрінен бірінші болып тұрғындармен телеарнаның тікелей эфирінде байланысқа шықты. Маңызды деген 100 сұрағына жауап беріп, алда шешілетін мәселелермен қала жұртын қуантып қойды. Биыл қалада 72 шақырым жол жөндеуден өтетінін айтты. Бүгінде Орал қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған жалпы саны 17909 адам бар екен. Биыл қалада 8-9 көпқабатты тұрғын үй салынады екен.
Сондай-ақ, Нариман Төреғалиев қаланы су басу қаупі бар деп алдын-ала қауіпсіздік шараларын ұйымдастырды. Өзен жағасында орналасқан 2,5 мың адамды қауіптен аман алып қалу үшін барын салды. Үйде ұстайтын жануарлары болса, оларды орналастыру үшін орын дайындады. Ешкімді далада қалдырмауға, қолдан келгенше көмек беруге уәде берді. Қысқасы, шаһар төтенше жағдайға әзір, инертті материалдар жеткілікті, техника сақадай сай болды.
Орал қаласы әкімі соңғы кездері қала тұрғындарымен байланысты нығайтты. Орал қаласының жаңа алаңында «Сүйікті қалам – Оралым» тақырыбында «КITAPFEST-2017» фестивалі өтті. Шара «Оқитын қала» жобасы аясында ұйымдастырылды. Орал қаласының әкімі белсенді оқырмандарды марапаттап, жақсы бір үрдісті бастады. Сондай-ақ, Елбасының Әсет Исекешевке айтқан сөзінен кейін таңерте ерте тұрып қаланы аралауды бастаған жалғыз әкім осы Нариман Төреғалиев болды.

 

ҚАЛА ӘКІМДЕРІНІҢ РЕЙТИНГІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз