АЛАШТЫҢ АЛЫП ТҰЛҒАСЫ

136

0

«Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап
тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап
қана қоймаймыз, рухын, тынысын сезінеміз. Біздің ұлы қандастарымыз өмірлерін
қиып, шыбын жандарын шүберекке түйіп, біздің тәуелсіздігімізді жақындата
түскен… Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын
айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан
жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы
болып қала берген. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар
мақтанышы болып келген».

ҚР
Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

АЛАШТЫҢ АЛЫП ТҰЛҒАСЫКеше Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Мұстафа Шоқай –
Алаштың алып тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып
өтті. Оған Астана мен Алматы қалалары және басқа өңірлерден келген тарихшылар
мен саясаткерлер, жазушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференция қонақтары пленарлық отырыс басталар алдында
университеттің ғылыми-техникалық кітапханасының тақырыптық көрмесімен және
М.Шоқайдың өмірі мен тұлғасына арналған облыстық мұрағат стенділерімен танысты.
Стенділерде Шоқайдың 1902 жылы Ташкент ерлер гимназиясына, содан кейін
Санкт-Петербург мемлекеттік университетіне түскен кездегі құжаттары көшірмелері
және Тифлисте, Стамбулда, Парижде эмиграцияда болған кездегі қолжазбаларының
көшірмелері бар. Бұл құжаттар елімізге «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында
жеткізілген. Ал кітап көрмесінде М.Шоқай еңбектерінің 12 томдық кітаптары
қойылған. Бұл кітаптарда Шоқайдың мақалалары мен жазбалары топтастырылған. Оны
құрастырушы – профессор Көшім Есмағамбет. Алғашқы томы 2012 жылы жарық көрсе,
соңғы томы өткен айда басылып шыққан. Көрмеде сондай-ақ Ақайдар Ысымұлының
«Түркістан үшін» және «Мұстафа жолы» атты кітабы қойылған. Аталған кітаптарды
құрастырушылар конференцияға қатысушыларғажасалған жұмыстар жайлы әңгімелеп берді.

Зиялы қауымның басын қосқан айтулы шараны облыс әкімі
Қырымбек Көшербаев ашты.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің ең алғашқы
жылдары өткенді тану, тарихты терең пайымдау, оған әділ баға беру үлкен
парасаттылық пен жауапкершілікті талап ететін, өткендердің қадірін білу,
олардың арман-мүдделерін жалғастыру біз үшін адамгершілік парыз ғана емес,
қоғамдық дамудың ілгері басуының негізгі алғы шарттарының бірі деп атап көрсеткен болатын. Осы ұстанымды
басшылыққа ала отырып, өткенімізді тереңірек тануға, тарихи тұлғаларымызды
ұлықтауға арналған талай бастамалар көтеріп, игі шараларды іске асырып келеміз.
Соның арқасында кеңестік дәуірде атын атап, шығармаларын оқуға тыйым салынған
қаншама тарихи тұлғаларымыз ортамызға оралды. Жадымызды жаңғыртып, танымымызды
өзгертті. Кеше ғана Елбасы бастап, бүкілхалық болып қолдап, мемлекеттігіміздің 550 жылдық тарихи тағылымына ден
қойдық. Ұлттың рухы көтерілді, елдің мерейі тасыды. Тәуелсіздік жылдары дүниеге
келіп, бүгінде ат жалын тартып мінген жас ұрпақ осы тағылыммен сусындап, жаңа
өріске биіктеп барады. Біздің тарихымыз әлемдік өркениетке тыңнан қосылып,
адамзаттық құндылықтарды қазақы өрнекпен толықтыру үстінде. Қазақстанның тұңғыш
Президенті өзі бастап, кемелденіп келе жатқан халқымыздың азаттық тарихы уақыт
өткен сайын тамырын тереңге тартып, жаңа биіктерді бағындыруда. Осы орайда,
Алаштың ардагер ұлы, түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына
арналған бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференцияның маңызы ерекше деп ойлаймын.
Сырдың бойында дүниеге келіп, әлемдік саясатта айтулы тұлғалардың қатарына
қосылған Мұстафа Шоқайдың тағдыры арғы-бергі қазақтың қайраткерлерінің ешбіріне
ұқсамайтын ерекше табиғи құбылыс. Тіпті оның күрескерлік жолы өз замандастары
Алаш арыстарынан да алабөтен болды. Қазақ халқының азаттық жолында
алаштықтармен идеялас болғанмен, өз мақсатын кең шалқарға сілтеп, бүкіл түркі
жұртының бүтіндігін ту етіп көтерді.Және сол жолдағы ашық айқаста аянбай күресті. Кеңес үкіметі орнап,
азаттық, теңдік деген ұран көтерілген саясат жүргізілгенмен де, М.Шоқай алдауға түскен жоқ. Күрескерлігіне салып,
эмиграцияға кетті. Осылайша, Еуропа орталығы Парижден саяси баспана тапқан
қазақтың алғашқы зиялысы болды. Шетелде тұрып, қазақтың тәуелсіздігі үшін
майдан ашқан, ондағы түрік зиялыларының газетін басқан, журнал шығарып ақтық
демі қалғанша күресіп өткен бірегей тұлғаға айналды, – деген Қырымбек Елеуұлы
өкінішке орай, кешегі қоғамда оның атын айтуға тыйым салынған кезең болғанын
еске салып өтті. Тәуелсіздік орнағаннан
кейін Елбасы тарихи тұлғаларымыз туралы
деректерді жинауға тапсырма берді. Осы ретте М.Шоқайдың да шетелдегі мұрағаты
елге оралды. Жарының, саяси серіктерінің естеліктері жарық көрді. Мұстафа Шоқай
есімі тарихи оқулықтарға енгізілді. Фильмдер түсірілді. Астана, Алматы
қалаларында көшелерге аты берілді. Облыс әкімі осы ретте Шоқайдың туған жерінде
осындай игі шаралар іске асырылғанын атап өтті.

«Мұстафа Шоқай философиясы» атты баяндама жасаған ҚР ҰҒА
академигі, философия ғылымдарының докторы, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық
техникалық зерттеу университетінің пофессоры Досмұхамбет Кішібеков М.Шоқайдың
өмірі оңай болмағанын, қарама-қайшылыққа толы болғанын жеткізді. Бірақ шындық
жеңді, өмір көрсетті, тарих ақтап шықты. Ғалым өз сөзінде тарихтың екі қыры
болатынына тоқталды. Оның біріншісі болған оқиға. Екіншісі, сол тарихқа
көзқарас жасау, сол тарихты талдау. Шоқайға қатысты тарихтың осы екі жағы да
болашақта терең зерттелетініне сенетінін жеткізді. М.Шоқайдың үш қырына назар
аудару қажеттігін айтты. Біріншісі – оның біздің ата-бабаларымызға тән ерлігі.
Екіншісі – көрегендігі. Үшіншісі – табанды қайраткерлігі. Ол өте тәуекелшіл,
өте сенімді, рухын мықты ұстай білген, келешекке сол рухы арқылы жетем деген
мақсат қойған. Оның мақсаты бүкіл халқын, елін бостандыққа жеткізу еді. Ол үшін
бүкіл түркі халқының ауызбіршілігі бір жерден шықса сонда ғана жеңіске жетеміз
деді. Бостандыққа жету үшін бірігейік деген ұран көтерді. Түркия Шоқайды құшақ
жая қарсы алғанымен, әлемдік трибуна қажеттігін сезініп, Еуропа орталығы
Парижге қоныстанғанын атап өтті. Ешбір қаражаты, сүйеуі жоқ болса да өзінің
күш-қайратына сеніп, халқына әлемдік трибунадан қызмет етуге бел байлады.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми
қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбет
Мұстафатанудың деректемелік негізі жайында баяндама жасады. М.Шоқайдың өмірі
мен жанқиярлық қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеп-зерделеу біздің парызымыз
деген профессор Мұстафатанудың негізі Түркияда қаланғанын айтты.

Алаш арыстарының бірі – Сұлтанбек Қо­жанов­тың Мұстафа
Шоқаймен тығыз байланыс­та болғаны туралы конференцияда Халықаралық Түркі
академиясының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп
кеңінен баяндап өтті. Бұл байланыс Шоқай эмиграцияға кеткеннің өзінде үзіліп
қалмаған.

Конференцияда Қазақ гуманитарлық заң университетінің
профессоры, саяси ғылымдарының докторы Әбдіжәліл Бәкір М.Шоқайдың Кеңес
үкіметінің патшалық Ресейдің отаршылдық саясатты жалғастырушы ретінде
танып-білудегі көрегендігін жеткізді. Соғыстан кейінгі тың игеру кезеңі,
Хрущевтің кейбір аймақтарды қайта бөліске салуы соны айғақтайды. Сонымен бірге,
Мұстафа Шоқай кеңестік үкіметтің оң істерін де бағалай білгені. Ол Шоқайдың
Қазан төңкерісінің 16 жылдығына арналған мақаласында айтылған.

Мұстафатануда, оның еңбектерінің бүгінгі күнге аман-есен
жетуінде ең бірінші Шоқайдың жары Мария Яковлевнаның еңбегі зор деді өз сөзінде
жазушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі
Балғабаев. Ол сонымен бірге Шоқай
есімінің ақталуы жолында алғашқылардың қатарында жазушы Әнуар Әлімжанов, ғалым
Әбу Тәкенов сол секілді қазақ қаламгерлері болғанын жеткізді. Сонымен қатар
Әбділда Тәжібаев, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Бейбіт Қойшыбаев,
Мәмбет Қойгелдин, Базарбай Атабаев,
Оңалбек Сәпиев және басқалар Елбасына ашық хат жолдаған.

Конференцияда ҚР Журналистер одағының мүшесі Әмірхан
Бәкірұлы және «Мұстафа Шоқай» қорының
президенті Базарбай Атабаев ұлы тұлғаның есімін ұлықтауда жасалған жұмыстардың
маңызы зор екенін жеткізді.

Жалпы конференцияға қатысушылар Шоқай туралы көптеген тың
деректерге қанықты. Мысалы, Шоқайдың «Яш Түркістан» журналын шығарғаны белгілі
болғанымен, «Түркістан» атты журналдың алты нөмірін шығарғаны бұрын белгісіз
болып келген еді. Сондай-ақ, неміс тұтқынынан ортаазиялық ұлттар өкілдерін
босату жұмыстарымен қатар, өлімге
кесілген сексен грузинді ажалдан арашалап қалған. Бұл деректерді естіген
грузиндердің зиялы қауымы Шоқай тұрған үйге естелік тақта орнатыпты. Сонымен
бірге, Шоқай қазақ эмиграциялық
журналистикасының негізін салушы ретінде танылады. Конференцияда сөз сөйлеушілер
тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Солардың қатарында Қызылорда қаласында
ескерткіш орнату, сондай-ақ Шоқай орталығын құру туралы ойлар бар.

Конференцияның пленарлық мәжілісін қорытындылаған облыс
басшысы М.Шоқайдың ортамызға оралуы ең бірінші Тәуелсіздікке ие болуымыздың,
содан кейін Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында болып отырғанын атап
өтті. Облыс орталығында ұлы тұлға атында
мектеп бар екенін айтқан Қырымбек Елеуұлы бюджеттен арнайы қаржы бөлініп,
ескерткіші жасалуда деді. Ал Мұстафа Шоқай орталығы Қорқыт ата атындағы
университтетте ашылатын болады. Осындай
басқосу Астана қаласында да өтеді.

Конференция жұмысы түстен кейін секциялық бөлімдерде жалғасын
тапты.

 

Ыдырыс
ТӘЖІҰЛЫ.

***

Мұстафа Шоқай – қазақ халқының данышпан тұлғасы. Сыр өңірінде
өтіп жатқан іс-шаралар ұлы қайраткердің қадіріне жеткеніміздің белгісі іспетті.

Расында, алып азаматтың өнегелі өміріне біз, Қазақстан
жұртшылығы енді ғана терең бойлап жатқандай әсерде тұрмыз. Ал шетел болса,
Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасын, түркі жұртына жанашырлығын, гуманистік
қасиетін ертеден таныған. Түркияда, Францияда, Германия­да оны халықаралық
деңгейдегі саясаткер әрі журналист адам ретінде біледі. Ештен кеш жақсы.
Себебі, кеңестік кезеңде Мұстафа Шоқайдың есімін айту қылмыспен парапар еді.
Елеусіз қалды. Ал Тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болды десек, осы уақыт ішінде
Мұстафа Шоқайдың мерейтойын үлкен деңгейде бірінші рет атап отырмыз. Құдайға
шүкір!

Бір анығы мынау: Мұстафа Шоқайды тану – қазақ халқының
болмысын, болашағын тану деген сөз. Бүгінгі заманда осы көзқарасты елдің
санасын бұзатын өзге пайымдардан ажыратып алуымыз қажет. Қарап отырсақ, қазір
жас ұрпақтың алдында қай тұлға болмасын «батыр», «қайраткер» деп аталып жүр.
Кеңес үкіметін қолмен жасағандар да, Алашорда автономиясын құрғандар да,
олардың көзін құртқандар да жақсы. Кімнің кім екенін білмейміз. Біздің миымыз
қазір қойыртпақ. Осылардың ішінен Шоқай сынды алыптарды ажыратып алуымыз керек.
Өйткені, Мұстафаның мағыналы ғұмыры мен мәнді сөздері кеңестік пайымдардан
ажырауымызға септігін тигізеді. Сондықтан, бүкіладамзаттық құндылықтармен
үндесіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтарынан айрылмауымыз керек. Бұл –
Мұстафа Шоқайдың көксеген арман-мақсаты. Бүгінгі жастарды осы қалыпқа салып,
тәрбиелесек, біздің тәуелсіздігіміз баянды болады. Жастардың санасы оянса,
мәңгі тәуелсіз ел атанамыз. М.Шоқай: «…Бәріміздің құбыламыз өзіміздің атажұр­тымыз,
өлкеміз Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге
бір мақсат, бір киелі міндет болмақ. Мұны ұмытпау керек. Түрік халқы – батыр
халық, түрік халқы – арыстан, ер халық. «Кімнен таяқ жегендей, біздің түріктің
баласы, Алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы». Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз
керек. Бәріміз бір болсақ, біздің жеңбейтін жауымыз болмайды. Мақсатымызға
жетеміз, онсыз біздің күніміз жоқ. Мұны ұмытпау керек», – деп, жастарға
жауапкершілік жүгін жүктеп отыр. Сол себепті, жастар осындай данышпан адамды
үлгі етіп, үлкен істерді орындауға жігерленуі керек.

Төлен ӘБДІК,

жазушы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

***

Қазақтың Ресей патшалығы құрсауынан босаған шақтағы өз жолын
іздеу үдерісіне атсалысқан тұлғалар шоғыры қомақты. Баршасы да құрметке лайық.
Бостандық үшін басын берген азаматтар арасындағы ерекше орны бар күрескерлердің
бірі – Түркістан автономиясы үкіметінің бас министрі Мұстафа Шоқай.

Алаштың алып тұлғасы өз халқына қайта құру кезеңінен кейін
оралды. Сонда қайраткер тұлға жөнінде ең алғаш болып мақала жазғандардың
бірімін. 1990 жылы мамырда «Ана тілі» газетіне М.Шоқайдың сая­­си көзқарастарын
терең айшықтамай, ғұмырбаяны мен еңбектері төңірегінде нақты деректер келтіре
отырып, материал бердім. 1990 жылдың аяғында «Қазақ әдебиеті» газетінде
М.Шоқайдың саяси портретіне айрықша тоқталып, көлемді мақала жарияладым. Одан
кейін жазушы Әнуар Әлімжанов қалам тербеді. Сең қозғалды, зерттеулер бірінен
соң бірі шығып жатты. Алаш қайраткерінің есімі елге танылды. Алайда,
мемлекеттік деңгейде ресми танылуы кемшіндеу. Десек те, 125 жылдық мерейтойы
бұл олқылықтың орнын толтырады деп ойлаймын.

Қайран Мұстафа Шоқайұлы, елі үшін қабырғасы қайысқан Ұлы
Түркістандық, сонымен бірге асқан білімпаз да зиялы Еуропалық атанған асыл жан!
Сондықтан, бұл кісінің жүрек жұтқан ерен еңбегін біз әділ бағалай білуіміз
керек. Өз отандастарымызға, әсіресе өзге ұлт өкілдеріне де оның гуманистік
көзқарастарын, өмір жолын танытқанымыз жөн.

Мұстафа Шоқай – соңғы демі біткенше халық үшін жұмыс істеген
адам. Өмірі сыртта өткеніне қарамастан, ол елдегі оқиғалардың барлығын жіті
бақылап отырды. Азаттық қозғалысының теориясын жасаған, соны талдай білген
Мұстафа еуропалық басылымдармен қатар, «Яш Түркістан», «Иени Түркістан»
журналдарының бетінде де отандастарының өзекті мәселелерін үзбей көтерумен
болды.

Репрессия кезінде жазықсыз жазаланған арыстарға жаны ашып,
оны да жазып отырды. Бұл ретте Мұстафа Шоқай С.Қожанов, Т.Рысқұлов,
С.Сәдуақасов, С.Меңдешевтердің, кеңестік баспасөз жазғандай, «Қазақстанды
кеңестік Ресейден бөліп әкетуге тырысқан халық жаулары» болмағанын жазды.
Сондай-ақ елдегі орын алып жатқан кемшіліктерге «нағыз ұлт жауы – кеңес өкіметі
жауапты», ал «нағыз халық жауы – нақақтан жазаланып жатқандар емес, кеңестік
жүйені ойлап тауып, оны халыққа таңып отырған адамдар» деді.

Жалпы, Мұстафа Шоқай большевизм идеясының қазақ халқына
қасірет әкелетінін о баста білді. Қазақ халқы 1917-1919, 1921-1923, 1931-1933
жж. үш дүркін жасанды ашаршылықты бастан кешті. Солардың салдарынан жалпы 4
миллион қазақ опат болды. Егер олар қырылмағанда, табиғи өсімді есептегенде,
олардың саны бүгінде 10 миллионнан асар еді. Бұлар әрине, жасанды ашаршылық
еді. Мұны Мұстафа Шоқай «Большевиктердің аштық саясаты» деп бағалады сол
заманда. Ол қазақтың қанын, салтын жойып, «бақыт» орнатқысы келгендерге қарсы
шықты. Тәуелсіздік үшін күресті. Осыны бәрі білуі керек.

 

Бейбіт
ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы,
шоқайтанушы.

***

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Патшалық Ресей құлаған
тұста көптеген ұлттар автономиясын жариялады. Соның бірі – Мұстафа Шоқай
басқарған Түркістан мухтарияты. Қазан төңкерісінен кейін осылардың барлығы
жанышталды, ал басшылары шетелге кетуге мәжбүр болды. М.Шоқайдың ұлы тұлға
екендігін қатар жүрген мемлекет, қоғам қайраткерлері көзінің тірісінде-ақ
мойындаған. Украина Халық Республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі
А.Шульгиннің М.Шоқай қайтыс болғаннан кейін: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып,
М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді»
дейді. Тағы бір сөзінде: «Заман өзгеріп, қалпына келгенде Мұстафа Шоқайға
Ташкентте, не Перовскіде ескерткіш қойыла ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ өз
елінің тәуелсіздігі үшін күрескен Шоқайға өз халқының жүрегінен мәңгілік
ескерткіш орнатылатынына сенімдімін» деген. Биылғы мерейтой секілді іс-шаралар
тарихи тұлғаның халық жүрегінен ойып тұрып орын алғанының белгісі.

Сонымен қатар, жұрттың М.Шоқай жөнінде пайымдап жүргені 1999
жылы жарыққа шыққан екі томдық еңбек. Күні бүгінге дейін соның деңгейінде
зерттеу жүргізілді, түсінік қалыптасты. Сол еңбектерді түпнұсқасымен салыс­тырып
көргенімде, көптеген бұрмалаушылық болғанын анықтадым. Мұндайға жол бермеу үшін
және Мұстафа Шоқайдың мұрасын сақтап қалу үшін түпнұсқа еңбектерін жинап, 12
томдық шығардық. Бұл еңбек біз үшін аса құнды және оны құрастыру оңай болған
жоқ. Кітапта М.Шоқайдың өмірі мен қызметі, еңбектері, эпистолярлық мұрасы толық
берілген. Күні бүгінге дейін беймәлім болып келген мақалалары табылды.
Париждегі Шығыс тілдері мен өркениеттері институтының кітапханасын, Түркияның,
Ресейдің, Өзбекстанның, Англияның, Қазақстанның, Польшаның, Америка Құрама
Штаттарының, Ұлыбритания мен Грузияның мұрағаттары мен кітапханаларын, сирек
қолжазбалар сақталған қорларын ақтардық. 2012 жылдан шыға бастаған ұлы
күрескердің көптомдық шығармаларының толық жинағы азаттық аңсаған Алаштың асыл
азаматының туғанына 125 жыл толған мерейтойы қарсаңында тарту етіп отырмыз.
Енді бұдан былай қалың оқырман аңызға айналған тұлға туралы ақиқатқа көз жеткізетін
болады.

Мұстафа Шоқай – тәуелсіздік үшін күрескен тұлға. Оның
тәуелсіздік идея­сы қай заманда да өміршең. М.Шоқай тәуелсіздікті ұлттың табиғи
құқығы деп есептейді. Халық – дербес, азат өмір сүруге құқылы. Бұл Американың
Тәуелсіздік декларациясы, Францияның Азаматтық құқықтар құжаттарында көрініс
тапқан. Мұстафа Шоқай тәуелсіздікті осы тұрғыдан түсінді. Сонан соң ол
тәуелсіздік үшін күрес жолдарын анықтады. Қандай мемлекет құру керектігін, қай
елмен қандай қарым-қатынаста болуымыз керектігін де айтып кетті. Оның
тәуелсіздігі отаршылдық идеяға қарсы бағытталды. 1929 жылы Мұстафа Шоқай: «Біз,
Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз
Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа
жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды. Бұдан кейінгі мұрат
Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік
құрылымға қол жеткізу болмақ, сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола
алады» деген болатын. Міне, сол арманы туған халқының басына бақ болып қонды.
Осындай азаттық үшін күрескен қайраткерді бүгінгі ұрпақ білуі тиіс, біліп қана
қоймай, үлгі тұтуы керек.

 

Көшім
ЕСМАҒАМБЕТОВ,

Р.Сүлейменов
атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының
докторы, профессор.

***

Сыр бойынан атақ-даңқы алты Алашқа тараған небір асыл
азаматтар түлеп ұшқан. 125 жылдық мерейтойы салтанатпен өтіп жатқан Мұстафа
Шоқай есімі ел есінде мәңгі сақталатын осындай тарихи тұлғалардың алдыңғы
қатарынан орын алады.

Мұстафа Шоқайдың ұлт­жан­ды қайраткер ретіндегі тұлғасы
шетелдегі қазақтар мен шетелдік зиялы қауым арасында ерекше танымал. Ал
халықаралық дәрежедегі мұндай танымалдыққа көтерілген тарихи тұлғалар бізде өте
сирек. Дегенмен, М.Шоқайдың өз Отанымен қайта табысып, мұраларының жұртшылыққа
жетуі оңай болмады. Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басына дейін
Мұстафа Шоқай туралы ашық айтылған да, жазылған да жоқ. Керісінше, бұл мәселеге
қарсылық жиі бой көрсетіп тұрды. Міне, осындай жағдайда М.Шоқайдың есімін елге
танытуда тарихшы ғалым Әбу Тәкенов, жазушы және қоғам қайраткері Әнуар
Әлімжанов алғашқылардың бірі болып елеулі еңбек етті. Сондай-ақ Қызылорда
облысынан құрылған «Мұстафа Шоқай» қоры басшылары және жергілікті
қаламгер-журналистер, зиялы қауым өкілдері де зор еңбек сіңірді.

Бұл мәселеге біз қызмет ететін Дүниежүзі қазақтары
қауымдастығы да атсалысқанын айта кету керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін көп
ұзамай, яғни 1992 жылдың қыркүйек айында Алматыда Әлем қазақтарының тұңғыш
құрылтайы өтті. Отызға жуық елде тұратын қазақтардың өкілдері жиналған
құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, оның Төралқа Төрағасы
болып Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайланған еді. Осы құрылтайда
Мұстафа Шоқайдың қазақ халқына сіңірген еңбегін лайықты бағалау мәселесі сөз
болды.

Құрылтай өткеннен кейін де қауымдастық бұл мәселені назарда
ұстады. Бұл үшін Түркия, Германия және Франциядағы ағайындармен нақты байланыс
орнаттық. Еліміздегі сөзұстар азаматтармен пікірлестік. Нәтижесінде Мұстафа
Шоқайдың мәселесін түбегейлі шешу үшін Елбасының қолдауына сүйену қажет
екендігі айқындалды. Соған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Мұстафа
Шоқай» қоры бірлесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ашық хат жолдадық.
Онда М.Шоқайдың тәуелсіз еліміздің тарихынан өзінің лайықты орын алуына қатысты
мәселелер мемлекеттік деңгейде шешілуі керектігі жазылды. Хатқа Әбділдә
Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Жабайхан Әбділдин, Әнуар Әлімжанов, Манаш
Қозыбаев, Қабдеш Жұмаділов, Бейбіт Қойшыбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қол
қойды. Ашық хат 1993 жылы 5 қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.

Хат Елбасының тарапынан лайықты қолдау тапты. Соның
нәтижесінде бұдан кейін Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік еңбегін жоққа шығаруға
тырысқан кедергілер біржола тоқтатылды. Яғни, Мұстафа Шоқайдың өз халқының
ортасына біржола қайтып оралуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
тікелей ықпалы болғанын айрықша атап айтуға тиіспіз. Міне, осыдан кейін
елімізде М.Шоқайдың ғұмырбаянын, еңбектерін терең зерделеу жұмыстары басталды.

Сұлтанәлі
БАЛҒАБАЕВ,

жазушы,

Дүниежүзі
қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз