ҚАЛАДА ҚАРҚЫНДЫ ТІРЛІК БАР

49

0

Кеше қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев
қалада салынып жатқан бірқатар тұрғын үйлерді аралап, жол құрысымен танысып шықты.

Соңғы уақытта облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқын алып,
жаңа нысандар бірінен соң бірі бой көтеруде. Мәселен, былтырдың өзінде 189 мың шаршы
метрді құрайтын 2684 пәтерлік 53 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл
3000-нан аса тұрғын қоныстойын тойлайды деген жоспар бар. Осы мақсатта бүгінде
30 нысанның іргетасы қаланып, қызу жұмыс жүргізілуде. Солардың бірі «Сәулет” шағын
ауданынан бой көтеріп жатқан қалашықта құрылыс қарқын алған. Мұнда «Өңірлік дамытудың
2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында 50 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Сметалық құны 2 млрд 940 млн теңге болатын мұндағы жұмыс биыл ақпан айында басталған.
«Қызылорда жоба құрылысы” ЖШС негізгі нобайын
сызса, «Астана Әсем Құрылыс” ЖШС оны іс жүзінде жүзеге асыруда. Серіктестіктің бас
инженері Дүйсен Қорғановтың айтуынша, бүгінде 1000-нан аса адам жұмыспен қамтылған.

– Нысан басындағы жұмысшылар негізінен қызылордалықтар. Құрылысқа
қажетті материалдардың 90 пайызын жергілікті жерден алып жатырмыз. Біздің компанияның
құрылыс саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Осыған дейін де Арай, Астана шағын
аудандарында үй құрылысымен айналыстық. 350 отбасына қуаныш сыйлайтын бұл баспаналар
жоспар бойынша биыл қазан айында тапсырылады, – деді Дүйсен Қорғанов. Ал қала әкімі
жұмысты мүмкіндігінше жеделдетіп, үйлердің кілтін маусым айында беру керектігін
айтты. Мердігер мекеме жоспарды мерзімінен бұрын орындауға қауқарлы екендіктерін
жеткізді.

Одан әрі қала әкімі Бейбарыс Сұлтан көшесінен Ғ.Мұратбаевқа дейін
салынатын жолдың жайымен танысты. Сметалық құны 2 млрд теңгеден асатын жоба орын
алатын кептелісті азайтып, қаламызды одан әрі ажарландыра түспек. Жол құрылысын
«УАД” ЖШС қолға алған. Ол қазан айында аяқталып, вело және жаяу жүргінші жолы қатар
салынады деп күтілуде. Енді басталып жатқан дайындық жұмыстарын бақылаған шаһар
басшысы бұл жолдың тиімділігі мол екендігін
жеткізді. Сонымен қатар мердігер мекемеге жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырған
ол биыл жөндеуден өтетін көшелердің қатары артқандығын айтты.

– Бүгінде жол инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп, қаражат бөліп жатыр. Соңғы үш жылда бұл мақсатқа
15 млрд теңгеден аса қаражат бөлініп, 300 шақырымға жуық жол қайта жаңғырту, күрделі
және орташа жөндеуден өтті. Биылғы жылы да облыс және қала бюджетінен 3 млрд теңгенің
үстінде қаржы қаралып отыр. Соның негізінде 60 шақырымнан аса жолды бүтіндеп алмақпыз.
Оның қатарында О.Сүлейменов көшесі бар. Екі
айға созылатын мұндағы қайта жаңғырту жұмыстарына облыстық бюджеттен 219 млн теңгеден
аса қаржы бөлінді. Мұндай жұмыстар жалпы ұзындығы 1,2 шақырым болатын Шымбай көшесінде
де жүргізіледі. 82 млн теңгеден аса қаражат бөлініп отырған құрылыс екі айда аяқталмақ,
– деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Қала әкімінің келесі аялдамасы – «СПМ-70” шағын ауданы болды. Онда «Бәйтерек”
АҚ арқылы 640 пәтерлік 12 үйдің құрылысы жүргізілуде. Былтыр мұндағы 370 пәтердің
кілті табысталса, қалғаны биыл пайдалануға беріледі.

Осылайша, бірқатар нысандарды аралап шыққан Нұрлыбек Нәлібаев
былтыр үй кезегінде тұрғандардың 17 пайызы баспаналы болса, биыл бұл көрсеткіш
20 пайызға жететіндігін айтты.

Мөлдір
ҚОЖАХМЕТОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз