АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

88

0

Кеше Байқоңыр қаласы әкімшілігінің сайтында осы өңірден оба індетінің белгілері табылғандығы туралы хабарлама жарияланған болатын. Осыған орай, облыстық обаға қарсы станция жетекшісі Алма Матжанова, облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов пен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жанабаев өңірлік коммуникация қызметінде брифинг өткізді.
Спикерлердің айтуынша, облыста обаның табиғи ошағы орналасқан аумақтар бар. Бұл аумақтарды 9 обаға қарсы күрес станциясы зерттеп, тұрғындар арасында оба ауруын болдырмау үшін эпидемияға қарсы шаралар кешенін жос¬парлы түрде қолға алып келеді. Осындай зерттеу жұмыстары кезінде Байқоңыр қаласынан 12 шақырым жерде табиғи ошақтың белсенділігі артқаны байқалған. Ол жерден ауланған кемір-гіштер мен олардың сыртмасылдарынан оба қоз¬дырғыштары табылып, анықталған эпиз¬оозотия жайлы “Байқоңыр” кешені басшылығы хабардар етілген. Бірақ, қала әкімшілігі жаңсақ хабарлама таратқан көрінеді. Себебі бұл төтенше жағдайға жатпайды, адамдарға да қауіп төніп тұрған жоқ.
– Аталған учаскені шұғыл оқшаулау шаралары атқарылып, тұрғындарды вакциналау жүргізіледі. Жүйелі жұмыстар міндетті түрде іске асырылады. Сондықтан алаңдаудың реті жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстар жеткілікті деңгейде пысықталды және аталған оқиғадан күрделі салдар орын алмайды, – деді А.Матжанова.
Қазіргі таңда Жосалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің күшімен қорғаныс шебін құру үшін 4 шаршы шақырым аумақта далалық дезинсекция жұмыстары жасалған. Сондай-ақ, тұрғындар арасында тиісті санитарлық ағарту жұмыстары жүргізілген. Қармақшы аудандық әкімімен ветеринарлық қызмет басшысына мәлімет жолданды. Бұл алдын алу шаралары еліміздің табиғи оба ошақтарында орналасқан тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық сауаттылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған қоса обаға қарсы күрес станциясы жыл сайын осыған ұқсас эпизоотияларды анықтап, алдын алу шараларын жүргізуде. Осындай жүйелі жұмыстар арқасында 2003 жылдан бері Қазақстанда тұрғындар арасында оба ауруы тіркелмеген.
Мөлдір СНАДИН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз