АҚПАН АЙЫНДАҒЫ ӘКІМДЕР РЕЙТИНГІСІ

60

0

«Саясат-Monitoring» әкімдердің кезекті рейтингін жария етті. Бұл жолы Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев көш бастап тұр.
Алатау баурайындағы шаһар басшысының бірінші орынға көтерілуін Универсиаданың сәтті өтуімен байланыстыратындар көп. Сонымен қатар, Алматы әкімі РФ президенті В.Путиннің ресми сапарын да жақсы ұйымдастырған.
Астана әкімі Әсет Исекешевтің КСК қызметтерін, әлеуметтік мәселелерді жүйелі шешуге деген ұмтылысы оның екінші орынға жайғасуына себепкер болғанға ұқсайды. Әсет Өрентайұлының әлеуметтік желі әлеуметпен ашық сөйлесетінін де ұнатып жатқандар көп.
Ал, респонденттер үздік үштікті түйіндеп тұрған Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың шыны зауытының төңірегіндегі мәселелерді реттегенін баса айтқан. Әкімнің бұл ісі оның аймақ деңгейіндегі ғана іскер тұлға емес, жалпы салмағы, ықпалы бар әкім екенін аңғартты. Сондай-ақ, облыстағы энергия және газдандыру мәселелерін де аймақ басшысы оңтайлы шешіп отырғаны есепке алыныпты.
Рейтинг бойынша төртінші орында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұр. Өңірдегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік байланысты шешуде көзге түскен Бердібек Мәшбекұлының еңбегін Елбасы да Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткені белгілі.
Көшбасшылар легін бесінші орында тұрған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұйықтап тұр. Сұралғандар өңірде ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өткен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз