АРАЛДЫҢ АҚ АЛТЫНЫ

45

0

АРАЛДЫҢ АҚ АЛТЫНЫСонау жетпісінші-сексенінші жылдары даму сатысының шырқау биігіне көтерілген «Аралсульфат” аталған кен орны нарықтық экономикаға бетбұрыс басталған 1993 жылы «Аралтұз” акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Сол жылы 7 млн 891 мың теңгенің тауарлы өнімі шығарылып,
575 мың тонна тұз өндірілсе, оның 400 мың тоннадан астамы тұтынушыларға жөнелтілген.

Кеңестік кезеңде жылына650 мың тоннаға дейін тұз қазуды қамтамасыз етіп, тамақ өнеркәсібі саласы бойынша Одақтың ауыспалы «Қызыл туын» елу мәртеден астам жеңіп алған комбинатқа Одақтың тарауы экономикалық байланыстарда кедергі келтіріп, «Аралтұздың” адымын аштырмады. Өнім өндіру жүз мың тоннаға дейін азайып кетіп, тек ғасырлар тоғысында ғана жағдай біршама қалыпқа түскен. Нарықтың қатал заңы талай құрылымның тірлігін тұралатып жатқанда, «Аралтұз” акционерлік қоғамы қиындық құрсауына шыдас беріп, тұз өндірушілердің еңбекқорлығы мен табандылығы оларды атакәсіптерінен тайдыра алмады. Осылайша ауыр жылдарды артта қалдырған «Аралтұздың” тынысы ашылып, бүгінде аяғына нық тұрған. Тұзшылар қауымы өздерінің сапалы тауар шығаратындарын мақтан тұтады.

2012 жылы жаңа инвестор келуіне байланысты кен орнында игілікті жұмыстар жүзеге асырылды. Әсіресе, 2013 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. «Аралтұз” акционерлік қоғамы өз қаражаты есебінен жаңа цех салды. Оған испан өндірісінің заманауи технологиялары сатып алынып, жаңартылған желі тамыз айында іске қосылды. Бұл өз кезегінде 125 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, тұз қалталау цехы да барынша жаңартылып, ондағы Санкт-Петербург қаласынан шығарылған бес «Питпак” автоматы өнім көлемін арттыруға себін тигізді. Аталған қос цехта 300 тоннаға дейін бірінші сортты ас тұзы өндіріледі десек, жаз айларында ол 500 тоннаға дейін жетіп жығылады екен. Жаңа цехта бір келілік пакеттегі ас тұзы, ал ескісінде сонымен бірге он, отыз, елу келілік қаптардағы ас және техникалық тұздар шығарылуда. Тағы бір өнім – бір тонналық техникалық тұз өз тұтынушыларына жөнелтілуде.

Өндірісті дамытудың жоспарына сәйкес маркетингтік зерттеулер нәтижесінде мал азығына қажетті брикеттелген тұз өндіру қолға алынды. Жөндеуден өткізілген ескі қоймаға қойылған төрт станоктан ауысым кестесіне сәйкес тәулігіне қырық тонна, ал айына мың тоннаға дейін өнім өндіру жоспарланған. Брикет бөлімшесінде қырықтан астам адам жұмыс жасайды. Сондай-ақ 100, 200 және 250 грамм құтыға жоғары сортты өте майда тұз қалталайтын құрылым да іске қосылыпты. Бұл цехтан
да он бес жаңа жұмыс орны ашылыпты. Үстіміздегі жылы полимер цехының жұмысы да
толық іске қосылады деп күтілуде.

Кәсіпорын жаңа технологиямен қайта жарақтандырылғаннан кейін өнімнің
сапасы айтарлықтай артып, қазіргі таңда мынадай ассортименттермен шығарылуда.
Алдымен тағамға арналған (ұнтақтығы №1) өнімге тоқталсақ, полиэтилен пакеттерге
бір келіден қалталанған йодталған ас тұзы. Оның пленкаға отыз келіден,
колипропилен қапшықтарға жиырма екі келіден оралған түрлері, сондай-ақ
полиэтиленнен астары бар полипропилен қаптарға он, отыз және елу келіден
қапталған түрлері де бар. Ал техникалық мақсаттарға арналған (ұнтақтығы №2)
өнімдер жабық вагонға бос тиелетін, алпыс килограмдық қаптармен және бір тонналық
жұмсақ контейнермен жіберілетін тұз болып бөлінеді екен.

Тұз Арал қаласынан шығысқа қарай он шақырымнан астам жердегі отыз бес
шақырымға созылып жатқан «Жақсықылыш” қыратының етегіне жағалай орын тепкен
«Оңтүстік” және «Солтүстік” көлдерден өндіріліп келсе, бұл іс қазіргі таңда
«Оңтүстік” кеніште ғана жүргізіліп, 250 мың тонна тұз қазылып келген болатын.
Кәсіпорынның тұз өндіру көлемін биыл 350 мың, 2016 жылдан бастап 400 мың
тоннаға дейін ұлғайту жөніндегі өтінішіне орай облыстың кең таралған пайдалы қазбаларды
барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі
сарапшылық комиссияның рұқсаты беріліпті. Осыған орай акционерлік қоғамның
келісімімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын
дамытуға келісім-шартта белгіленген жыл сайынғы бес млн теңге, өндіріс
көлемінің ұлғаюына байланысты биыл қырық пайызға немесе жеті млн, келер жылы
алпыс пайызға не сегіз млн теңгеге ұлғайтуға келісілген. Сондай-ақ кәсіпорынға
«Солтүстік” кеніштен ас тұзын өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы
табысталып, келісім-шарт жасалыпты.

Кәсіпорын енді кальцийлендірілген сода шығару жобасын іске асыруды
жоспарлауда. Еліміздің Инвестициялар және даму министрлігінің Жер қойнауын
пайдалану құқығын табыстау туралы комиссия шешіміне сәйкес «Аралтұз”
акционерлік қоғамы «Жақсықылыш”, «Жақсықылыш-2” және «Жақсықылыш-3” кен
орындарындағы сульфат натрий қатты пайдалы қазбаны барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау бойынша
конкурс жеңімпазы болып танылды. Жоба қуаты жылына 200 мың тонна болса,
инвестиция көлемі 220 млн АҚШ долларын құрайды.

Жобаны іске асыру үшін Харьков қаласындағы НИОХИМ институтын жобалаушы
ретінде тарту көзделуде. Аталған құрылым Кеңес Одағы кезінен кальцийлендірілген
сода шығару өндірісі бойынша жұмыс жасап келе жатқан Ресей, Украина, Белоруссия
және Өзбекстан елдерінде алдыңғы қатарлы инжинирингтік компания болып табылады.
Институтпен өндірісті жобалау үшін алдын ала келісім де алынған.
Кальцийлендірілген сода химиялық өндірісте синтетикалық жуу құралдары және майлы
қышқылдарды өндіруде, т.б. пайдаланылады. Кальцийлендірілген содаға шикізат
ретінде әктас және қосымша пайдаланатын жерасты суы қажет. Әктас шикізатымен
қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты
пайдалануды реттеу басқармасынан, ал сумен қамтамасыз етуде Оңтүстік Қазақстан
«Оңқазжерқойнауы” өңіраралық де­пар­та­ментінен
мәліметтер алынған.

«Аралтұз” акционерлік қоғамында былтырғы 22 желтоқсанда «Техникалық
және ас тұзын өндіру” өндірісін жаңғырту жобасы іске қосылды. Жоба құны 1,5
млрд теңге болғанымен, қажетті жұмыстарды толық аяқтау үшін қосымша 600 млн
теңге қаржы жұмсалуына орай жалпы инвестиция көлемі 2,1 млрд теңгені құрады.
Кәсіпорынға тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтар шығарудан дүние жүзінде
көшбасшы саналатын Испан мемлекетінің «Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.”
компаниясының заманауи құрылғылары алынған.

Атап өту қажет, жаңа зауыт іске қосылғанға дейін кәсіпорын жылына 120
мың тонна тұз өңдеп шығарған десек, оның 80 мың тоннасы ас тұзы да, қалғаны
техникалық тұз. Қазіргі таңда өндіріс қуаттылығы 1,7 есеге ұлғайып, өнім көлемі
213 мың тоннаға жеткен болса, бұның 147 мың тоннасы ас тұзы, 66 мың тоннасы
техникалық тұз. Жоба бойынша 343 жаңа жұмыс орнын құру көзделсе, жалпы алғанда
акционерлік қоғам бойынша барлығы сегіз жүзге жуық жұмыс орны құрылып, оның 95
пайызын жергілікті тұрғындар құрауда.

Тоқсан жылдық тарихы бар «Аралтұз” акционерлік қоғамы бір сөзбен
айтқанда, 5 мыңнан астам халық тұратын тұзшылар ауылының тіршілік көзі болып
қана қоймай, олардың әлеуметтік іс-шараларының бірден-бір қолдаушысы да.
Тұзшылар қауымына табиғаттың берген сыйы қазіргі таңда Ресей және Қырғызстан
мемлекеттері мен еліміздің ішкі нарығында сатылуда.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз