ҚАЛАМГЕРЛЕР БАРЛЫҚ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

59

0

ҚАЛАМГЕРЛЕР БАРЛЫҚ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

Қай кезеңде болмасын, бұқара мен биліктің арасына дәнекер болып, тың дерек көздері мен соны жаңалықтарды жеткізіп, барша жұртты ақпаратпен қамтуда журналистер қауымының алар орны ерекше. Бейсенбі күні БАҚ өкілдері кәсіби мерекелерін тойлады. «Қанатты қалам –
2014» фестивалінде қаламгерлерді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады.

– Ақпарат құралы дегенде біздің ойымызға ұлтымыздың ұстазы А.Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі еске түседі. ХХІ ғасыр ақпараттық кеңістіктің дәуірлеу кезеңі. Сондықтан бұл жаңғырулар, әрине, қаламгер қауымы мен баспа, телеарна және интернеттік желі қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін, қарым-қабілетін, дарыны мен еселі еңбегінің жемісін талап етеді. Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, күнделікті болып жатқан жаңалықтар мен оқиғалар, өзгерістер, мәдени көзқарастар, сыни пікірлер ақпарат құралдары арқылы елге жетіп жатыр. Демек, қандай да бір ақпарат құралының сөзі қоғамдық пікір қалыптастырудың темірқазығы деп айтсақ, артық болмас. Біз мәңгілік ел боламыз десек, әрбір азаматтың ой-пікір айтуына, көзқарасын қалыптастыруына мүмкіндіктер беруіміз қажет. Олай болса, бірлігі мен ынтымағы үшін еңбек еткен қаламгерлерімізді дәріптеп, жас ұрпақты елін сүюге, жұртына қызмет етуге тәрбиелейік. Барша қаламы қарымды қаламгерлерге шығармашылық табыс тілеймін»,– деді аймақ басшысы.

Мұнан кейін әртүрлі номинациялар бойынша марапаттау рәсімі болды. Олардың қатарында газетіміздің экономика бөлімінің басшысы Жолдасбек Ақсақалов «Индустриалды-инновациялық жоба­лардың үздік насихатшысы» номинациясын иеленсе, тілші Айнұр Батталова «Әлеуметтік сала жаршысы» номинациясының иегері атанды. Айтулы шарада Сыр журналистикасының дамуына сүбелі үлесін қосқан ардагер журналистер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар қаламгерлер Журналис­тер одағының арнайы дипломына ие болды. Ал, журналистика саласында өз ізін қалдырып, жасындай жарқырап өмір­ден ерте кеткен жас журналист Сағитжан Бер­мағанбетов атындағы байқаудың жеңімпаздары болып «Қазақстан-Қызылорда» теле­арна­сының тілшісі Арайлым Бай­жігітова мен «Халық» газетінің тілшісі Әйгерім Бозанова танылды.Барлық марапат иелеріне ноутбук пен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Мерекеде Абай атындағы опера және балет театрының солистері ән шырқап, классикалық туындылардан тарту жасады. Жалпы халықтың қайғысында мұңдасып, қуанышында сырласып, жарғақ құлақтары жастыққа тимей игілікті іс жолында тер төгуден шаршамайтын тілшілер қауымына көрсетілген бұл құрмет жиылған көпшілікті бір серпілтіп тастады.

 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Номинация
иегерлері

 

1. «Тәлімгер журналист» номинациясымен ардагер журналист Шәкірат
Дәрмағанбетов

2. «Аймақтың қоғамдық-саяси,
әлеуметтік маңызды оқиғаларын үздік насихаттаушы» номинациясымен «Қазақстан – Қызылорда»
телеарнасы

3. «Индустриалды-инновациялық жобалардың үздік насихатшысы»
номинациясымен «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Жолдасбек Ақсақалов

4. «Достық жаршысы» номинациясымен «Кызылординские вести» газетінің
тілшісі Әбдірахман Еңсегенов

5. «Жаңалық жаршысы» номинациясымен «ҚоғамТВ» телеарнасы тілшісі
Салтанат Шаханова

6. «Үздік сарапшы»
номинациясымен «Ақмешіт ақшамы» газетінің тілшісі Жеңіс Аймағанбетова

7. «Баспасөз басылымының үздік дизайнері» номинациясымен «Халық» газетінің дизайнері Айнұр Үмбетова

8. «Үздік аудандық газет»
номинациясымен Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті

9.«Үздік телеинженер» номинациясымен «Қазақстан – Қызылорда»
телеарнасының инженері Айдос Дәрібаев

10. «Руханият жаршысы» номинациясымен
«Әлімсақ» журналының бас редакторы Нұрлан Нұрмаханов

11. «Үздік тележурналист» номинациясымен «Қазақстан – Қызылорда»
телеарнасының редакторы Айнұр Тұңғышбаева

12. «Жедел ақпарат таратушы» номинациясымен «Қызылорда ньюс» интернет
газетінің қызметкері Насреддин Бахманов

13. «Телеарнаның үздік монтажері» номинациясымен «ҚоғамТВ»
телеарнасының монтажері Наурыз Мәлік

14. «Үздік жас журналист»
номинациясымен «Ақмешіт жастары» газетінің жауапты хатшысы Дастанбек
Садық

15. «Әмбебап тілші»
номинациясымен «Кызылординские вести» газетінің жауапты хатшысының
орынбасары Жәнібек Исаев

16. «Әлеуметтік сала жаршысы»
номинациясымен «Сыр бойы» газетінің тілшісі Айнұр Батталова

17. «Үздік танымдық басылым» номинациясымен «Кызылорда таймс» газеті

18. «Журналистер мүддесін қорғаушы» номинациясымен «Сыр медиа» ЖШС
кәсіподақ ұйымының төрайымы Бота Тәңірбергенова

19. «Өндірістік сала насихатшысы» номинациясымен «Кызылординские вести»
газетінің Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев

20. «Үздік баспагер» номинациясымен «Сыр медиа» ЖШС баспаханасының
директоры Бақыт Каимов марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз