«АҚНИЕТ» – ҮШ ЖЫЛДА 268 ГРАНТ

67

0

«АҚНИЕТ» – ҮШ ЖЫЛДА 268 ГРАНТҚызылорда қаласында «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» мұнай компаниясы
қаржыландыратын «Ақниет» бағдарламасы аясында 94 қызылордалыққа грант
куәліктері табыс етілді. Марапаттау рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек
Көшербаев, «ЛУКОЙЛ Оверсиз Сервис Б.В.» компаниясының Қазақстандағы филиалының
директоры Андрей Кириллов және аудан әкімдері қатысты. Салтанатты шарада
2013-2014 жылғы жеңімпаз жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Талпынысы зор болғанымен, қолдың қысқа­лы­ғынан іс бастай алмай жүрген
94 азаматтың бизнес жоспары мақұлданып, 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз
қаржы берілді. «Ақниет» бағдарламасы бойынша пайызсыз әрі қайтарымсыз берілген
қаражатқа Қармақшы, Жалағаш пен Сырдария аудандарының тұрғындары қол жеткізді.
Аймақ басшысы жеңімпаздарды құттықтап, оларға сертификаттар табыстады.

– Облыс халқының 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қайтарымсыз несие –
ауылдық жер­де кәсіп бастауға үлкен көмек. Сондықтан ауылдың әл-ауқатын көтеру
арқылы біз өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарт­пақпыз. Кәсіпкерлер
– елдің тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз, – дей келе, облыс
әкімі Қырымбек Елеуұлы Сыр өңірінде мұнай өндіріп жатқан компанияларды «ЛУКОЙЛ
Оверсиз Сервис Б.В.» компаниясының әлеуметтік жобаларды қаржыландырудағы игі
істерін үлгі етіп, жүзеге асыруға шақырды.

«Ақниеттің» биылғы жеңім­паздарының бірі Қармақшы ауданы Ақай ауылының
тұрғыны Бағдат Бухаев аталған бағдарламаның өмірге келгеніне дән риза. Ол өз
ауылынан дәнекерлеу цехын ашып, жандандыруды мақсат етіп отыр. «Бизнес
жоспарымды облыс әкімінің бастамасымен өмірге келген «Ақниеттің» арқасында іске
асырғалы отырмын. Тұтынушыларымның сұранысын енді толықтай қанағаттандыруға
мүмкіндік туды», – дейді Б.Бухаев.

«Ақниет» бағдарламасының Қызылордада жүзеге асып жатқанына биыл үшінші
жыл. Осыған дейін бағдарлама аясында екі жылда 174 жоба қаржыландырылды. Яғни,
2013 жылы – 77, 2014 жылы 97 азамат грант иесі атанып, өз кәсібін ашқан.
Қазіргі таңда олардың дені халыққа шаштараз, наубайхана, балабақша, жиһаз және
кондитер цехы, дәріханалар, тіс емдеу кабинеттері, балаларды сауықтыру орталығы,
компьютерлік орталық, тігін цехы секілді қажетті қызмет түрлерін көрсетуде.

Сонымен, «Ақниет” үш жылда 268 грант бөліп, тұрғындардың кәсіппен
айналысуына жағдай жасап отыр.

 

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз