АЛҒАШҚЫ КҮНІ – 60 “АЛТЫН БЕЛГІ”

57

0

АЛҒАШҚЫ КҮНІ – 60 “АЛТЫН БЕЛГІ”.Сыр бойының білім ордаларын биылғы оқу жылы 6564 түлек бітіргелі отыр. Олардың 4559-ы, яғни  69,5 пайызы ҰБТ-ға қатысады.  Биылғы Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың алғашқы  күні  Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Қармақшы аудандарының 1680 оқушысы өз бақтарын сынады.

Қорқыт ата  атындағы  Қызылорда мемлекеттік университетінің бесінші оқу ғимаратында орналасқан тестілеу орталығында 2 маусым күні  502 түлек он бір жылдық білімдерін сарапқа салды. Білім сайысын бақылауға келген сала мамандары, ұстаздар мен ата-аналар, тест орталығының қызметкерлері түлектерге сәттілік тіледі. Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы Ұлттық бірыңғай тесттің сәтті  өтуіне, түлектердің білім айдынында еркін құлаш сермеуіне, ата-аналардың қуанышқа кенелуіне тілектестігін білдірді.

Биылғы  мектеп бітірушілердің 329-ы «Алтын белгіге” үміткер болса, 123-і «Үздік аттестат” иегері болуды көздейді. Солардың бірі – қаладағы №5 мектеп-лицей  оқушысы Құралай Бердәлі. Ол бұған дейінгі сынама тесттерден жоғары балл жинап, жақсы нәтижеге жеткен-ді. Бүгінгі шешуші кезеңде бар білімін сарапқа салып, ата-анасы мен ұстаздарының үмітін ақтамақшы.

Алғашқы күнгі сыныққа облыс бойынша    1629 түлек  қатысып, олардың орташа көрсеткіші 83,6 балл болды. Биылғы  түлектің 20-сы ҚР Білім және ғылым министрлігінің  №335 бұйрығы негізінде, 7-і  Ресей мемлекетіне  бюджеттік  оқуға түскендіктен ҰБТ-дан босатылды.

Бұл күнгі  сынақ барысында алдын ала «Алтын белгіге” ұсынылған – 60, «Үздік аттестатқа” ұсынылған  18 түлек өз білімдерін дәлелдеп шықты. Ең жоғары 122 балды Қармақшы  ауданындағы №250 мектеп-лицей түлегі Анар Мұхит пен қаладағы №198 орта мектеп түлегі Вероника  Цой иеленді.

Сондай-ақ бұл күні қазақ-түрік лицейлерінің көрсеткіші көңіл қуантарлықтай болды. Мәселен, №10 қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің  орташа балдық көрсеткіші 109 болды, ең жоғары балл – 121. Ал №9 ер балаларға арналған лицейдің орташа көрсеткіші – 102,1, ең жоғары балл – 118.

Ұлттық  бірыңғай тесттің алғашқы күнгі Сыр түлектерінің қол жеткізген табысы көңіл қуантарлықтай. Сынақ сәтті жалғасады деп сенуге негіз бар.

 

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз