АЛТЫНШЫ ФОРУМ: ӘЛЕМГЕ АШЫЛҒАН ЕСІК

57

0

АЛТЫНШЫ ФОРУМ: ӘЛЕМГЕ АШЫЛҒАН ЕСІККеше Қызылордада VI
«Baikonur Invest» инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. Дәстүрлі форумға әлемнің 12 елінен 300-ден астам бизнес қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдері, инвесторлар қатысуда. Дәлірек айтсақ, Ресей, Венгрия, АҚШ, Корея, Польша, Германия, Италия, Ұлыбритания, Түркия, БАӘ, Иран, Филиппин елдерінен келген мамандар мен кәсіпкерлер аймақтың инвестициялық ахуалына қызығушылық танытып отыр.

Сонымен, форум Сырдария өзені сол жағалауының макеті секілді қызықты дүниелерден тұратын «Қызылорда Смарт Сити» көрмесі қонақтардың назарына ұсынылып, инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырумен басталды. Жалпы аумағы 1532 гектар болатын жаңа қалада 3 млн шаршы метрді құрайтын тұрғын үй кешені орналасады. Оның 1 млн шаршы метрі 2025 жылға дейін салынып бітеді. Бұл 2025 жылға дейін 50 мыңнан астам адамды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Көрмеден кейін форумның пленарлық мәжілісі басталды. Онда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы баяндап, инвестициялық мүмкіндіктерін саралап берді.

Атап өткен жөн, бүгінгі күнге дейін ұйымдастырылған 5 инвестициялық форум аймақтың әлеуметтік-эконо­микалық дамуына 100 млрд теңге көлемінде қаржы тартуға мүмкіндік берді. Барлығы 63 меморандумға қол қойылып, келісім жасалды. Оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкімен Қызылорда қаласының инфрақұрылым желілерін жаңғыртуға қатысты 10 келісімге қол қойылды.

– Әлемдік қаржы қиыншылығына қарамастан, бүгінгі форумға әлемнің 12 мемлекетінен инвесторлар келіп отыр. Бұл өңірдің қаржы ұйымдарының сенімінен шығып отырғандығын аңғартады. Қазірдің өзінде жалпы құны 320 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын 18 жобаны жүзеге асырудамыз, – деді аймақ басшысы Қ.Көшербаев.

Форум аясында
қол жеткізген үлкен жетістік – облыс орталығында шыны зауытын салуға мүмкіндік
туды. «Шалқия» тау-кен металлургиялық кешенін қайта жаңғырту үшін де
инвесторлар тартылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек 300 қызылордалық
түлек Ресейдің маңдайалды жоғары оқу орындарында білім алуға қол жеткізді.

Сонымен
қатар, аймақ басшысы инвесторлардың назарына облыс­та іске асырылатын
ферроқорытпа жобасы, машина құрылысы, кірпіш, цемент зауыттарының
құрылыстарына, Сырдарияның сол жағалауындағы жа­ңа қаланың жобаларына, өңірде
агро­өнеркәсіптік кешенін дамытуға, тағам өндірісіне инвестиция салып,
өнімдерді сыртқы нарыққа шығару жұмыстарына атсалысуға болатынын жеткізді.
Сондай-ақ, мыс, алтын, цирконий кендерін игеруге қатысу мәселесін де құлаққағыс
етті. Бұған қоса, Жер кіндігі Байқоңыр қаласының маңынан индустриалдық-туристік
аймақ құру жос­парда тұр. Сыр өңірі үшін тек қар­жы­лық ресурстарға ғана емес,
заманауи технологиялар транс­ферті де аса маңызды.

Пленарлық
мәжілістің модераторы «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма
Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Сыр өңірі бұрын мұнайымен,
ауыл шаруашылығымен танылса, қазіргі күні аймақта басқа салалар да қарқынды
дамып жатыр. Сонымен бірге ол 2016 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер
палатасы мен Қызылорда облысының әкімдігі бірлескен «Микробизнес Қызылорда»
жобасын жүзеге асыратынын айтты.

– Келер
жылы «Микро­бизнес Қызылорда» жо­­ба­­сына «Атамекен» ҰКП 300 млн теңге бөле­тін
болды. Жобаның мақ­сат-міндеті – микробизнесті дамыту ар­қы­лы жаңа жұмыс
орындарын құ­ру, жұ­мыс­сыздықты азайту, коопе­ра­цияның дамуына жағдай жасау,
ауылшаруа­шылық өнімдерін қайта өңдеу және те­рең қайта өңдеу жобаларын іске
асыру, – деді ол.

Бұдан
соң ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов
Қызылорда облысында биыл 30-дан астам денсаулық сақтау нысанының құрылысы
жүргізілгенін жеткізді. Бұл өз кезегінде медициналық қызмет көрсету сапасының
артуына септігін тигізеді. Аталмыш сала үнемі дамуды, заманауи жетістіктерді
тануды және оны іске асыруды қажет етеді. Сондықтан, мемлекеттік-жеке
әріптестікті жандандыру – бүгінгі күннің талабы. Бұл бағытта Қызылорда
аймағында алғашқы қадамдар жасалуда. Мәселен, облыс орталығында күніне 500
келушіні қабылдайтын емхана мен 600 орындық кәсіптік-техникалық лицей құрылысы.

Ал ҚР
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров еліміздің ауыл шаруашылығы
әлеуеті мен инвесторларға жасалған қолайлы жағдай туралы баяндап берді.
Сондай-ақ шетелдік және қазақстандық кәсіпкерлерді салаға жаңа технологияларды
ендіруге атсалысуға шақырды. Соның бірі – тамшылатып суару тәсілі.

Қазақстандағы
ЕҚҚДБ-ның бас банкирі Анатолий Авксентьев Еуропа қайта құру және даму банкі мен
Қазақстан Үкіметі арасындағы әріптестікке тоқталды. 1990 жылдардан бері ЕҚҚДБ
әлемнің 34 елінің экономикасының дамуына ықпал жасап келеді. Осы уақытқа дейін
4200 жоба жүзеге асырған. Ал банк соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстанда 204
жобаға атсалысқан. Оның ішінде, біздің облыс та бар. Еуропалық қайта құру және
даму банкімен Қызылорда қаласының инфрақұрылым желілерін жаңғыртуға қатысты
бірнеше келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, ол өз баяндамасында әріп­тестік
туралы шектелмелі келісім деген мәселеге жан-жақты түсінік берді.

«Global»
құрылыс компаниясының Бақылау кеңесінің төрағасы Мұхит Әзірбаев болса, форумға
сол жағалауда салынатын қаланың құрылысына үлес қосу мақсатында келіпті.

– Бұл
инвестициялық жобаның перс­пективасы мол. Кеңес одағы тұсында көптеген жаңа
қалалар салынды. Ал Тәуелсіздік кезеңде Астанадан басқа мұндай ірі жоба болған
емес. Сондықтан, үлкен жобаға қатысып, тұрғын үйлер, бизнес орталықтарын салуды
мақсат тұтып отырмыз, – дейді ол.

Венгрияның
Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Анд­раш Барани мажар еліндегі
ауылшаруашылық саласының әлеуетін сөз етіп, тәжіри­бе­сімен бөлісті. Ал, «Сентрас
вен­чур­лық қоры» АҚ директорлар кеңе­сі­нің төрағасы Елдар Әбдіразақов эко­номикалық
дағдарыс жағдайында да­му­дың жаңа жолдарын қарастырып жатқан облыс
басшылығының белсенді жұмысын жоғары бағалады. Инвесторларды тарту мәселесінде
әкімшілік белсенділік өз нәтижесін беретінін айтты. Сонымен қатар,
Қазақстандағы Ресей Федерациясының сауда өкілі Александр Яковлев екі ел
арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа талдау жасады. Ал биыл Қызылорда өңірі
мен Ресей арасында 40 миллион доллардан астам қаржы көлемінде сауда-саттық
жасалған. Мұның өзі аздық етеді. Сондықтан, алдағы уақытта байланысты күшейтуге
тілектестік білдірді.

«Даму»
кәсіпкерлікті дамыту қо­ры» АҚ-ның Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Сыр
өлкесіндегі қордың жұмысын саралады. «Біз оптимист те, пессимист те болмауымыз
керек, бүгінгі ахуалға шынайы көзқараспен қарап, алға жылжудың қамын
жасағанымыз абзал. Сондықтан дағдарыс деп еңсені түсірмей, жаңа мүмкіндіктерді
іздеген Қызылорда облысының бүгінгі қадамы құптарлық», – деді ол.

Форумдағы
ең соңғы баяндамашы Чехия-Қазақстан энергетикалық компаниясының атқарушы
директоры Виктор Иванов Қызылорда облысында екі бірдей жобаны іске асыруды
жоспарлап отыр.


Біздің компания аймақта шағын су энергетикасын дамытуға және кас­кадты газ
қазандықтарын шығаратын өндіріс ашуға мүдделі. Бұл өңірді таң­дауымыздың
себебі, облыс бас­шы­лығының бірлесіп жұмыс істеуге ықы­ласы зор екенін
байқадық. Біз Қы­зылорданың болашағын индустриалды аймақ ретінде елестетеміз, –
деді В.Иванов.

Пленарлық
мәжілістің соңында үш бірдей меморандумға қол қойылды. Облыс әкімдігі «Nad Al
Shiba» холдингі және «Mergers Alliancez» халықаралық корпорациясымен өзара
әріптестік жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ, «TVET» компаниясымен
кәсіптік-техникалық лицейдің құрылысын салу жөнінде меморандумға отырды.

Жалпы,
форум барысында ауылша­руашылық, құрылыс, көлік және логис­тика секілді
салаларда 7 мемо­ран­думға қол қойылады.

Бұдан
кейін, форум секциялық отырыстарға ұласты. Ал бүгін қонақтар Қармақшы
ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына
барып, «СОЮЗ-ТМА19М» зымыранының ұшырылу сәтіне куә болды.

Дәурен ОМАРОВ,

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет)

 

Пікірлер пайымы

Рагху ГУРУРАДЖ, Үндістанның Қазақстандағы
елшілігінің бірінші хатшысы:

– Үндістанның Қазақстандағы елшілігіне «Байқоңыр
инвест» ин­вестициялық форумы туралы мәлімет түскен болатын. Содан соң біздің
қызығушылығымыз оянды. Қызылорда қандай аймақ? Онда қандай жобалар жүзеге
асыруға болады? Сан сауалдың төңірегінде үндістандық мамандармен кеңесіп, бұл
өңірде IT саланы дамыту қолайлы ма, жоқ па, соны білуге арнайы келдім. Қазіргі
таңда Үндістанда IT сектор қарқынды дамыған. Бұл салада 3 миллионға жуық адам
қызмет етеді. Бізде жоғары сапалы мамандар жетерлік. Сондықтан, Үндістан
Қазақстанда ақпараттық технологияны дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыруға
мүдделі. Бүгінгі форумда осы мәселе төңірегінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Инвесторларға жасалған жағдаймен, заңнамалармен танысудамын.

Мені таң
қалдырғаны, облыс әкімдігінің инвесторларды құшақ жая қарсы алып, ахуалды егжей-тегжейлі
таныстыруы. Ең бірінші, бізге керегі де осы. Содан кейін нарықты зерттеп, нақты
шешім қабылдаймыз. Егер қолайлы болса, үндістандық инвесторларды тартумен
айналысамын.

***

Чжон У-ЧЖИН, Корея Рес­публикасының Қазақ­стан­дағы
елші­лі­гінің кеңесшісі:

– Қызылорда өңірі тарихи тұрғыда маған жақсы таныс. Корей
ұлтының қаһарманы, Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер Хон Бен До осы
қалада дүниеден озған. 1937 жылы ол бір топ замандастарымен бірге Қиыр Шығыстан
Қызылордаға жер аударылған болатын. Бүгінде олардың ұрпақтары осы аймақта. Мәдени-тарихи
байланыс бар. Тағдырлас халықпыз.

Ал әңгімемізді экономикалық жаққа бұрсақ, Кореяның бизнес
өкілдері Қызылорданың ауыл шаруашылығы саласына көз тігіп отыр. Осында инвестиция
салғысы келеді. Өйткені, аймақ экономикасында аграрлық саланың үлесі басым екен.
Бұл біздің оң жамбасымызға келіп тұр.

***

Виктор ИВАНОВ, Чехия-Қазақстан энергетикалық компа­ниясының
атқарушы директоры:

– Біздің форумға қатысудағы мақсатымыз – Қызылорда облысында
шағын су энергетикасын дамытуды қолға алу. Алдын ала кәсіби мамандармен зерттеу
жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, міндетті түрде шағын су энергетикасын дамыту
керек деген шешімге келдік. Қызылорда облысының су ресурсы, оның энергетикалық потенциалы
өте мол. Қазіргі таңда су – жылдам реттелетін, икемді әрі арзан энергетика көзі.
Бұрын төмен ағыстардан энергия өндіретін технология болмап еді. Бүгінде сапалы құрал-жабдықтар
жасалды, олар АҚШ, Германия, Жапония, Чехия секілді дамыған қырықтан астам елде
пайдаланылып жатыр. Біз енді осы технологияларды алғаш рет Қазақстанда да қолданып
көрмекпіз. Жақын уақытта облыс территориясына кемінде 4 су-электр стансасын құруды
жоспарлап отырмыз. Жасыл энергетика аймақтың сұранысына ие болады деп санаймыз.
Келесі жылы СЭС-тің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлейміз.

Компанияның екінші жобасы – Қызылордада каскадты газ қазандықтарын
шығаратын өндіріс ашу. Қазақстанда газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы
ретте, біздің көмегіміз тиеді деп ойлаймын. 2017 жылы зауыттың құрылысын бастау
жоспарда бар.

 

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз