АЛДА АТҚАРЫЛАР ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ

76

0

облыстық мәслихат сессиясындағы облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың есепті
баяндамасы

АЛДА АТҚАРЫЛАР ЖҰМЫСТАР АУҚЫМДЫ

Құрметті депутаттар, әріптестер!
Бүгін біз осы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылайын деп отырмыз. 
БІРІНШІДЕН,  біз биыл өзгеше экономикалық жағдайда жұмыс жасап отырғанымызды атап өтуіміз керек. 
Интеграциялық процестерді дамытуда үлкен қадам болып саналатын Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл бір. 
Екінші жағынан, Украинадағы жағдайдың әсері сезіле бастады. Өйткені Брюссель мен Вашингтонның Ресейге қарсы енгізіп жатқан кезекті жаңа санкциялары біздің еліміздің экономикасына да кесірін тигізуде. Ерсі болса да, айтайын қазақта «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген мақал бар. Бұл мемлекеттердегі кез келген жағдайдың әлбетте бізге тікелей қатысы бар. Себебі біз Кедендік одақ арқылы бірігіп отырмыз (кедендік аймағымыз ортақ). 
Ресей экономикасындағы қазіргі таңдағы жағымсыз динамика Қазақстанның әсіресе өнеркәсіптік секторының дамуын шектеп отыр. Бірінші жартыжылдықта өнеркәсіптік өнімнің шығарылымы өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 0,4 пайызға төмендеді. 
Бұл өндіру және өңдеу индустриясында болып жатқан жағдай. Мұнай өңдіру 1,6 пайызға, ал мыс өндіру бірден 30 пайызға қысқарып отыр. 
Жалпы республикалық үрдіске қарағанда, өңдеу өнеркәсібін төмендетпей ұстап отыру әзірше біздің аймақта қолымыздан келіп отыр. Аз да болса, бұл секторда 1,8 пайызға өсім бар.
Алайда, мұнай өндіру көлемінің төмендеп бара жатқанын айта кетуіміз керек – биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қара алтын  300 мың тоннаға кем өндірілді.
Кен өндіру өнеркәсібі облыстағы жалпыөңірлік өнімнің жартысынан аса алып отырғанын ескерсек, бұл жағдай экономиканың жалпы ахуалына да әсер ететіні анық.
Мұнай және газ министрлігімен, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен жаңа кен орындарын барлау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бұл бір күндік шаруа емес. 
Естеріңізде болар, облысты дамытудың 2020 жылға дейінгі Стратегиясын әзірлеген кезде, оның негізгі басымдығы ретінде біз металлургиялық кластер құруды айқындадық.
Мұнай, газ, уран секілді шикізатты өндірумен қатар, металлургия саласы өңірлік экономиканың тірегі, ал кейіннен халықтың білікті жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ететін базисіне айналуға тиісті.
Осы бағытта біз мақсатты жұмыс атқарып жатырмыз және ағымдағы жылдың маусым айының басында бұл мәселені Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы тау-кен металлургиялық кеңесінің отырысында кеңінен талқыладық. Нәтижесінде «Қызылорда облысының тау-кен металлургиялық кешенін дамыту бойынша «Жол картасы» қабылданды. 
«Жол картасының» бастапқы кезеңінде бірқатар ірі жобалардың жүзеге асуы көзделген. Атап айтқанда:
– «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнындағы кенішті кеңейту және жылына 4 млн. тонна кен шығаратын комбинат құрылысы;
– «Баласауысқандық» кен орнындағы кен базасын кеңейту және кен өңдеу көлемін жылына 1 млн. тоннаға дейін ұлғайту;
– Қызылорда қаласында қуаттылығы 162 мың тонна төмен-аллюминийлік ферросилиций шығаратын ферроқорытпа зауытының құрылысы.
Яғни, бұл біздердің осы саладағы алғашқы  «темірқазық» жобаларымыз.
Шілде айында кен орнын өндірумен айналысатын «Шалқия Цинк LTD» ЖШС-ның 100 пайыз үлесін «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық компаниясының сатып алу жұмыстары аяқталды. Қазір кен орнында финляндиялық инвесторлармен бірге жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 
Алдағы үш жылда құрылыста 945 адам жұмыс жасайтын болады, 469 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. 
Кенішті және кен байыту фабрикасының бірінші кезеңін  2017 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Сол кезден бастап тау-кен байыту комбинаты жылына 2 млн. тонна кен өңдеп шығара алатын болады. Ал, екінші кезеңін іске қосу 2019 жылға жоспарланып отыр. Комбинат толықтай жоспарлы өндірістік қуатына кіріскенде (жылына 4 млн. тонна кен шығарып) кәсіпорында 1500-ге дейін білікті мамандар мен жұмысшылар қызмет істейтін болады. 
Қызылорда қаласындағы ферроқорытпа зауытына келер болсақ, бүгінде оның стратегиялық инвесторы белгіленді. Ол – қытайлық ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co., Ltd» (Baota) компаниясы. Бастапқы кезеңде бұл компанияның үлесі 33 пайызды немесе 80 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл ресурстар қоры қазірдің өзінде Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінде сақталып тұр. 
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындадық. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан соң өндірістің құрылыс жұмыстары басталады деген үміттеміз. 
Бүгінде кәсіпорын құрылысы үшін бұрынғы ЦКЗ орнынан және Қызылорда ТЭЦ-не қарасты аймақтан (50 га) жер учаскесінің ресімделуі жүріп жатыр.
Зауытқа қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу үшін жобалау есептері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ферроқорытпа зауытын бағасы 1 КВт/сағаты 6 теңгеден жоғары болмайтын 200 МВт көлеміндегі электрқуатпен қамту қажеттігін ескере отырып, ТЭЦ-ті жаңғырту жұмыстарын қамтамасыз ету қажет. Бұл да оңай шаруа емес, алайда оны тез арада шешуіміз қажет.
Мекеме іске қосылған соң, 700-ге жуық адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылады, «Баласауысқандық» кен орны да серпінді дами бастайды.
Өздеріңіз білетіндей, жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов біздің облысымызға жұмыс сапарымен келіп кетті. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты ретінде Қызылорда облысында тау-кен металлургиялық кешені бойынша «Жол картасының» жедел жүзеге асырылуы мәселелері қаралды.
Айта кету керек, Үкімет тарапынан облысымызға жақсы қолдау көрсетілді. Мүдделі мемлекеттік органдар мен Ұлттық компанияларға тиісті тапсырмалар берілді. 
Шыны зауытының құрылысы жобасына қатысты ұзақ уақыт келіссөздер жүріп, біраз проблема туындағаны белгілі. Ақыры Үкіметтің қолдауымен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп Қызылордада салынатын зауытқа байланысты барлық түйткіл шешілді.  
Зауыттың құны 260 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаның стратегиялық инвесторы ретінде «Kaveh Gloss Industry Group» иран компаниясы белгіленді (18 неміс-италия технологиясымен жұмыс істейтін зауыттары бар). Компания басшыларының облысымызға сапары кезінде келісімге қол қойдық. Алдағы тамыз айында серіктестеріміз құрылыс жұмыстарын бастауға тиіс.
Біздің міндетіміз – ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін инженерлік инфрақұрылымды жеткізіп, теміржол тұйығының мәселесін шешу.
Сонымен қатар, биыл осы өндіріске қажетті мамандар мен жұмысшы кадрларды даярлау (немесе тарту) жоспарын әзірлеу қажет, әрине, бірінші кезекте жергілікті тұрғындар қамтылуы керек. 
Шыны зауытының жобасынан бөлек, иран компаниясы Арал ауданында ыдыс-аяқ және кальций содасын шығаратын зауыттар салатын болды. Бұл да өңірдің дамуына қосымша серпін болары сөзсіз.
Басқа да индустриалды жобалар бойынша жұмыстар жалғасын табуда.
Ағымдағы жылдың басынан бері РМЗ «Шапағат»-пен бірлесіп тұрғын үй-құрылысы комбинатына қатысты  жұмыстар басталды. Жобаның құны 1 млрд. 300 млн. теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, өндіріс жыл аяғында іске қосылуы қажет.
Құрал-жабдықтар сатып алу үшін «БРК-Лизингтен» қаржы тартылды. Ал, «Weiler GMBH» неміс компаниясы жабдықты жеткізуші болып белгіленді.
Айта кетейін, осы жылдың алты айында облыста 120 мың текше метр тұрғын үй пайдалануға берілді (жыл бойынша 300 мың текше метр межесіне жетуді жоспарлаудамыз). Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артық.
ЕКІНШІДЕН, инвестиция тарту мәселесіне тоқталсам. 
Өздеріңізге белгілі, үстіміздегі жылы біздер Мемлекет басшысы бастаған екі ірі республикалық жобаны аяқтағалы отырмыз. Олар: жалпы құны 363,5 млрд. теңгеден асатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылыстары.
Осыған байланысты, өңірлік экономикаға құйылатын инвестициялар көлемі күрт қысқарды (16 пайыз). Бұл түсінікті. Себебі, тек қана осы екі жоба бойынша өткен жылдың 1 жартыжылдығында 40 млрд. теңгеден астам, ал осы жылдың басынан бастап 12 млрд. теңге инвестиция құйылды.
Бірақ, айта кету керек, біз қосымша мүмкіндіктер, даму резервтерін табудамыз. Соның арқасында құны 300 млрд. теңгені құрайтын бірқатар ірі жобалар пулы қалыптасты. Олардың біразын іске асыру биыл басталмақ.
Қызылорда қаласы әуежайының жолаушылар терминалы құрылысының жобасы бойынша келіссөздер аяқталды.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қызылорда облысының әкімдігі, «Қазақстан Темір жолы» АҚ, «KTZ Express» АҚ, «Байқоңыр» ӘКК және біздің әуежай арасында келісімге қол қойылды.
Осы келісім нәтижесінде бірлескен кәсіпорын құрылды («Жолаушылар терминалы» ЖШС). Жоба құнының 70 пайызын «Қазақстан Темір жолы» АҚ Ұлттық компаниясы, ал, 30 пайызын «Байқоңыр» ӘКК қаржыландырады. Оған қажетті қаржы «Байқоңыр» қорында дайын тұр.  
Ағымдағы жылдың 14 шілдесінде Премьер-Министрдің қатысуымен облыс орталығының жаңа халықаралық әуежайының іргетасы қаланды.
Бас мердігер «Базис» ЖШС құрылыс алаңын дайындап, арнайы техникаларын жеткізуде.  Жыл соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарының кем дегенде 50 пайызы аяқталуға тиіс. Ал келесі жылы жазғытұрым құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз. 
Көп ұзамай қызылордалықтар Қытайға, Түркияға, Араб Әмірліктеріне және Ресейге тікелей әуежаймен қатынай алатын болады. 
Жаңа терминал барлық халықаралық стандарттарға сай болады. Сағатына 250-510 адамға дейін қызмет көрсете алады.  Екі телескоптық трап, заманауи жүк өңдеу жүйесі, 120 көлікке арналған автотұрақ салынады.
Облыс орталығының сол жақ жағалауда дамуына серпін беретін тағы бір маңызды мәселе де өз шешімін тапты. Ол – Сырдария өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы.
Бұл жоба 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық жобалар тізіміне кірді. Осылайша көпір құрылысына қажетті қаражаттың 90 пайызы республикалық бюджеттен, қалған 10 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Биыл құрылыстың басталуына 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазір жұмыс жүріп жатыр. 
Көпірдің жалпы ұзындығы – 387, ені – 18 метр, оның ішінде 14 метрі – автокөлік жолы.
Құрметті депутаттар!
Біз әрдайым алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Сол жоспарларды орындау үшін қаржының қажет екені белгілі. Бұл енді ҮШІНШІ мәселе. 
Соңғы 6 айда қолда бар қордың есебінен жергілікті бюджеттің өзіндік кірісін 25 млрд. теңгеге ұлғайтқанымызды баса айтқым келеді. 
Бүгінгі нақтылауды есептегенде биылғы облыс бюджеті 212 млрд. теңгені құрайды. Мысалы, бұл 2013 жылдың басымен салыстырғанда 72 млрд. теңгеге артық. Яғни, біз бір жарым жыл ішінде облыс бюджетін 50 пайызға ұлғайттық деген сөз! 
Бұған салықтық базаны кеңейту бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі де септігін тигізді. 
Естеріңізде болса, осы жылдың бюджетін қалыптастыру барысында Қызылорда қаласы, Сырдария және Жаңақорған аудандарының кірістерін болжам бойынша едәуір көтерген едік. Бұл оларды субвенциялық аймақтар қатарынан шығару үшін жасалған қадам болатын. Кезінде әртүрлі пікірталас болып, бұған күдікпен қарағандар да табылды. Тіпті, бізге «қала мен аудандардың әлеуметтік жүйесін тұралатасыңдар» деген сыни сөздер де айтылды. 
Алайда, бұл бастамамыз жемісті болды. Оны бүгін толық сеніммен айта аламыз. 
Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы бюджет кірісі бойынша қойылған болжамды нық сеніммен орындаса,  Сырдария ауданы тек жартыжылдықтың өзінде салық бойынша жылдық болжамды 75 пайызға орындады. Жоспар бойынша Сырдария ауданы субвенциалық аймақтар қатарынан 2017 жылы шығу керек еді. Дегенмен, біз бұл межені келер жылы орындаймыз деп пайымдап отырмыз. 
Келесі кезекте Шиелі ауданы тұр. Басқа аудандарда да жақсы өсу мүмкіндіктері бар.
Бұл бізге аймақ дамуының өзекті мәселелерін барынша шешуге мүмкіндік береді.
Нақты айтқанда, біз бүгін кірістер жөніндегі болжамымызды 5,6 млрд. теңгеге дейін көтеріп отырмыз. Осылайша, басталған жобаларды толығымен қаржыландырамыз. Ал келер жылдың басында бұл жұмыстарға бөлінетін қаражатты мейлінше азайтуға  мүмкіндік аламыз.
Сондай-ақ биыл республикалық бюджет есебінен жүзеге асатын жобаларды облыстық бюджеттен қоса қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерімізді толық орындауға мүмкіндік бар. 
Оның қатарында, «Қолжетімді баспана”, «Бизнестің жол картасы-2020”, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020,” «Аймақтарды дамыту” және басқа да маңызды бағдарламалар бар.
Алғашқы рет су тасқыны науқанына дайындықты алдын ала бастауға да мүмкіндік алып отырмыз. Сондықтан бүгін Сіздердің қолдауларыңызға барлығы 48 нысан бойынша қорғау бөгеттерін және су құрылғыларын қалпына келтіруге 450 млн. теңге қаражат бөлу жөніндегі мәселе ұсынылып отыр.
Бюджеттің бүгінгі нақтылануының тағы бір басымдығы – ішкі істер органдарын жарақтандыру. Бұл біздің қоғамның қауіпсіздігі үшін қажетті мәселе.
Сондай-ақ, облыс орталығын қарқынды дамыту – ортақ мақсат. Қалада атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы көз алдарыңызда.
Жолдарды, көшелерді жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар жасалды. Енді бастаған тірлікті өз деңгейінде жалғастыру қажет.
Аймақтың әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылым бағытындағы жобаларын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаражат тарту үшін орталық тиісті органдармен нақты жұмыстар жүргізіп келеміз. Мәселен, биыл мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде 50 млрд. теңге қаржы алдық. Бұл, облыс үшін жақсы қолдау деп есептейміз.
Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын қарау барысында біз 2015 жылы аса маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін 22 млрд. теңгені қорға жинақтауға мүмкіндік алып отырмыз. Әрине, бұл жұмыс одан әрі жалғаса береді. 
Бұдан бөлек, қалыптасқан экономикалық жағдайда бюджеттік саясаттың басым бағыты мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту болып отыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да нақты тапсырмалар берген болатын. 
ТӨРТІНШІ. Біз қабылданған облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының бірінші кезектегі міндеттері ретінде күнделікті өмірге қажетті инфрақұрылымды дамытуға басымдық берудеміз. 
Өздеріңізге белгілі, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Алдымызда осы магистральға бірінші кезекте облыстың 21 елді мекенін қосу міндеті тұр. Осылайша, облыс тұрғындарының 70%-н газбен қамтамасыз ететін боламыз. 2013 жылы барлық қажетті құжаттар әзірленді. Қазіргі кезде Өңірлік даму министрлігімен аталған құрылысты қаржыландырудың мәселелері қарастырылуда.
Бұған дейін айтқанымыздай, облыстың елді мекендерін газдандыруды қарқынды шешу үшін «ҚазТрансГазАймақ” АҚ-мен облыстың 4 аудан орталықтарын – Арал қаласын, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттерін, сонымен қатар Байқоңыр қаласын газдандыру жөнінде келісімге қол жеткізілді.
Тек осы елді мекендердің өзінде 170 мыңға жуық адам тұрады, бұл – облыс тұрғындарының 23 пайызы деген сөз. Аталған жұмыстар жоспар бойынша жақын арада басталады.
«Бейнеу-Бозой–Шымкент» желісінен 5 газ құбыры тармағы және кентішілік газ бөлу желісі мен АГРС (газ тарату стансасы) салынатын болады.
Облыстың инфрақұрылымын дамытуға «ҚазТрансГазАймақ» компаниясы барлығы 23 млрд. теңге тікелей инвестиция салады.
Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да жалғасуда.
Ағымдағы жылы «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 8 млрд. теңге қаражат алдық. 21 жобаны іске асыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың 10-ы биыл аяқталады. Бұлардың қатарында Қазалы (Байқожа елді мекені), Сырдария (Мәлібаев елді мекені), Шиелі (Жөлек, Алмалы, Тәжібаев елді мекендері) аудандарындағы және Қызылорда қаласындағы (Ақжарма, Абай, Айнакөл елді мекендері) жобалар бар. Осының арқасында  10,5 мың адам тұратын 8 елді мекен тұрғындары таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 
Сондай-ақ, біз облыс орталығын сумен жабдықтау және суды сыртқа шығару жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстарды бастадық. 
Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемелері (ТЭН) әзірленуде. «Қызылорда су жүйесін» автоматты басқарылатын энергия үнемдегіш технологияға көшіру жоспарлануда.
Осы жылдың наурызында Еуропалық қайта құру және даму банкімен қосымша қаржыландыру жөнінде келісімге қол қойылды (жобаның құны 15,5 млн. доллар). Банк 10 млн. доллар қаржы беретін болды, қалғанын өзіміз табамыз. 
Қызылжарма жерасты су кенішін игеру жөніндегі жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде қаланы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін көзделген 85 ұңғыманың 38-і жұмыс істеп тұр. 
Алдағы жылу маусымына дайындықты қазірден бастап кеттік. Әрине, 2013 жылдың басымен салыстырғанда қазір жағдайымыз біршама жақсы. Естеріңізде шығар, біз сол кезде кейде қай жыртығымызды бірінші жамарымызды да білмедік. 
Өткен жылы облыс орталығын тұрақты газбен жабдықтау мәселесі шешілді. Жылу- электр орталығындағы екі қазандық агрегаты жаңғыртылды, сөйтіп біз өткен жылу маусымын едәуір сеніммен бастадық. 
Үстіміздегі жылы тағы 2 жылу агрегатын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, олардың бірі қосалқы болып саналады. Осылайша біз екі жыл ішінде іс жүзінде жылу-электр орталығының негізгі қондырғыларын жаңартатын боламыз. 
Теңгенің девальвациялануына байланысты үдерістерге қарамастан, біз жылу маусымының аяғына дейін жылу тарифін өсірмедік. Бірақ біз алдағы күзгі, қысқы кезеңді жаңа тарифтермен бастаймыз. Халыққа арналған тариф 8 пайызға қымбаттайды. Өкінішке орай, біз үшін бұл мәжбүрлік қадам, олай істемеске амал жоқ. Әйтпесе, қажетті кәсіпорынды шығынға батырамыз.
Бүгінде әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары мекемелерін жылу маусымына дайындауға біз 500 млн. теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұған қосымша Қызылорда жылу-электр орталығын жаңғырту мен кеңейту жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Оның мақсаты – жылу орталығының электр қуатын өндіру көлемін арттырып, аймақтың энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
ІІІ инвестициялық форумның шеңберінде Қазақстан даму банкімен осы жоба бойынша 8,6 млрд. теңгеге несиелік келісім жасалды. Облыстық бюджет бұл жобаға 1 млрд. 700 млн. теңге көлемінде қоса қаржыландыру шарты бойынша қатысады. Өзінің жұмыс істеу мерзімі ескірген жабдықтар қазіргі заманғы жоғары тиімділігі бар бу-газ технологиясымен алмастырылатын болады. 
Бұған қосымша сәуір айында біз Еуропалық қайта құру және даму банкімен Қызылорда қаласының жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту бойынша жобаны қаржыландыру жөнінде алдын ала келісімге қол жеткіздік. Банк бұл жобаны жүзеге асыруға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отыр.
Үстіміздегі жылғы шілде айында Премьер-Министрдің сапары кезінде осы банк (ЕБРР) арқылы Қызылорда электр тарату жүйесін жаңғырту жобасын қаржыландыруға 30 млн. доллардан астам қаржы бөлуге байланысты келісімге қол қойылды. Бұл қаржының 80 пайыздан астамын банк бөледі. 
Осы жобаны жүзеге асыру электр жүйелеріндегі қауырт жағдайды қалпына келтіріп, желілердің өткізу қабілетін ұлғайтады, электр қуатының жоғалуын азайтады. Пайдалану шығындары 80 пайызға кеміп, электр желілерінің қызметі 40 жылға артады. Осылайша біз КРЭК-тің дамуына инвестиция тартып, облыстың электрмен жабдықтау мәселесін кезең-кезеңімен тұрақты шешу міндетін қамтамасыз ететін боламыз. Қазіргі уақытта Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік-жеке әріптестік орталығымен бірлесе отырып, біз Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуді жүзеге асыру жобасы бойынша келісімдер жүргізіп жатырмыз. 
Біздіңше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға деген (электр жүйелерін, жылу орталығын, сумен жабдықтау жүйелерін және басқаларын) кешенді көзқарас халықтың көңіл-күйіне әсер ететін проблемаларды түбегейлі шешуге ықпал етеді деп сенеміз. 
Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Еуропалық қайта құру және даму банкі облыста жалпы құны 20 млрд. теңгенің жобаларын жүзеге асыратын болады. 
Өткен жылы біз облыс орталығында жолаушылар тасымалдау проблемасын шешуді де бастадық. Қызылорда қаласында автобус паркі құрылды. Еуропаның қайта құру және даму банкі арқылы озық жабдықтармен жабдықталған және экологиялық таза отынмен жұмыс істейтін 20 автобус алынды. Қазіргі таңда біз банк көздеген барлық талаптарды мүмкіндігінше тез орындап, жыл аяғына дейін осындай 100 автобус алуды межелеп отырмыз. 
БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша. 
Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау 2012 жылғы 5,5 млрд. теңгеден үстіміздегі жылы 8 млрд. теңгеге ұлғайды. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында ауылшаруашылық өнімдері (8,4 млрд. теңге) 4,5 пайызға өсті.
Өздеріңізге мәлім, өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері «Агробизнес-2020» бағдарламасы ғана емес, сондай-ақ «Байқоңыр ӘКК» жүйесі бойынша да көмек алуда. Үстіміздегі жылы біздің күрішшілерге «Байқоңыр” агрохолдингі күрішті килограмын 50 теңгеден сатып алу арқылы қолдау көрсетуді жалғастырады. Бұл мақсатқа «ҚазАгроҚаржы” арқылы 2,3 млрд. теңгенің несие жүйесі ашылды. Ол арқылы қазірдің өзінде қаржыландыру жүзеге асырылуда.
Осы қаржы есебінен 42 шаруашылықтың көктемгі дала жұмыстары қаржыландырылды. Шаруашылықтардың ағымдағы шығындарымен қатар, мысалға, жаңа 20 қуатты  комбайн сатып алынуда. 
Күріш егістігінің көлемі биылғы жылы 74 мың гектардан 81 мың гектарға артты.
Бүгінгі күні Жалағаш элеваторында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ал тамыз айында тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын жаңа күріш ақтау зауытының қондырғыларын құрастыру басталады. Бұл қондырғылар бүгінде сатып алынған.
Элеватор үшін, сондай-ақ, ауылшаруашылық және транспорттық техника алынып, машина-трактор паркі жаңартылды, өндірістік қуатын жөндеу жоспарланып отыр. 
Бүгінгі бюджетті нақтылау барысында Сіздердің қолдауларыңызбен саланы дамытуға тағы да 1 млрд. 300 млн. теңге бөлеміз, ол ауыл шаруашылығы дақылдары егістіктерін әртараптандыру үшін экономикалық ынталандыру түрінде беріледі. Қаржы мәселесінің қиындығына қарамастан осындай шешімге келіп отырмыз.
Биылғы жылы біз қой мен ешкіден басқа барлық мал басы түрінің тұрақты өсуін қамтамасыз ете алдық. Шиелі және Жаңақорған аудандарында жақында қойлардың қырылуы орын алып, бірқатар шаруашылықтар елеулі шығынға ұшырағанын білесіздер. Соған байланысты, «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы ұсақ мал өсіруді қолдау бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданып отыр. Осы мақсатта біз «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның жарғылық қорын 79 млн. теңгеге қосымша толықтырып отырмыз. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер «Аграрлық несие корпорациясы” несиесін «Байқоңыр” ӘКК-нің кепілдігімен 7 пайыздық ставкамен ала алады. Бұл жағдайда оларға екіжылдық жеңілдік кезеңі беріледі. 
Қызылорда қаласында құрама жем зауытының құрылысы аяқталып келеді. Кәсіпорын үшін германиялық заманауи қондырғылар («Петкус” зауыты) алынған, жыл соңына дейін зауыт іске қосылады деп отырмыз. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту жөніндегі басқа да іс-шаралармен қатар, мұның өзі облыстың агроөнеркәсіп секторын дамытуға серпін беруі тиіс. 
Балық шаруашылығы мен балықты өңдеу аймақтың агроөнеркәсіп секторын дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде санаймыз. «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ның қатысуымен құрылған «Қызылорда СПК Балық” және «Қаратерең Балық” кәсіпорындары бүгінде тиімді жұмыс жүргізуде. 
Иіркөл тоған шаруашылығын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар жүргізілу үстінде, ол өз кезегінде облыс орталығын тірі балықпен қамтамасыз етуге жұмыс істейтін болады. 
Арал балық өңдеу зауытын сақтап қалу мақсатында оның 49 пайыз акциясын «Байқоңыр ӘКК» АҚ сатып алған болатын. Осы жылдың ақпан айында «Казагрофинанс” АҚ-мен зауытты 10 жыл мерзімге (1млрд. 375 млн. теңге) жалға беру жөнінде келісім-шартқа қол қойылды. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында кәсіпорында 245 тонна дайын өнім шығарылды. 
Айта кету керек, осы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Үкіметі «САРАТС» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қадам жасайтын «Жол картасын» бекітті. 
Ал ең маңыздысы, ағымдағы жылдың 10 шілдесінде біздің облыста болғанда Дүниежүзілік банк пен Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі «САРАТС-2” жобасын қаржыландыру жөніндегі ниетін бекіткен бірлескен мәлімдеме жасады (23,2 млрд. теңге). Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Арал мәселесіне байланысты жасап отырған тікелей қамқорлығының нәтижесі!
АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік даму туралы.
Соңғы жылы облыста жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз деңгейінде сақталып келеді. Ағымдағы жылдың алты айында 5700 шамасында жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл біздің жыл бойына жоспарлап отырған көрсеткіштің 60 пайызын құрайды. 
Әйтсе де, біздің ең басты міндетіміз – барынша тұрақты жұмыс орындарын ашу болып отыр. Статистика көрсеткендей, облыста шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілері қарқынды өсуде (101 пайыз). Бұған Мемлекет басшысы тарапынан тексерулерге жасалған мораторий сондай-ақ, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жасалып жатқан қолдау іс-шаралары әсер етуде. Тек қана «Жұмыспен қамту – 2020» Жол картасы бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы ауылдық жерде кәсіпкерлікті дамытуға республикалық бюджеттен 2,3 млрд. теңге тарта алдық. 
Тұрғындар табысының өсуі (7,7 пайызға дейін), бөлшек тауар айналымының 25 пайызға дерлік өсуі, екінші деңгейдегі банктердегі тұрғындар салымының артуы (жан басына шаққанда 21 пайызға) аймақ тұрғындарының әл-ауқаты жақсарғанын көрсетеді.
Сонымен қатар, теңгенің құнсыздануына байланысты орын алған процестерге қарамай, негізгі азық-түлік тауарлары түрлерінің бағасын республиканың көптеген өңірлеріндегі деңгейден төмен ұстап тұруға қол жеткізіп келеміз. 
Біз әуел бастан азаматтарымызды әлеуметтік қорғауды, білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуды ең маңызды басым бағыттардың бірі ретінде анықтап алдық. Жалпы алғанда, облыстың әлеуметтік дамуына биылғы жылы біз 122 млрд. теңгеден астам қаржы бөліп отырмыз. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 35 пайызға, 2013 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. 
Облыста денсаулық сақтау саласын дамытудың «Жол картасы» екінші жыл жүзеге асырылуда. Тек үстіміздегі жылдың өзінде «Жол картасында» белгіленген шараларға 2 млрд. теңге қаржы бағытталып отыр (2013 жылы 408 млн. теңге). Нәтижесінде ең өткір деген проблемаларды шешу бойынша оң динамика бар.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бірде-бір ана өлімі тіркелген емес. Туберкулезбен ауырғандар (14 пайызға), жүрек-қан тамырлары науқастары (7 пайызға), онкологиялық дертке шалдыққандар (0,6) азайды.
Ауылдық жерде денсаулық сақтау мәселелері жоспарға сай шешілуде. Өздеріңіздің естеріңізде болар, өткен жылы біз 9 ауылдық аурухананың жұмысын қалпына келтірген болатынбыз. Биылғы жылы тағы 4 ауылдық аурухана: Жаңақорған ауданының Келінтөбе, Бірлік, Қожакент ауылдарында және Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында жұмысын бастады. Олардың барлығы да қажетті жабдықтармен жабдықталады.
Осы жылы, сондай-ақ, Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде ауысымына 250 келушіге арналған емхана және үш дәрігерлік амбулатория (Жалағаш ауданының Аққыр ауылында және Арал ауданының Аралқұм мен Қамыстыбас ауылында) пайдалануға берілуде. Тағы 11 дәрігерлік амбулатория мен Жосалы, Жалағаш және Сексеуіл кенттеріндегі 3 емхана құрылыстары жыл соңына дейін аяқталады. 
Премьер-Министр облысқа жұмыс сапарымен келгенде біздің тәжірибемізді ескере отырып, осы мәселе бойынша Шиеліде арнайы мәжіліс өткізді. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын көтеру жөнінде бірқатар ұсыныстар енгіздік, оның ішінде жұмыс істеп тұрған заңдар мен басқа да құқықтық-нормативтік актілерге байланысты өзгерту жөніндегі ұсыныстар бар. 
Аудандар мен облыс орталығында бірқатар медициналық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 
Осы айда құрылысы 7 жылға созылған Қызылорда қаласындағы 200 төсектік перинаталдық орталық пайдалануға берілді. Мұнда 600 медициналық қызметкер жұмыс істейтін болса, оның 100-і жоғары санаттағы дәрігерлер.
Байқоңыр қаласындағы перзентхана ғимаратына қатысты барлық мәселелер шешілді. Өздеріңізге белгілі, бұл нысан 2010 жылы салынған болатын. Сол уақыттан бері ол жұмыс істемей келді.
Бұл нысанды ауысымына 100 келушіні қабылдайтын емханасы бар 120 орындық көпсалалы ауруханаға айналдыруға шешім қабылданды.
Нысан облыстық медициналық орталықтың филиалы ретінде тіркелді. Ол қазіргі заман жабдықтарымен жабдықталған және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген, медициналық көмектің барлық түрін көрсететін үлкен емдеу-профилактикалық мекемесі болады. Соның ішінде жоғары технологиямен жабдықталған бұл емдеу орны Қармақшы, сондай-ақ, Арал және Қазалы аудандары тұрғындарына да қызмет көрсетеді.
Қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін біз Үкіметтің резервтік қорынан 600 млн. теңге алуға қол жеткіздік.
Жыл соңына дейін терапия бөлімшесі мен емхана ашылатын болады. Ал кешеннің барлығы, атап айтқанда неврология, хирургия, травматология, гинекология және жан сақтау бөлімшесі 2015 жылы толыққанды пайдалануға беріледі.
Бұл жерде жалпы саны 500-ден астам медицина қызметкері жұмыс істейтін болады.
Мұнан басқа, осы таяуда ғана облыстық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы басталды.
Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы біз денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттың бірі етіп медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қолға алдық. Шындығында, біліксіз дәрігердің қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жұмыс істей алмайтыны да белгілі.
Тек жоғары білікті мамандар ғана біздің тұрғындарға жоғары сапалы медициналық қызмет көрсете алады.
Жыл ішінде 550 дәрігер мен 1300 орта медициналық маманды оқытуға жіберу жоспарланды. Нақты кезеңде 650-ден астам дәрігер мен 2000-нан астам орта медицина қызметкері өз біліктілігін арттырудан өтті.
Нәтижесінде бір жылда бірінші санаттағы дәрігерлер үлесі 21-ден 30 пайызға дейін өсті. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Біздің мақсат – ең заманауи технологияларды меңгеріп, науқастарды емдейтін мамандарды дайындау.
Осы мақсатта біз А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығымен, сондай-ақ, Қазақ медициналық университетімен үздіксіз білім беру жөнінде әріптестік байланыс орнаттық. Қазіргі таңда мамандарды хирургияның трансплантология секілді қиын бағытына да оқытып жатырмыз.
Тұрғындар арасында біздің қамқорлығымызды ерекше қажет ететіндер – мүгедек жандар.
Өздеріңіз білесіздер, 2013 жылы Қызылорда облысының 2013-2014 жылдары мүгедектердің құқығын қорғау мен олардың өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету жөніндегі «Жол картасы» бекітілген болатын.
Біз өзіміз мойнымызға алған бұл міндеттемені үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында-ақ 99 пайызға орындадық. Сондықтан да Елбасы тапсырмасына орай наурыз айында 2014-2015 жылдарға арналған жаңа «Жол картасы» бекітілді.
Онда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мен оларға кедергісіз ортаны қалыптастыруға ерекше басымдық берілген. Бұл жұмысты біз «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен бірлесіп жүргізіп келеміз.
Бірінші кезеңде барлық мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасында көрсетілгендей кәсіби оңалтуды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Мұндай жандар бізде жыл басында 375 адам болды. Олардың барлығы да жұмысқа орналастырылды.
Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі 633 адам жұмысқа орналастырылды. Мұнан өзге тағы да 750 адам жұмыс жасауға ниеттілігін білдірген. Бұл біздің мақсатты тобымыз. Сондықтан да олардың әрбірімен біз жеке жұмыс жасайтын боламыз.
Біз мүгедек жандардың әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету жайына ерекше көңіл бөліп отырамыз. Дегенмен де, мүгедектердің қауіпсіз қозғалуына бейім нысандар әлі де аз деп санаймыз. Сондықтан да кедергісіз ортаны қалыптастыру мәселесін шешуге әлі де біз айрықша көңіл бөлетін боламыз.
Өкінішке орай, Талсуат ауылдық округіндегі ересектерге арналған жүйке аурулары интернат үйі құрылымының құрылысын  аяқтау да бірқатар қиындықтар бар.
Бұл аймақтағы 2013 жыл басындағы 34 «сақалды» құрылыстың соңғысы және облыс әкімінің 2014 жылғы іс-қимыл жоспарында көрсетіліп, бірақ жоспарланған мерзімде пайдалануға берілмеген жалғыз нысан.
Мұнда мердігерге қатысты сот ісі әлі аяқталған жоқ. Сот процесі үстіміздегі жылғы қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде. Сонан кейін ғана біз жұмысқа кірісе аламыз. Қазір қалған құрылыс жұмыстарының көлемін анықтау мақсатында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде.
Бұған дейін қаржыландырылған бұл құрылыс нысанын бюджет қаржысы есебінен қайта қаржыландыруға заң бойынша рұқсат етілмейді. Сондықтан да қаржыны бюджеттік емес көздерден іздестіретін боламыз. Алдын ала болжам бойынша оған 500 млн. теңге керек.
Білім жүйесін дамыту жөнінде де мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Өткен жылы біз «Балапан” бағдарламасын 2020 жылға дейін емес, 2015 жылы аяқтауға міндеттеме алғанбыз. Бүгінгі күнге 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 87 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін 1200 орындық 5 балалар бақшасын пайдалануға беретін боламыз. Сөйтіп мекемелерде балаларды қамтамасыз ету көрсеткіші 90 пайызды құрайтын болады.
Сондықтан біз алға қойылған міндеттерді орындауға сеніміміз мол. Әрине, республикалық бюджеттен тұрақты қаржыландырылу жағдайында балалар бақшаларындағы бүлдіршіндерді бағып-қағуға толық мүмкіндік бар.
Орта білім беру құрылымдарында да айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Санатты ұстаздар қатары былтыр 74 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 87 пайызға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеудің орта балы да үстіміздегі жылы біршама артқандығы байқалады. Былтыр ол 73 балл болса, биыл 74,2 балға тең. «Алтын белгіге» үміткерлердің 94 пайызы өз білімдеріне сай екендіктерін дәлелдеді.
Бірінші рет өз түлектерімізді Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары – Мәскеудің болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербург дамушы полимерлер технологиялық университетіне оқуға жіберіп отырмыз. Бұдан басқа 300 бітіруші түлекке аймақ экономикасына қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің гранты бөлінді.
Байқоңыр қаласындағы біздің мектептерімізді қазақстандық стандартқа көшіру мәселесі де оң шешімін табуда. Жыл аяғына дейін Ресей және Қазақстан білім және ғылым министрліктері арасында барлық қажетті құжаттарға қол қойылады деген сенімдемін. Сөйтіп, 2015 жылдан бастап байқоңырлық мектептер біздің еліміздің стандарты бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, қазіргі таңда ҚР Өңірлік даму министрлігі Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылдық округін әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын бекіту жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын дайындауда.
Мектептерді үш ауысымд

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз