АЛҒАШҚЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

68

0

АЛҒАШҚЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ТОЙЛАНДЫҚаладағы «Достық үйінде» Алғыс айту күніне орай мерекелік шара болып өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев қатысты. Алдымен ғимарат алдына тігілген киіз үйдің ішінде сан ұлттың ұлттық тағамдары қойылды. Мұнан кейін
аймақ басшысы «Достық үйіндегі» мұражай мен тілдерді оқыту кабинеттерінің жұмысымен танысып шықты. Сонымен қатар
концерттік залдағы «Ынтымағы жарасқан,
бірлігі бекем, бақ қонған – Қазақ елі» атты мерекелік шараны

тамашалады.

Сын сәтте мойымаған әркез
ынтамағын ырысқа айналдыра білген біздің елде бірлік пен берекемізді күшейткен
тағы бір игі бастама жүзеге асты. Елбасы былтыр өткен ҚХА ХХІІ сессиясында
Ассамблеяның құрылғаны күні 1-наурызды барлық этностарды бір-біріне және қазақ
халқына алғыс айту күні деп белгілеуді
ұсынған болатын. Мемлекет басшысының бастамасын күллі қазақстандықтар, соның
ішінде сырбойылықтар бірауыздан қолдады.
Олай болса, тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толған мерейлі жылда алғаш рет аталып
отырған Алғыс айту күні баршамызға құтты болсын, – деді аймақ басшысы.

Концерттік бағдарлама
барысында түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық билері орындалып, анаға, туған жерге,
қазақ еліне арналған және патриоттық әндер шырқалды. Сондай-ақ, ұлттық
салт-дәстүрімізді айғақтайтын келін түсіру, тұсау кесу секілді шағын көріністер
де сахналанды. Жергілікті би ансамбльдері«Достық» биін қойды. Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына,
ата-анаға, ұстаздар қауымына, ардагерлерге, елдің атын шығарып жүрген
спортшыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Осы ретте облыс
басшысы:

– Ризашылық білдіру, алғыс
айту – жалпы адамзат өркениетінің жеке адам мәдениеті мен адамгершіліктің ең
бір асыл көрінісі. Алғысқа тарылмау, рахметке арланбау – қоғам үшін
кемелділіктің, ал жеке адам үшін тектіліктің белгісі. Мұндай тектілік біздің
қанымызға көнеден сіңген. Көк тәңіріне табынған көне түркілерде алғыс сөзі ізгі
тілек айту мағынасында қолданылған. Ұлы дала ислам дінін қабылдаған кезеңде
алғыс түсінігін бата ұғымы алмастырып,
қазақ қоғамында ризашылық пен алғыс
белгісі ретінде бата беру орнықты. Осылайша ұлттық ұғымда алғыс алған адамды
тәңірі жарылқап, оның құты көбейеді, ырысы артады деген сенім қалыптасқан. Ұлт
санасында алғыс түсінігімен астасып, қазақтың тұрмыс-тіршілігіне дендей енген
«Асар», «Жылу», «Ерулік», «Бата» және «Бұйымтай» секілді ұғымдар талай дәуірлер дүрбелеңінде ынтымақты
бұзбай елдікті сақтауға қызмет етті.
Халқымызда алғыстың елдік үшін паш ететін аталы сөзі де аз емес. Міне, бүгін
мыңдаған жылдық тарихы бар алғыс айту дәстүрі жаңа Қазақстанның ресми
мерекесіне айналып, қоғамдық құндылықтар қатарына еніп отыр. Жиырмасыншы
ғасырдың басынан аяғына дейін Қазақстан аумағында діні мен ділі әралуан
халықтың күрделі қалыптасу үрдісі жүрді. Қызыл империяның қаһарына ұшыраған 100-ден аса ұлт өкілі қазақ жеріне
қоныс аударды. Қазақ елі атамекенге
келген ұлттарға қонақжайлық қасиетінен айнымай, құшағын айқара ашты. Бүгінде
олардың ұрпақтары Қазақстанды өз отандары санайды. Сондықтан ҚХА құрылған күні
1-наурызды жыл сайын барлық этностардың бірі-біріне деген мейірімділігінің,
қазақ халқына деген ризашылығының құрметі белгісі ретінде атап өтуінің мәні
зор. Мысалы, Америка Құрама Штаттары мен
Канада және Жапония елдерінде де бұл мереке тойланады екен. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстың басшысы
ретінде халыққа қызмет етіп жүрген барлықәріптестерімнің атынан талай қиын
сәтте қазақ елінен ірге ажыратпаған ниеттеріңіз, тәуелсіз Қазақстанға деген
кіршіксіз көңілдеріңіз, Сыр елінің дәулетін молайтуға қосқан үлестеріңіз үшін
сіздерге шын жүректен алғыс айтамын, – деді.

Жалпы, аталған ғимаратта 258
орындық концерт залы, көрме, мұражай, асхана, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық
келісім» КММ, облыстық Азаматтық Альянсы қауымдастығы, «Жастар орталығы» және
11 этномәдени бір­лестік орналасқан.

 

Сара АДАЙБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз