ҒАЛАМ СҮЙСІНГЕН «ҒАСЫР ЖОБАСЫ»

143

0

ҒАЛАМ СҮЙСІНГЕН «ҒАСЫР ЖОБАСЫ»Бүкіл әлемнің назарын аударған Арал проблемаларына арналған алғашқы халықаралық конференция 1993 жылы Қызылорда қаласында өтті. Онда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Ресей үкіметінен келген делегация БҰҰ мен Дүниежүзілік Даму банкіне Арал проблемасын әлемдік қауымдастықтың талқысына салу туралы айтты. Сонымен бірге халықаралық «Арал теңізін құтқару қоры» құрылды. 
«Ғасыр жобасы», «Дүниенің сегізінші кереметі» деп атап жүрген САРАТС жобасының алғашқы сұлбасы сол кезде жасалды. Бұл кезеңде жергілікті халық Арал теңізінің тартылуына алаңдаулы күйде болатын. Ал бүгінгі күні теңіздің солтүстік бөлігін сақтау шараларының нәтижесін ел көріп отыр. Президенттің бастамасымен дүниеге келген таңдаулы жоба «Ғасыр жобасы» деген атауға ие болды. Дүниежүзілік банктің қолдауымен жүзеге асырылған САРАТС жобасының 1-кезеңінде біршама толымды тірліктер атқарылды. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Жоба барысында теңіз деңгейі 42 метрге көтерілді. Қолға алынған шаралар нәтижесінде Арал өңірінің солтүстігіндегі су мөлшерінің ортаймауына жағдай жасалды. Айталық, 2005 жылы құрылысы басталаған «Көкарал» бөгеті теңіздің солтүстік бөлігінің су мөлшерін 68 пайызға жоғарылатты.
Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан, ғасыр жобасы атанған «САРАТС» жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор мүмкіндік берді. Бұл кезеңдегі барлық жұмыстар Дүниежүзілік банк пен республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы жүзеге асты. Соның нәтижесінде теңіз суының тұздылығы айтарлықтай төмендеп, су көлемі 15 текше шақырымнан 27 текше шақырымға дейін жетті. Сырдария өзенінің қыс кезіндегі су өткізу қабілеті 650-700 текше метрге дейін жоғарылады. Негізі жобаны жүзеге асырудағы мақсат өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға көзделген. Сондықтан да онда бірінші кезеңдегі барлық жағдай толығымен ескерілген. Жалпы жобаның алғашқы кезеңінде «Көкарал» бөгеті мен «Ақлақ» және «Қараөзек» арнасы, «Әйтек» су торабында су құрылғылары кешені, Сырдария өзені бойында су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттері мен Ақсу елді мекенінің тұсындағы өзен арнасын реттеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, «Қызылорда» және «Қазалы» су торабы мен «Шардара» және «Арнасай» тоспаларын жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Соның арқасында аймақтың экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына жол ашты. Арал теңізіне түсетін судың көбеюі өңірдегі тіршіліктің қайта жандануына әкелді. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бұл өз кезегінде көлемі 20-30 мың гектардан асатын бірнеше ірі көлдердің қалпына келуіне, балық шаруашылығының дамуына мүмкіндік берді. Сөйтіп, теңізде бұрын жоғалып кеткен балықтың 13 түрі қайта пайда болды. Балық аулау көлемі 400 тоннадан бес мың тоннаға дейін жетті. Теңіз Арал қаласына 75 шақырымнан 17 шақырымға дейін жақындады. Қаншама қиыншылыққа қарамастан, Президенттің қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасында жоба жүзеге асты. Кіші Арал теңізі аймақтың экологиялық ахуалын жақсартып, флорасы мен фаунасы қалпына келе бастады.
2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасы Арал ауданына арнайы сапармен келді. Елбасы таза ауызсудың тұсаукесерін жасап, судың дәмін татып «Ең таза ауызсу – аралдықтарда» деп ағынан жарылды. Президент «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деді халық алдында. Осы сапарында Елбасы «Көкарал» бөгетінде болып, түс ауа Қамыстыбасқа келді. «Қосжар» питомнигіне ат басын тіреп, қазақы ырым жасап, күміс сырға салынған қос бекірені көлге жіберді. Кейінгі уақытта Арал өңіріндегі су айдынынан балық аулау жылдағыдан өсе түсті. Арал теңізінде жойылып кеткен 30 түрлі балықтың 21 түрі қазір қайта ауланып жатыр. Аралға келген арнайы іссапарында бір топ ғалымдар мен жобалаушыларға Н.Назарбаев сұрақты төтесінен қойды. «Сіздер жобалап отырған САРАТС жобасы жүзеге асқан кезде Арал теңізінің суы қалаға жақындай ма?» деді. Олар: «25-30 шақырым ғана жетпей тұрады» деп жауап берді. Осы сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ендеше Кіші Аралды бөліп алып, теңізді қалаға келтіруіміз керек. Ол үшін САРАТС жобасы ІІ кезеңінің іске қосылуын міндеттеуіміз қажет» деп айтты. 
Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңі қоршаған ортаға теңіздің тигізетін зиянын сейілтеді. «САРАТС» жобасы халықаралық және өңірлік бағдарламалардың шеңберінде жүзеге асырылатын ең ауқымды жоба. Енді бүгінде «САРАТС-2» жобасын жүзеге асырудың екі кезеңдік тәсілін жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл өз кезегінде теңіздің кеуіп кеткен ашық түбінен шығарылатын тұз бен шаңның азаюына ықпал жасайды.
Енді жобаның екінші кезеңіне сегіз компонент енгізіліп, оның алтауы бірінші кезеңде жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, бұл кезеңде «Қызылорда» су торабының сол жағалаудағы шлюз-реттеуіші қалпына келтіріліп, Қазалы және Қармақшы аудандарында су тасқынына қарсы қорғаныс бөгеттері салынады. Сондай-ақ, Қорғанша және Тұрымбет учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасы түзетіліп, Қазалы ауданының Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірі салынады. Сонымен қатар Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелері қалпына келтіріліп, Арал ауданы «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигінің Тастақ учаскесіндегі балық өсіру тоғандары кеңейтіледі. Ал жобаның екінші кезеңінде Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру мақсатында «Көкарал» су тоспасын Балтық жүйесі бойынша қазіргі 42 метрден 48 метрге дейін биіктету жоспарланып отыр. Сонымен бірге Сырдария өзені бассейнінің Қазақстан бөлігінің су ресурстарын басқарушы жұмыс орталығын салу мен оны жабдықтау да көзделуде.
Жалпы «САРАТС-2» жобасын жүзеге асыру Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді деп күтілуде. Соның ішінде мыңдаған гектар жайылымдықтар мен шабындық жерлер суландырылып, 15 мыңнан астам халық тұратын елді мекендер су басудан қорғалады. Қазалы ауданының Бірлік ауылынан салынатын автомобиль көпірін салу жыл бойы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады. Өзен сағасындағы жалпы ауданы 34 мың гектар болатын көлдер суға толады. 
Туризмді дамытуға да жол ашылады. Халықаралық Аралды құтқару қоры бүгінде 70-тен астам жаңа жоба дайындаған. Аталған жобалар әртүрлі бағыттағы мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Оның ішінде 3-і елімізде бұрын-соңды жүзеге асырылмаған тың жобалар қатарына жатады. Алғашқы жоба ғылыми-туристік орталық ашуға бағытталған. Яғни, алдағы уақытта Қордың бастамасымен Қамыстыбас көлі жағасында ғылыми-туристік орталық салынады. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар басталып, көл жағасына 3 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ал екінші жоба Арал өңірінің табиғатын жақсартуға бағытталған. Жоба аясында Аралдың шығыс жағына 5-6 қатарлы көшет отырғызылып, жасыл аймаққа айналдыру жұмыстары қолға алынады. Тағы бір жоба аймақтағы киіктер санын арттыруды көздейді. 
«Тұрақты дамудың Халықаралық Арал форумында»  Арал өңірінің дамуына арналған инвестициялық және гранттық жобаларды жүзеге асыруға халықаралық ұйымдардың және бизнес құрылымдардың қызығушылықтарын ояту көзделуде. 
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз