АЛТЫН ДӘН, ҚЫЗЫЛ ҚЫРМАН, ӘН ДУМАН

99

0

АЛТЫН ДӘН, ҚЫЗЫЛ ҚЫРМАН, ӘН ДУМАНҰлтымыздың
ұлы тұлға­лары – Мұстафа Шоқай менНартай Бекежановтың туылғанына 125 жыл толу мерейтойы «Алтын күз-2015»
мерекесі аясында онан әрі жалғасын тапты. Облыс орталығында басталған шаралар
аптаның сейсенбі, сәрсенбісінде Шиелі ауданында өрістеді. Әуелі Сұлутөбе
ауылындағы жаңа мәдениет үйі алдында Мұстафа Шоқайға қойылған бюст ашылды.
Аталмыш жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге елімізге танымал бірқатар тұлғалар қатысып
сөз сөйледі.

– Алты Алаштың анасы атанған Сыр расында бүкіл түркі
жұртшылығының да анасы. Міне, осы тарихи топырақта бүгін тағы бір айтулы шара
өткізіліп отыр. Ел тәуелсіздігінің арқасында Мұстафа Шоқай есімі халқымен қайта
қауышса, оның еңбектері өскелең ұр­паққа отаншылдық сезімінің қасиетін сіңіріп,
қай­раткерлігін паш етуде. Астана мен Алматыда көрнекті тұлғаға көше атаулары
берілсе, міне, бүгін оның туған топырағында белгі қойылып отыр. Сонымен қатар
жаңа тип­тегі мәдениет үйінің салтанатты ашылуы да осы шараға тұспа-тұс келді.
Мұның бәрі халқымыздың өзінің өткен өміріне мән беріп, Елбасының көреген
саясатына саятын Мәңгілік Ел идеясының маңына ты­ғыз топтасқандығын білдіреді.
Мәдениет сала­сындағы міндеттеріміз кешенді жүргізіліп, сал­қар көшіміз
жалғасып келеді, – деді аймақ басшысы.

Онан соң жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен
Әбдіков, жазушы-тарихшы Қойшығара Салғарин, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова,
академик Досмұхаммет Кішібеков және басқалар өздерінің жүрекжарды лебізін
айтып, көпшілікті құттықтады. Сәскеде басталған салтанатты жиын онан әрі
«Көрнекті тұлға Мұстафа Шоқай» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасына
жалғасты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, танымал ақындар Қаршыға
Есімсейітова, Қатира Жәленова, Дүйсенбек Аяшұлы қазылық еткен жыр бәсекесіне 22
ақын қатысып, нәтижесінде қазалылық Есет Табынбаев бас жүлдені иемденсе,
бірінші бәйгені шиелілік жас ақын Бекжан Әміров қанжығасына байлады. Басқа да
жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылып, марапаттар жасалынды.

Ал аудан орталығындағы Салтанат сарайы бұл күні ығы-жығы
адамға толып, ондағылар «Тәуелсіздік жаршысы – Мұстафа Шоқай, қазақтың
сал-серісі – ақын Нартай» атты республикалық ақындар айтысын тамашалады. Айтысты
қайта жаңғыртқан, жанашыр Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы бұл күні
көптеген тосын жайттарға да тап болды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»
демекші ауыздығымен алысқан айтыс дүлдүлдері бірімен бірі делбе қағыстырып,
халық өнерінің туын көкке көтерді. Аламанның шымылдығын ашқан шиелілік Мейірбек
Сұлтанхан мен белгілі ақын Ринат Зайтовтың сөз қағыстыруы ә дегеннен
көрерменнің қошеметімен көмкеріліп отырды. Бір сағатқа созылған сөз сайысында
небір көрікті ойлар ортаға тасталып, тәлімді теңеулер тізбектелді. Қазылар
алқасы екі жүйрікке де бірдей баға беріп, екеуін де парлата биіктетті.
Халқымыздың ұлттық өнерінде әкесі мен баласының айтысы, ерінің әйелімен айтысы
секілді қызықтар орын алғанымен, ағайындылардың сахна төріне көтерілуі соңғы
жылдары байқалған емес еді. Бұл жолы Шиелінің тумасы қазір Астана қаласында
тұратын Иранғайып Күзенбаевтың туған ағасы Талғатпен сөз бәсекесіне түсуі
расында қызықты да өнегелі айтыс болды десек, жаңылыса қоймаймыз. Қазақ
дәстүріне сай бірі әжесінің бауырында өскен бала болса, екіншісі анасының
етегіне оралып өскен жеткіншек ретінде жыр маржанын төкті. «…Сүйегі бір
ағама, көрдіңдер ме, сүйегі жоқ тілім де бата алмай тұр», деп сөз нүктесін
қойды Иранғайып. Олардың өзгелермен де айтысындағы мазмұндылығы ескеріліп, ағайынды
ақындарға бас жүлде – 1 000 000 теңге берілді. Ал бірінші орынды шиелілік жас
талант Ержан Әміров иеленсе, екінші орынға Ринат Зайтов көтерілді. Ал үшінші
жүлдені Айдана Қайтарбек пен Мейірбек Сұлтанхан өзара бөлісті.

Сәрсенбі күнгі аудан орталығындағы ауыл­шаруашылық
өнімдерінің жәрмеңкесі де жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Жүзден астам көлік
қойылған жәрмеңкеде өнімдер күнделікті базар бағасынан 15-20 пайызға арзанға
саудаланды.

Осы күні Иманжүсіп атындағы орталық стадионда өткізілген
«Алтын дән, қызыл қырман, ән думан» атты театрландырылған қойылым
салтанат-сәнімен көпшілікті бір желпіндірді.Осы жерде «Алтын күз-2015» мерекесіне орай сала үздіктері
марапаттауларға ие болды. Олардың арасында оза шапқан «Бестам елі» шаруа
қожалығының төрағасы Балтабай Қошқаров, «Төңкеріс и К» шаруа қожалығының
төрағасы Бауыржан Көпеев, «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы Аятжан
Есжановтарды айрықша атауға болады. Олардың әрқайсысы өздерінің күтіміндегі
күріштіктен 50 центнерден жоғары өнім алып, молшылыққа кенелді. Орталық
стадиондағы Қазақстан эстрада
жұлдыздарының ән шашуы да тартымдылығымен тәнті етті.

Кешке Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала-концерт
қойылып, мерекелік отшашу жарқырады. Эстрада жұлдыздары Мақпал Жүнісова, Роза
Әлқожа, «Қоңыр» тобы әсерлі әннен шашу шашты.

Нұрмахан
ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз