АЛМА ӨСІРГЕН ӘЛТАЙ

87

0

АЛМА ӨСІРГЕН ӘЛТАЙ«Ерінбеген адамның егіні бітік шығады” дейді дана жұртымыз. Жер-Ананың адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек еткеннің жігерін құм қылмайтынын тағы бір байыптадық. Ауыл тұрғыны Әлтай Пірмановтың осыдан жеті жыл бұрын отырғызған алма көшеттері биыл алғаш рет жеміс беруде.

Аламесек ауылына бара қалсаң, жол іргесіндегі жайқалған ағаштар мен жеміс талдары алыстан көзге түседі. Ауыл тұрғыны Ә.Пірманов 1998 жылы отбасымен бірге ауыл іргесінен бір гектар жер алып, әртүрлі ағаш көшеттерін отырғыза бас­тайды. Бүгінде сол ағаштар арасынан баяу соққан жел – табиғаттың самалы тынысыңды ашып, ауылға өзіндік көрік беріп тұр. Ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет етіп, артында абыройлы із қалдырған Әлтай ағамыз бен ардагер ұстаз Бидаш апамыздың бау-бақшасынан алма талынан бөлек жүзім, өрік, шие, шабдалы жеміс ағаштары да кездеседі.

Жер баптап,
несібесін еселеген бағбан 2009 жылы Сарыағаш қаласынан 200-ден астам Семеренко
сортынан алма көшетін алдырып, суы мол, жері құнарлы Аламесек топырағына
отырғызған. Алты жылдан бері бір сәт қараусыз қалдырмай, күтіп-баптаудың
нәтижесінде алма ағаштары биыл түйнек салып, несібесін молынан төгіп тұр.
Түйнектің тығыздығынан алманың салмағын көтере алмай майысқан бұтақтары да
кездесті. Бұны жылдар бойы төгілген тердің өтеуі, еңбекқор ердің мол несібесі
деп білдік.

– Мұндағы алма
пі­су­ге жақын. Дәні тіл үйі­ретін алмаларды күз мезгілінде жаппай жинауға
кірісеміз. Алма талы көп күтімді қажет етеді. Бойын үш жарым метрден асырмай
қиып отырса, түйнекті көбірек салады. Сонымен бірге, түйнекке құрт түспеуі,
гүлдегенде уақытылы су жеткізілуі, айналасын таза ұстап, жабайы шөптерді жұлып
отырса, алма талы да өз өнімін молынан төгеді. Бақшадағы алмадан бөлек, жеміс
талының басқа түрлері де өнім беруде, – дейді бағбан.

Жердің бабын
тапқан ағамыз бақшасын химикатсыз күтеді. Жергілікті жердің табиғи өнімі қай
кезде де жоғары сұранысқа ие. Жемістер мен көкөністер алдағы уақытта колжетімді
бағамен ауыл, аудан одан әрі қала орталығындағы сауда сөрелеріне шығады.

71 жастағы қария
балаларына ауыл шаруашы­лық мамандығының қыр-сырын үйретуде. Немерелерін
агроном мамандығы бойынша оқуға түсуге үгіттейтін ол – ауылдың көркейіп, дамуын
ауыл шаруашылығымен байланыстырады. Ал, Бидаш Өтеулиева апамыздың күнделікті
жұмысы сиыр сүтінен айран, құрт, ірімшік дайындап, табиғи өнімді уақытылы өз
тұтынушыларына жеткізу.

– Қазір жаз
мезгілі. Немерелерім ауылға келіп, ата-әжелерінің қасында. Оларға бұл жолы құрт
дайындап, айран пісіруді үйретудемін. Жастар ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық
болып өссе, жаман болмайды, – дейді Бидаш апамыз.

Ел аузындағы
«Мал семіз болса, төл егіз. Жер семіз болса, дән егіз» деген сөзі осындай
еңбекқор жандардың берекелі кәсібіне берілген оң бағасы болса керек. Міне, мал
өнімдерімен қатар, егін шаруашылығын ұршықтай иірген жандарға Жер-Ана да өз
несібесін төгуде.

 

Нұрсұлтан
ҚАЗБЕКОВ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз