АРАЛДА БАЛЫҚШЫЛАР СЛЕТІ ӨТТІ

55

0

АРАЛДА БАЛЫҚШЫЛАР СЛЕТІ ӨТТІӨткен сенбіде Қамбаш көлінде Арал өңірі балықшыларының І слеті өтті.
Теңіз қойнауынан су маржанын сүзген балықшы қауымның мерекесі бүгінгідей жоғары деңгейде соңғы рет мұнан тура жарты
ғасыр бұрын тойланған екен. Енді араға ұзақ уақыт салып көпшілікпен

қайта қауышты.

Слетке облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев және балық шаруашылығымен айналысатын ғалымдар келді. Сонымен қатар облыс аудандарынан балықшылықты тіршілікөзегіне айналдырған кәсіп иелері қатысты.

Слетке жиналғандар әуелі қаз-қатар қойылған көрме, құнды жәдігерлермен таныс­ты. Әсіресе Арал аудандық тарихи-өлкетану музейінің балықшылар музейі бөлімшесі дайындаған дала қосы қызықталды. Төбесі жаңа орылған бау пішенмен жабылған, қоржын там түріндегі жертөлеөткен дәуірдегі балықшылар өмірін елестетті. Қабырғаға сүйеулі тұрған ағаш сапты сүймен, қабадан, зәкір, жертөле жанындағы ат шана, түйе шана, шығыр, үй ішіндегі кеменің, қайықтың құрал-жабдықтары, май шам, маяк шам, қол шам, құтқару кеудешесі асау толқынмен алысқан баяғы балықшылар өмірінің хабаршысындай сезілді. Аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Айбек Есмағанбетов аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың балықшылар музейінеБутаковтың экспедициясы желісімен әзірленіп, 1850 жылы Лондонда басып шығарылған Арал теңізінің алғашқы картасын, сол тұста Санкт-Петербургта дайындалған энциклопедиядан теңіз картасы туралы мәліметті сыйға тартқанын жеткізді.

Телегей айдын беті желмен жарыс­қан алуан үлгідегі моторлы қайықтар,
катермен толықты. Тол­қынды қақ жарған су көліктері теңіз перзенттерінің
шоқтығын асыра түсті. Жағалауда сап түзеген теңізші формасындағы қыз-жігіттер
ел ертеңінің сенімді қолда екенін паш еткендей.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған ел ағалары аудан өнерпаздары
бейнелеген театрландырылған көрі­ністі
қызыға тамашалады. Бір ғажабы, көріністегі көл бетінде жеңіл сырғыған қайық
үстінен ау қараған қажырлы жігіттердің
еңбегі еш кетпеді. Лағылдай жарқыраған шүпірлеген балық қайық бетіне ақтарыла
төгілгенде соғылған шапалақ үнінен атырап жаңғырықты. Іле-шала теңіз мұзбалағы Нар ағаның, мемлекеттік
сыйлықтың иегері Нарғали Демеуовтің жарқын бейнесі сомдалғанда көпшілікті ерекше толқыныс сезімі биледі.
«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген осы шығар.

Жиналған қауымды өңір балық­шыларының І слетінің ашылуымен құттықтаған
аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Сыр бойының өзінің ақ күріші, төскейді
толтырған төрт түлігімен қоса теңіз маржаны балығымен шартарапқа танылғанын,
сонау қиын-қыстауда Лениннің хаты бойынша ашаршылыққа ұшыраған Поволжье
тұрғындарына қол ұшын созып 14 вагон балық жіберген Пірекеш Дүйсенов бастаған
бөгендік балықшылар есімдерінің тарихта жазылып қалғанын айтып өтті.

Жетпісінші жылдары тартыла бастаған теңіз жағалауындағы жұрт
атамекеннен ауа көшуге мәжбүр болды. Бұл олқылықтың орнын Елбасының
бастамасымен қолға алынған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік
Арал теңізін сақтау» (САРАТС) жобасын толтырды.

– Балық шаруашылығын қарқынды дамыту үшін, біз Қызылорда облысында
балық шарушылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған Жол картасын
қабылдадық. Жол картасын қабылдаудағы негізгі мақсатымыз – балық аулау
көлемінің табиғи өсуін қамтамасыз етумен қатар, тауарлы балық шаруашылықтарды
дамыту, балық өңдеу зауыттарын заманауи технологиялармен жабдықтау және салаға
инвестиция тарту болып табылады. Бүгінгі өткізіліп отырған балықшылар слеті
еңбек адамдарына деген қолдау. Олардың жаздың ыстығына, қыстың суығына
қарамастан жасап жүрген жұмыстарын дәріптеу, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Қазір Елбасының тікелей тапсырмасымен САРАТС-тың екін­ші кезеңін жүзеге
асыру үшін құжаттарын әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Жобаның құны – 23,2
млрд теңге. Бүгінде Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банктің қаражаты есебінен
жобаны іске асыру бойынша келіссөздер жүр­гізілуде. Сөзінің соңында аймақ
басшысы слетке қатысушыларға Аралдың даңқын асқақтатқан классик жазушы
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің сәлемін жеткізді.

Мұнан соң ҚР Ауыл шаруашылығы
вице-министрі Ерлан Нысанбаев, қоғам қайраткері, балық шаруашылығы министрі
қызметін атқарған белгілі азамат Құдайберген Саржанов көпшілікке жылы ықыласын
білдірді. Еңбек озаттары марапатталды. Сақиналанған Арал қаязын суға жіберу
рәсімі болды. Өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Осылайша Аралда балықшылар тойы
дүркіреп өтті.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз