АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРМЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАНДАНА ТҮСЕДІ

60

0

Бүгін, яғни, 1 шілдеден бастап елімізде міндетті әлеу­меттік сақтандыру жүйесі өз жұмысын бас­тайды. Осы орайда өңір­лік коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ төрайымы Елена Бахму­това мен облыстық ден­саулық сақтау басқар­ма­сының басшысы Ақмарал Әлназарова аймақта ат­қарылған жұмыстарды саралады.

Акционерлік қоғам басшысының айтуынша, елімізде қор жұмысын жасақтау үшін шамамен 8,5 млрд теңге қажет. Қоғам шоты Ұлттық банкте болады және қаржы тек медициналық қызметтерге жұмсалады. Қор қаржыны бақылайды, қажет болған жағдайда тексеріс жүргізе алады.

– Осы жылдың 1 шілдесінен бастап енетін Заң талаптарына орай, жұмыс берушілер қызметкерлер үшін жалақының 1% мөлшерінде аударым төлейтін болады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап оларға мемлекет қосылады. Ал, 2019 жылдан жалдамалы жұмысшылар да бұл жарнаны төлеуді бастайды, – деді Е.Бахмутова.

Жалпы, МӘМС  жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы ынтымақтастық қағидаларына негізделген. Мемлекет халықтың осал топтарына, жұмыс берушілер – жалдамалы қызметкерлеріне, ал жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – өздеріне жарна төлейтін болады. Осылайша, бірлескен жауапкершілік негізінде қаражаттарды тиімді бөлу қағидасы іске асырылады.

Аймақта міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды түсіндіру жұмыстары облыс басшысы бекіткен жоспар бойынша жүргізіліп, бүгінде оның бірінші кезеңі аяқталды. Облыс көлеміндегі барлық медициналық ұйымда кездесу өткізіліп, ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Әлназарова екінші кезең бойынша да облыстық, қалалық және аудандық штаб мүшелері тұрғындар арасында түсіндірме жасап жатқанын және бұл жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді. Бүгінге дейін аймақтағы 736 247 тұрғынның мәліметі жиналып, 156 096 отбасына ақпараттық парақша таратылған.

А.сәрсенбайқызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз