“АҚНИЕТТІҢ” ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

155

0

“АҚНИЕТТІҢ” ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫСыр өңірінде «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В” компаниясының жетекшілігімен жүргізілетін «Ақниет” әлеуметтік серіктестік бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Кеше осыған орай облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Аудан әкімдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылған жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, жиылғандарды аталған бағдарламаның екінші кезеңінің басталуымен құттықтады және жобаның маңыздылығына тоқталды. 
– Құрметті жерлестер, өздеріңіз білесіздер, облыс әкімдігінің өтінішіне сәйкес «Лукойл” компаниясы «Ақниет” бағдарламасын аймағымызда жүзеге асыруда. Бұл өте маңызды жоба. Өйткені, ауылдарда кәсіпкерлікпен айналысатын, жұмысын жаңа ғана бастағалы отырған  кәсіпкерлерге қолдау қажет.  Бір миллион теңге қайтарымсыз грант беру арқылы оларға үлкен мүмкіндік берілуде, яғни,  өз жұмысын бастаушы кәсіпкерлерге жасалып отырған қамқорлық.  Құрметті Андрей Прокофьевич, сізге, сіздің компанияңызға біздің өтінішімізді қабылдап, осындай жобаны жүзеге асырып жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін.  Өткен жылы басталған жоба талай жанға, өз кәсібін бастауға ниет еткен тұрғындарға үлкен демеу болғаны сөзсіз. Осы жоба арқылы қаншама жан кәсібін бастап, бүгінде жұмысын жолға қойып алды. Елбасының  басты тапсырмасы елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Бұл орайда барлық мүмкіндіктер қарастырылуда, жеңілдетілген несиелер берілуде. Өткен жылы да биыл да осы мақсатқа кең көлемді қаржы бөлініп отыр. Бізде қаржыдан ешқандай мәселе жоқ, бар мәселе сапалы, жақсы жобаларда болып отыр. Міне, «Ақниет” бағдарламасының бұл орайда маңызы зор.  Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, елде экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз,– деді облыс әкімі.
Айта кету керек, «Ақниет” әлеуметтік серіктестік бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық мәнге ие және ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған үздік жобаларды анықтап, қолдауға, халық шаруашылығы үшін жағдай жасауға, тұрғындардың бастамаларын жүзеге асыруға, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға және іскерлік белсенділікті қолдауға бағытталған. Өткен жылы бағдарлама аясындағы конкурста алты номинация бойынша шамамен 1,5 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Осылардың ішінен 77 жоба жеңімпаз болып танылды. Нәтижесінде, 2013 жылы аймақта 18 шаштараз, 10 тігін шеберханасы, 5 техника жөндейтін сервис орталығы, сонымен бірге жиһаз, кондитерлік цехтар мен дәріханалар, тіс емдеу кабинеттері, балалардың сауықтыру орталықтары, музыкалық мектеп, балабақша және басқа да бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандар ашылды. 
Жиында сөз алған «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.” компаниясының Астана қаласындағы филиалының директоры Андрей Кириллов жиналғандарды бағдарламаның екінші кезеңінің басталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Құрметті жиынға қатысушылар, бүгін баршамыз «Ақниет” бағдарламасының екінші кезеңін, яғни, жаңа кезеңін ашу үшін жиналып отырмыз.   Сондықтан да барлықтарыңызды  құттықтаймын. Бұл жоба аймақтың, аудандардың әлеуметтік-экономикалық өсуіне жол ашпақ. Біз осы жобаның Сыр өңірінде жұмыс жасап жатқанына өте қуаныштымыз. Өткен жылы, яғни, бірінші кезеңінде облыс тұрғындарының бұл бағдарламаға деген ерекше қызығушылығын байқадық және ауыл тұрғындары шын көңілдерімен қолдады. Биыл да қуана қолдайды деген үміттеміз. Жобаға қатысушы талапкерлерге сәттілік тілеймін,– деп Андрей Прокофьевич жылы лебізін жеткізді. 
Жиын барысында сондай-ақ, өткен жылы «Ақниеттің” грантын жеңіп алып, жұмысын жасап жатқан жеңімпаздар да өз қуаныштарымен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді. Мәселен, Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылының тұрғыны Айнұр Тайлыбаева осы жобаның арқасында қаржылай көмекке ие болған жанның бірі. 
– «Ақниет” бағдарламасына қатысып, өз жобамды ұсынып, қаржылай көмекке қол жеткізгендердің бірімін. Яғни, жоба аясында өз шаштаразымды аштым. Бүгінде жұмысым бір ізге түсіп, кәсібімді жүргізіп отырмын. Алдағы уақытта тағы осындай мүмкіндік болып жатса, балабақша ашсам деген ойым бар. Осындай мүмкіндік берген облыс әкіміне, «Лукойл” компаниясына алғысым шексіз,– дейді ол. 
Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінің тұрғыны Ғалия Алдамжарова бағдарламаның арқасында өзі арман еткен тіс емдеу кабинетін ашып, бүгінде өз ауылы ғана емес, жақын ауылдардың тұрғындарына да қызмет көрсетуде. «Бұл жоба талай жанның арманының іске асуына мүмкіндік берген бірден-бір жоба екені белгілі. «Ақниеттің” алғашқы жеңімпазы ретінде жобаны ұйымдастырушыларға көп рахмет айтамын. Алдағы уақыттарда да талай жұмыссыз жанға үміт отын сыйлап, өз кәсібін ашуды қашаннан армандап жүрген адамдарды қуанышқа бөлейді деп сенемін”, –дейді Ғалия ағынан жарылып. 
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жобаның маңыздылығына тағы да тоқтала келіп, жобаға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Айтып өткенімдей, «Ақниет” бағдарламасы өз кәсібін бастаймын деушілерге беріліп отырған үлкен мүмкіндік.   Елбасының бастамасымен, тапсырмасымен елде кіші және орта бизнесті дамытуға жан-жақты жағдайлар жасалуда. Қолымыздан келгенше қолдау көрсетеміз.  Жалағаш, Қармақшы, Сырдария аудандарының әкімшілігімен бірге мамыр айында жобалар талқыланады, аманшылық болса, маусымда грант иелері анықталатын болады. Осы орайда барлық қатысушыларға, талапкерлерге сәттілік тілеймін. Сыр елінде кәсіпкерлікпен айналысушылар саны 8,5 пайыз емес, 40-45 пайызға жетсе, экономикамыз да өркендеп, аймақта тұрақтылық та болады,– деді облыс әкімі. 
Айта кетейік, конкурсқа өтініштер ағымдағы жылдың 10 мамырынан бастап 10 маусымына дейінгі аралықта қабылданады. 
Айнұр БАТТАЛОВА. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз