Алаяқтықтың алдын алу маңызды

69

0

Бейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкім¬дігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда күн тәртібіне аймақтағы алаяқтық қылмыстардың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы тәрбиелік жұмыстардың жай-жапсары, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қойылып, жан-жақты талқыланды.
Өңірімізде алаяқтық қылмыстардың орын алуы толастар емес. Десе де, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда көрсеткіш 37,9 пайызға төмендеген. Бұл тақырып аясында баяндама жасаған облыстық ішкі істер департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Ғани Тұрсекеевтің айтуынша, биыл қарашаға дейін 776 алаяқтық қылмыс дерегі тіркелген. Оның 479-ы ғана ашылған. Қылмыстардың ашылмауының басты себебі белгілі: жәбірленушілер кеш хабарлайды. Енді орын алған қылмыстардың бет-бейнесіне тоқталсақ. Яғни, 34 қылмыс қарыз алумен байланысты болса, «жер алып берем» деп сан соқтырғандар саны – 131. Сондай-ақ, «баспанамен қарық қылам» деп қыруар қаржыны қалтаға басқандар дерегі 124-ке жетіп отыр. Криминалды басқарма бастығы сонымен қатар, «жұмысқа тұрғызам» деп жұртты жеміне айналдыратындар көбейіп отырғанын жеткізді. Бір ғана мысал, қыркүйек айында Байқоңыр қаласының 162 тұрғынын алаяқтар «мұнайлы Маңғыстаудан жұмыс тауып береміз» деп алдап соғыпты. Әрине, бұл «қамқорлығын» тегіннен-тегін жасамаған. Негізінде алаяқтыққа ерлерге қарағанда әйелдер қауымы епті келеді екен. Соған сәйкес, биылғы орын алған қылмыстардағы олардың үлес салмағы көп – 150. Ал, алаяқ ерлер саны 87-ге жетіп отыр. 
Ендігі мәселе – алаяқтықтың алдын алуды күшейту. Өйткені, салдардан бұрын себепке мән берген абзал. Ғани Тұрсекеевтің айтуынша, ол жыл басынан бері БАҚ арқылы насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілу үстінде. Көпшіліктің көзіне түсетін жерлерде алаяқтықтан сақтану жөнінде көрнекі ақпарат ілінген. Сондай-ақ, баяндамашы алдағы уақытта ұялы байланыс қызметі арқылы хабарлама жіберудің қам-қарекеті жасалып жатқанын хабарлады.
Аймақ басшысы комиссия отырысында барлық мәселе бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, олардың уақытылы орындалуы қатаң бақыланатынын айтты.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз