ҚАРАТАУ ҚАЗЫНАСЫ

75

0

Өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырын артқа тастаған Қазақстан мемлекеті үшін  әлемдік бәсекелестікке төтеп беру міндеті тұр. Мұны Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы жыл басындағы халыққа арнаған Жолдауында ашық айтты. Оның алдындағы маңызды бір құжатта: «Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің  белсенді роліне негізделген», деп атап көрсеткені де бар, яғни, әр кезеңнің талабына сай, жұмыс ұйымдастыра білу қажеттігі түсінікті. Бұл заманауи талаптарға сәйкес, батылдық пен ашықтық Сыр өңірінде де жаңа идеялардың жүзеге асуына бастама болуы тиіс деген сөз.
Бұрынғы уақыттарда  негізінен тек ауыл шаруашылығы бағытындағы саламен бірыңғай келе жатқан Қызылорда облысы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың батыл бастамасымен соңғы 3-4 жыл көлемінде металлургия саласына да түрен сала бастады.
Облысымыздың Шиелі ауданы территориясына бас тіреп, созыла құлайтын қарт Қаратаудың соңғы сілемдерінен геологиялық зерттеулерге қарағанда, Сыр өңірінен жалпы әлемде сирек кездесетін ванадий металлын өндіруге мүмкіндік бар екендігі анықталды. Аса қымбат табиғи байлық саналатын ванадий металлының қоспасы арқылы автокөлік және әскери техникаларды жасап шығару барысында оның беріктігі арттырылатындығы бұрыннан дәлелденген. Металлдың осы бір қасиеті арқылы техникалардың салмағы беріктігімен қоса барынша жеңіл тартады. Және де ванадийді қосу арқылы броньды транспортер, бронежилет жасауға да қажеттігі аталған металлға сұраныс артатындығын көрсетеді.
Міне, осы тың саланың шаруасымен Шиеліде «Фирма Балауса» ЖШС мақсатты түрде шұғылданып келеді. Жобалық құны 1 млрд теңге көлеміндегі ванадий металлын автоклавты тәсіл бойынша өндіруді қолға алатын зауытты іске қосу – ұзақ мерзімді жоспарлы іс. Аймақ басшысы аталған өндіріс орнында бірнеше рет болып, оның қарқынды дамуына, яғни, тікелей өнім бере бас¬тауы және алдағы болашақта мұнан да зор жетістіктерге жетіп, көшбасшы кәсіп¬орынға айналуына қамқорлық танытуда.
Геологиялық барлау нәтижесі «Баласауысқандық» кенішінде 69 млн тонна ванадий рудасының қоры бар екендігіне ғылыми тұжырым жа-салынған.  Бұл, әрине, орасан зор байлық. Оны игеру мақсатындағы дайындық жұмыстарында фирмада әзірге екі жүзге тарта астам адам еңбек етіп келе жатса, алдағы уақыттарда олардың саны мұнан еселеп артуы бек мүмкін. Әрине, бұл үшін әуелгі жоспардағы өндірісті сатылап іске қосу тәжірибесі кеңінен өріс алуы тиіс. Кәсіпорын басшылығы, инвестиция салушы әріптестерімен бірлесіп, оның тиімді жолдарын қарастыру үстінде. Алдағы уақытта осы жобаның жүзеге асырылуы аймақтың келешегін кемел етері, жүздеген жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етері түсінікті.
Нақты кезеңде өндіріс орнын қайта жаңғырту, жаңадан жабдықтау жұмыстары жалғастырылуда. Өнеркәсіп саласын жолға қою мақсатында тынбай ізденіс үстіндегі компания 20 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салса, оның соншалықты ел байлығын арттыруға мол үлес қосатындығына жоба авторларының сенімі мол. Осы жоба толық жүзеге асқан кезде мұнда ванадийден өзге оған сабақтас өндірілетін өнімдер – ванадий пятиокисі, феррованадий, алюмованадий, молибденді концентрат, көмір қышқылы секілді өндіріс пен тұрмысқа керекті заттарға қажетті шикізаттар да молынан болады. Демек, осы жерде көптеген сабақтас кәсіпорындар жұмыс істеп, жүздеген аймақ тұрғындар жұмыспен қамтылады деген сөз.
«Фирма Балауса» ЖШС-ның бастамасы расында өзге де кәсіпкерлерге үлгі. Жоғарыда айтқанымыздай, заман талабына сай қалдықсыз өндіріс орнығуы үшін ванадий өндіруден соң, бірнеше сатылы қосымша өнім өндіру цехтары жұмыс жасайтын болады. Мәселен, аккумулятор шығару, темір-бетон бұйымдары, басқа да қажетті заттар. Кәсіпорында қазір жергілікті тұрғындар еңбек етіп келеді. Жерлестерімізді нарықтық қатынас талабына сай жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік жағдайын көтеру Елбасы тапсырмасына сай атқарылып жатқан жұмыстардың бас¬тысы.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз