АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ ҮЙЛЕР ЖОЙЫЛДЫ

227

0

Соңғы жылдары қала құшағы алып құрылыс алаңына айналды. Тұрғын үй салу бойынша көш бастадық. Өңірде бой көтерген жаңа нысандар аймақ ажарын айқындай түсті. Күні кеше облыста апатты үйлер мәселесі толығымен шешілді. Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағындағы көпқабатты үйлер пайдалануға беріліп, 305 отбасы қоныс тойын тойлады. Қуанышпен бөлісуге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, тұрғындарға баспана кілтін табыстады.

– 2013 жылы облыста 869 үй апатты жағдайда деп танылған. Қазір көңілді күпті еткен мәселе шешімін тапты. Соңғы жылдардағы толайым табыстың бірі ретінде тұрғын үй құрылысының қарқын алуын айтуға болады. Мысалы, 2004 жылы облыс бойынша 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш қазір 5 есеге өскен. 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Еңселі Елордаға қарап бой түзеп келеміз. Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бірінші шағын ауданның іргетасы қаланды. Осының барлығы – құрыш қолды құрылысшылар еңбегінің, халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағының, Елбасының сарабдал саясатының арқасы, – деді аймақ басшысы.

Тұрғын үйге қол жеткізген Роза Ізтілеуова жаһанды жайлаған дағдарысқа қарамастан, облыста маңызды салаларға басымдық берілгенін атап өтті. 20 жыл бойы апатты үйде тұрған тұрғын кешегі арман, бүгін ақиқатқа айналғанын жеткізді. Баспаналы болуға мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылып отырғанын да тілге тиек етті.

Айта кетейік, соңғы 4 жылда аймақтағы құрылыс көлемі – 3,5 есеге, облыс орталығында 8 есеге ұлғайған. Жыл басынан бері 61 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүруде, бүгінгі күні олардың 23-і пайдалануға беріліпті. Қалған 38-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз